Сыр бойы Құрылтайы – елдік пен бірліктің бастауы
Міне, көзді ашып-жұмғанша Құрылтай өтті. Осынау дүбірлі мерекелік шараға Қызылорда қаласымен бірге аудандар да қызу дайындық үстінде болды. Құрылтайдан әрбір қазақстандықтардың күтетін үміті – қазіргі әлемдегі цифрландыру және жасанды интелект заманында еліміздегі түйткілді мәселелер қалай шешімін табады, оны шешудің қандай бағыт-бағдарын ұсынғалы жатқанын білу.
Тәуелсіздік алғаннан бергі бесінші Құрылтайдың Қызылорда қаласында өткізілуінің де өзіндік себептері бар деп ойлаймын. Еліміздегі жасалынып жатқан реформаларды жүзеге асырауға бет алған тұста, өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін түбегейлі өзгеріс жасау керектігі бесенеден белгілі. Сонымен бірге қазіргі әлемдегі геосаяси жағдайлардың ушығып, белең алып тұрған кездегі Қазақстанның сыртқы саясаттағы беделін көтеру, ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлардың рөлін айқындау және елімізде саяси реформалар жасау болып табылады.
Әлемдік деңгейдегі күрделі мәселелердің бірі – су тапшылығы. Қазақстан әлемдегі су тапшылығын көретін мемлекеттердің бірі. Соның ішінде Қызылорда облысы Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқандықтан зардап шегетін аймаққа жатады. Арал теңізі әлемдегі ең үлкен ішкі су айдындарының бірі, бір кездері төрт миллион шаршы шақырымның бөлігі болған. Өткен ғасырдың 70-80 жылдардағы Арал теңізі табанының тартылып, кеуіп кетуі салдарынан 90 пайызға кішірейіп, алып су кеңістігінен жансыз шөлге айналды. Теңіздің экологиялық күйреуі бүкіл аймақтың климатына, адам денсаулығына, биоәртүрлілігіне және экономикасына қатты әсер етті.Негізгі мәселенің бірі ретінде Арал теңізін қазіргі қалпын ұстап тұру жолындағы жұмыстарды осы Құрылтайда қаралды.
Бүгінгі таңда жастардың рухын көтеретін, патриоттық сезімін оятатын, елді біріктіретін құрал – төл тарихымызды ұлықтау. Біздің болашаққа ұмтылған жастарымызды шынайы жазылған тарихымызбен сусындатып тәрбиелеуіміз керек. Ендеше, кезекті Құрылтайдың Сыр бойында өткізілуінің де өз алдына сабақтастығының әріден жатқандығын аңғаруымызға болады, ендеше себептерін талдап көрейік.
Біріншіден, өткен тарихқа көз жүгіртетін болсақ, негізі сонау Х-ХІ ғасырлардағы Араб дереккөздері көрсетіп отырғандай, оғыздардың Сырдарияның төменгі, ағысы мен Арал өңірін басып алғанға дейінде оғыз билеушілері әулетінің Жанкент (Жаңа Ғұзия деп аталатын қала) болғаны бәрімізге белгілі. Оның үстіне, Жанкент оғыздардың астанасы болуымен қатар, Орта Азияның ірі егіншілік өңірлерімен, Хорезммен және Мауереннахрмен шектесетін, географиялық жағынан қолайлы жерде орналасқан аймақ. Кезекті Құрылтайдың өтуіне талай елдік пен бірліктің ордасы болған мекеннің облыс аймағында орналасуымен тарихи сабақтасып жатуында болса керек.
Екінші бір себебі, «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» дегендей, Қорқыт бабамыздың жер ұйығын (кіндігін), жер жаннатынан тапқан киелі мекенінің облыс аймағында орналасуы. Құрылтайда Байқоңыр айлағының геостратегиялық және геосаяси маңызды болашағы туралы келелі мәселелер шешімін табады деген ойдамыз.
Үшіншіден, кешегі қазақ хандығы тұсында жоңғарларға қарсы тұру үшін елді бірлікке, ынтымаққа шақырған «Қарақұм » құрылтайының (съезі) –өткен орының болуы. Осы орайда Арал өңірінде 1710 жылы 1726 жылдары өткен «Қаракесек» жиыны мен «Қарақұм» құрылтайының да өткеніне 300 жыл толып отыр.
5 қаңтар 2026 жылы Президентіміз – Қасым-Жомарт Кемелұлы «Түркістан» газетіне «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты берген сұхбатында:«Кез келген елдің, соның ішінде біздің де төл тарихымызда қайшылыққа толы оқиғалар мен ақиқатынан аңызы басым тұлғалар жетіп артылады. Тарихи деректерді бұрмалау, халыққа жасаған еңбегі күмәнді, яғни нақты мәліметтермен немесе құжаттармен дәлелденбеген адамдарды шамадан тыс ұлықтап көрсету –мен үшін мүлде ақылға қонбайтын нәрсе»деп айтқан болатын.
Осыған орай, көп жылдардан бері тарихшылар арасында «Қаракесек» (Қарақұм) жиынының «Қарақұм» құрылтайы туралы алып қашпа әңгімелердің бір арнаға тоғыспай дау туғызуында. «Қаракесек» жиыны – 1710 жылы үш жүз өкiлдерiнiң жоңғар басқыншылығына қарсы күрес ұйымдастыру үшiн құрылған жиын екені орыс жазбаларында кездеседі. Мәселен, ХVІІІ ғасырдың алғашқы онжылдығындағы қазақ хандығының әлеуметтік-саяси жағдайы туралы В.Я.Басиннің жазбасында:«К этому следует добавить угрозу захвата казахских жузов Джунгарским ханством, осовенно усилившуюся в первые десятилетия ХVІІІ в. Джунгарская экспансия сражу же обнаружила хозяйственную, политическую и военную слабость казахских жузов. Джунгары, хотя и ненадолго, сравнительно легко захватили часть Старшего жуза и значительно ослабили связи между остальными владениями казахской степи» деп көрсетеді.
ХVІІІ ғасырдың бірінші онжылдығында жоңғарлардың әскері қазақ жасақтарының әлсіздігін пайдаланып, Ұлы Жүздің жеріне ішкерілей кіріп тез арада басып алуы мен Орта және Кіші жүз басып алу қаупінің үдей түскенін айта кету керек. Жоңғар шапқыншылығы осы кезеңдерде қазақ жүздері арасындағы саяси және әскери әлсіздігін бірден көрсетті. Ұлы жүздің салыстырмалы түрде оңай басып алынуы, олардың Кіші және Орта жүздердің жеке иеліктері арасындағы байланысты айтарлықтай әлсіретті. Яғни, айтқанда қазақ жүздері арасындағы байланысты үзілді.
Жаудан қашқан қазақтар бас сауғалап, қай жерде тыныштық бар мекендерді іздеп босып кетті. Ұсталғаны тұтқынға түсіп, аман қалғандары Бұхараға, Орталық Қазақстан мен Сыр бойының төменгі ағысындағы Арал Қарақұмына шегініп бой тасалады. Осы жерде мекендеген Кіші жүз қазақтары Жоңғарларға қарсы әрекет ету үшін өздерінің ортасынан ақсақалдар, билер, рубасылар, батырлар, сарбаздар жиын өткізуді көздеді. Бұл жиынды өткізетін орынды Арал Қарақұмыны алқабындағы белгіледі. Негізінен мұнда Қаракесек ру-тайпалары мекендейтін, «Қаракесек» жиынының аталу себебі осыдан болған. Осы кезеңде қазақ халқының ру-тайпаларының ішкі бірлігін заңнамалық тұрғыда нығайту керек болды.Қалай болғанда да елді бір орталыққа біріктіретін, ұлан-ғайыр территорияны сақтап қалу үшін жиын өткізу өзінен-өзі сұранып тұрған еді. Құрылтайдың өткізілгені жөнінде Қазақстан энциклопедиясының 10 томында былайша көрсеткен:
«...Бұл бас қосуға ықпал жасаған Тәуке хан болды. Ол қазақ жасақтары мен қазақ руларын басқаруды құрылымдық тұрғыдан қайта ұйымдастырудың жоспарын ұсынды. Қазақтардың қорғаныс қабiлетiн нығайту үшiн сұлтандар билiгiн шектеп, үш жүздi жауапты билер арқылы басқаруға ұмтылды. Жиынға қатысушылардың пiкiрлерi ортақ болған жоқ. Олардың бiр бөлiгi жоңғарларға бодан болуды жөн көрсе, кейбiреулерi аңдысын-аңду пиғылын ұстанды. Дегенмен Бөгенбай Ақшаұлы батыр халықты жоңғарларға қарсы шабуыл жасауға көндiрдi. Бұл басқосуда хандар арасынан жоғарғы қолбасшы сайлау туралы мәселе көтерiлдi. Оған үмiткерлерҚайып сұлтан мен Әбілхайыр хан болды. Жасақтарға Бөкенбай жетекшi болып сайланса, хан билiгi Әбiлқайырға берiлдi».
Осы жерде айта кетуіміз керек, құжаттарда Әбілхайыр хандығына дейін Кіші жүзде «Қаракесек» тайпаларының атауы қолданылып келсе, ХVІІІ ғасырдың басынан бастап Әлім рулық бірлестігінің атауы қолданылып жүр.
Шежіре бойынша былай делінеді: «Алшыннан – Алау батыр. Алау батырдан – Құдияр Тентек. Құдияр Тентектен – Қаракесек болып келеді.
Әлімнен – Жаманақ (Шекті), Қарамашақ (Төртқара), Айнық (Қарасақал), Ұланақ (Қаракесек), Тегінболат (Қарасақал), Тайқожа (Кете). Ал Шөменнен – Шөмекей, Дөйт (ұрпақ жоқ). Осы аталған тайпалар бірлестігі «Қаракесек» атауымен аталып, құрылтай осылай аталды».
Бұл жерде менің ойым, оқырмандарды ру-руға бөлу емес, «Қаракесек» атауының шығу тарихын нақтылау.
Осы жерде айта кетуіміз керек, құжаттарда Әбілхайыр хандығына дейін Кіші жүзде «Қаракесек» тайпаларының атауы қолданылып келсе, ХVІІІ ғасырдың басынан бастап Әлім рулық бірлестігінің атауы қолданылып келеді.
Қазақ хандығының әскері 1711-1712-ші жылдары жоңғар басқыншыларына тойтарыс берумен, оларды хандықтың жер-суынан аластап, шығысқа ығыстырып тастаумен ғана шектелмей, олардың еліне – Жоңғарияға басып кірді. Сәтті жорық жасап, олжалы оралды. Ойраттардың қарымта қайтару мақсатымен 1713 жылы жасаған қарсы шабуылын да жеңіліске ұшыратты. Араға аз уақыт салып, жоңғарлардың қазақ елімен шектесетін ұлыстарын тағы шапты. Содан кейін бірнеше жыл бойы қазақ және жоңғар елдерімен екі арада ұсақ қақтығыстар ғана орын алып тұрды. Біраз уақыт тыныш өтті. Цеван Равдан қонтайшы әзірге қазақ еліне үлкен әскерін бұра қоймады. Бұл 1715 жыл еді. Қазақтарға ішкі жағдайды тұрақтандырып, нығайта түсу мүмкіндігі туды. Еділ-Жайық аралығына, Ырғыз, Тобыл өзендері алқаптарына сол алапат ұрыстан кейін де ұдайы көз алартып, әлсін-әлсін қазақтармен қақтығысып қалуларын доғармай тұрған. Ал оңтүстікте Цеван Равданның жоңғарлары тегеуірінді жорықтарын тоқтата қоймаған еді. Осындай күрделі ахуал салдарынан Әбілқайыр бірнеше бағытта бір мезгілде әрекет ету жолдарын ойлауға мәжбүр болды. Халқы оны түсінді, қолдады. Әр атадан іріктелген жігіттер атқа қонды. Сонда Әбілқайыр хан мен Бөкенбай батыр бас болып, аз уақытта қалмақты Қарақұм алабынан асырды. Жем өзенінен қуды. Жайықтың арғы бетіне дейін тықсырды. Сарысу өзенінің сыртына қашырды.
Әбілқайыр ханның қалыптасқан жағдайға байланысты тастаған ұранына Қайып хан мен Абдолла хан өз үндерін қосты. Табын Бөкенбай батыр бастаған қаһарман сарбаздар қатарына ел ішіндегі Тама Есет батыр, Қошқарұлы Шақшақ Жәнібек, Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай сынды ондаған айтулы батырлар қосылды. Солар бастаған сарбаздар азаттық үшін алысып, дұшпан жасақтарын елден қуып шықты. Жоғалтқан көші-қондық жерлерін, шұрайлы жақсы жайылымдарын қайтарып алды.
XVIII ғасырдың екінші онжылдығында хан Қазан және Сібір губернияларындағы Ресей шекара билігімен тікелей дипломатиялық қарым-қатынас орнатты, ал 1715 және 1718 жылдары ол тәуелді қазақ рулары мен тайпалары мен орыс азаматтары арасындағы қарым-қатынасқа қатысты ең өзекті мәселелер бойынша олармен ресми хат алмасты.
1723 жылдың көктемінде басталған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдарының алғашқы айларында жаудың ортасында отырып та Әбілқайыр жоңғар әскерлерінің жаппай шабуылынан туындаған қатерге қарсы тұрған дала билеушісі болды. Сол жылдың соңына қарай ол қазақ халқының қуатты жауға қарсы қарулы қарсылығын басқарды. 1724 жылдың басында ол ойраттар басып алған Түркістанды азат етіп, жоңғар қолбасшысы Лоузан-Шононы (1732 жылы қайтыс болған) Қаратау жотасына шегінуге мәжбүр етті. Әбілқайыр Түркістан аймағын шамамен бір жыл бойы өз бақылауында ұстады, бірақ 1725 жылдың басында ол сан жағынан басым жау күштерінің қысымымен оны тастап, Бұхара хандығы мен Хиуа хандығы аумағына қоныс аударуға мәжбүр болды, сол жерден сол жылы Сырдария даласына оралады.
«Әбілқайырдың жеке батылдығын, ерекше ұйымдастырушылық қабілетін және әскери еңбегін ескере отырып, қазақ хандары, сұлтандары мен батырлары оны 1726 жылдың қысында Арал Қарақұм шөлінде өткен халық өкілдерінің көп жиналған «Қарақұм» құрылтайында жоңғарларды жаулап алған жерлерінен қуып шығару үшін бүкілқазақ жасақтарының жоғарғы қолбасшысы етіп сайлады».
Қазақ тарихындағы 1723-1725 жылдардағы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдары туралы Қазақстан тарихында былайша жазады:«....Қапыда қалған қазақтар үйлерін, мал-мүйкін тастап босып кетуге мәжбүр болды. Жоңғар феодалдары халықты аямай қырды, Талас, Боралдай, Арыс, Шыршық, Сырдария өзендерінен өткен кезде талай адам өлді. Қазақ рулары Сырдарияның арғы бетінде ғана бас сауғалай аламыз ба деген дәмемен соған қарай шұбырды» деп жазса, сол бетте«...Жоңғар басқыншыларының тегеруінімен Ұлы жүздің рулары және Орта жүздің кейбір рулары Шыршықтың құятын жерінен жоғарырақ тұстан Сырдариядан өтіп, Ходжентке қарай көшті... Орта жүз руларының көпшілігіСамарқантқа қарай кетті, ал Кіші жүздің кейбір рулары Сауранды айналып өтіп, Хиуа мен Бұхараға бет бұрды» деп жазады.
Сол жылы қазақ хандықтарының Ташкент, Түркістан, Сайрам қалаларын талқандайды. Осы жылдар туралы Бартольд Самарқандтан 7 жыл бойына (1723-1730) адамдардың мүлде кетіп қалғанын жазады.
1725 жылы Арал аймағының Қарақұм өңіріне жоңғарлардан ығысқан қазақтардың Сыр бойының төменгі ағысына қоныс аударып орналасуы, олардың елін, жерін қорғау үшін ұйымдасқаны шындық. Міне, біздің 1926 жылы Ордабасыдағы Құрылтайдың Арал «Қарақұмында» болды деуге келетін сияқты. Себебі, жоғарыда атап көрсеткендей Ташкент, Түркістан, Сайрам жалпы оңтүстік өңір жаудың қолында болғанда, қандай жиын болады?Болмаса, сол жерді басып алған жоңғар тыңшылары оларды біліп қалып алдын-алмай ма, деген заңды сұрақ туындауы керек.Күйрей жеңілген қазақ жасақтары оңтүстіктен батысқа қарай шегінсе, жоңғарлардың басып алған ортасына барып, «құрылтай» өткізуі ақылға қона ма?
Бұл жөнінде тарихшы И.В.Ерофеева өзінің «Аныракайский треугольник» атты кітабында былайша келтіреді: «...В1726 или 1727г.г на одном из традиционных курултаев кочевой знати и народных представителей трех жузов, состоявшемся предположительно в Приаральских Каракумах, казахские ханы, султаны и батыры приняли общее решение организовать единое ополчение против джунгар и избрали хана младшего жуза Абулхайра (1710-1748)г. верховным командующим всех войнских сил казахов»деп жазуы тарихи шындыққа келеді.
Барлық үш жүздің жасақтары 1726 жылы бірлесіп қимылдаған кезден бастап қазақтар басқыншыларға ұйымдасқан түрде тойтарыс берді. Торғай даласының оңтүстік шығыс жағында Бұланты және Бөленті өзендерінің жағасында, кейін «Қалмақ қырылған» деп аталғанҚарасиыр деген жерде қазақ жасақтарының жоңғар феодалдарыменірі шайқасы болды» деп жазады. Қазақ СССР тарихы. Алматы 1982 жыл, 21 бет.
Ойлап қарап отырсақ, бұл жерлер Қарақұммен шектесіп жатыр. Қазіргі күні Қызылорда–Павлодар темір жолының Қызылорда –Ұлытау облыстарының ортасында «Мыңбала» бекеті бар. «Мыңбала» – жоңғар шапқыншылығына қарсы Қарақұм өңірінен жасқталған 15-16 жастағы Сартай батырдың мың қол жасағы.Батырларымыздың жастарды отаншылдыққа,ерлікке тәрбиелегені жас өрендердің жауға қарсы қасқырдың бөрісінің бөлтірігін тәрбиелегені тәрізді, оларды қарауыл қарауға, күзет жасауға, тыңшылық жасауға, атқа еркін міну, әскери қылыштасу, семсерлесу тәрізді өнерін үйретті. Кейіннен олардың арасынан шыңдалып (18-20 жасында) жауға атойлап шығатын қазақтың белгілі батырлары Сартай, Жылқайдар,Жылқаман т.б.батырларымыз тәрбиеленіп шықты.
1727 жылы Әбілқайырдың басшылығымен үш жүздің коалициялық әскери күштері жоңғар әскерлеріне қарсы шешуші шабуыл жасап, төрт жыл ішінде Сарыарқа аумағында Бұланты-Белеуітті өзен аралығында (1727), Шу-Талас өзен аралығында, Қырғыз Алатауының солтүстік етегіне жақын жерде (1729) және Шу-Іле аймағында, Аңырақай шатқалында (1730) негізгі жауын жеңді.
Жоңғар мемлекетіне бағынышты қазақ халқына төніп тұрған қауіпті жойып, Бұланты-Белеуіттідегі жеңіс қазақ тарихындағы жоңғарлармен болған соғыстағы шешуші жеңіске жол ашып беріп, жоңар-қазақ соғысында қазақтардың алдағы жеңістерге жететіне үміт сыйлады.
Орыстар француз басқыншыларға қарсы Бородино шайқасын, Германияға қарсы Москва, Сталинград шайқасын дәріптегенде жер-көкке сыйғызбай жатады. Ал соғыста қазақтардың ерлікпен қорғағаны туралы ауызашпай келдік.
1726 жылғы Бұланты-Білеутті соғысындағы Жеңістің 300 жылдығы туралы, оны республика көлемінде атап өту жөнінде қоғам қайраткері, тарихшыБ.Әбдіғани, профессор С.Өтениязов, өлкетанушы Ә.Сабырбаев, Ү.Қуатовтар тағы басқалары көлемді материалдар жариялап жүр. Бұл тарихи Жеңіс әділеттілігін алады деген ойдамыз.
Төртінші себебі, Кеңес билігі Қазақстанда орнаған жылдардың алғашқы жылдарында 1920-1925 жылдары Қазақ АКСР-інің астанасы болып, қазақ (қырғыз) атауының тарихын қалпына келтіргеніне 100 жыл толғанын тойладық.Қазақ халқының ұлттық мүддесі жолындағы көптеген маңызды мәселелері шешімін тапқан жер.
Тәуелсіздік жылдары Қызылорда облысы(қаласы) өзге өңірлерге қарағанда құлпырып, көркейіп, экономикасы дамыған өңірге айналды. Мемлекет басшысының Түркістан мен Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда ономастикалық мәселерге ден қойған болатын.
Сырда өткен Құрылтай Қазақстанның дамуына даңғыл жол ашатын, келелі кездесулердің басы. Лайым соған аман-есен жетейік!
Болатбек ҚУАТОВ,
«Арал өлкетанушылары» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
Архив саласының үздігі









