Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Елімізде атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері өсе ме

Елімізде атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері өсе ме

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев елімізде тұрмысы төмен отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін өсіру мәселесіне қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.«Қандай әлеуметтік көмектердің көрсетілетіні жөнінде көптен бері айтылып келе жатыр. Ал енді қосымша әлеуметтік көмектер туралы айтып өтейін: ең біріншіден, бәрі табысқа байланысты болады. Қазір біз табысты есептеген кездегі жеңілдіктерді қарастырып жатырмыз. Биылдан бастап жеңілдіктердің төрт түрін алып тастағанымызды білесіздер. Бүгінгі күні мемлекеттік органдармен бірге, әсіресе жеке қожалықтарына, егініне, малына алатын жәрдемақыларына байланысты есептеу жұмыстары жүргізілуде. Жақын арада шешім қабылданады», - дейді министр.
Бердібек Сапарбаев өз сөзінде аз қамтылған отбасыларға қосымша көмек жергілікті билік арқылы көрсетілетінін атап өтті.
«Қазіргі уақытта жергілікті билік тарапынан көрсетілетін көмектің 11 түрі бар. Одан кейінгісі - сол жердегі кәсіпкерлер мен кәсіпорындар арқылы көрсетіледі. Ақпарат құралдарында қазіргі уақытта атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін арттыру мәселесі көтеріліп жүр. Кейбіреулер барлық балаларға 42 мың теңгеден беруіміз керек дейді. Біздің елімізде 3 миллионға жуық бала бар. Егер олардың барлығына 42 мың теңгеден берер болсақ, оған қосымша қазіргі беріліп отырған ақшадан басқа 3,5 триллион қаржы керек», - дейді Бердібек Сапарбаев.
Ведомство басшысы халықтың кәсіп ашуына көмектесу керектігін айтып өтті.
«Он екі мүшесі сау адамдар жұмыс істеуі керек. Ал биліктің міндеті - соған жағдай жасау. Грант пен микронесие сол үшін берілгелі жатыр. Мәселен, бір әйел үйінде отырып, тігін тігіп, тамақтың түр-түрін әзірлей алуы мүмкін. Тігін мәшінесі көп болса, 300-400 мың теңге. Оған көмектесу керек. Тамақ істейтін құрылғылардың да бағасы сондай. Ал атаулы әлеуметтік көмек жөнінде шулар басында болды. Өйткені, әрбір жаңалық енген кезде сұрақ көп болады. Әлеуметтік желідегі ол шулар басылды. Негізгі түсінбеушілік - табысты есептеуде. Әсіресе, малы мен егініне байланысты әңгімелерді білесіздер. Тіпті жиһаз есептеліпті деп жатыр. Жиһазды есептемеу керек. Негізінен біз «үйге барудың керегі жоқ» деп тапсырма бердік. Өйткені, әрбір қала түгілі, ауылдардағы тұрғындар бойынша мәліметтердің бәрі бар. Көп көтерілген сұрақ - тауық, жұмыртқа деген секілді әңгімелер. Олардың бәрін есептелмеуі керек дедік. Алмасы, шиесі, құлпынайы есептелмеуі керек», - дейді Бердібек Сапарбаев.
Министр өз сөзінде отбасының табысын анықтау керектігін атап өтті.
«Біз жергілікті билікке тиісті тапсырма бердік. Кейбіреулер АӘК тағайындау кезінде отбасылардың табысын есептемеу керек дейді. Олай болмайды. Масылдық болмауы тиіс. Табыс міндетті түрде есептеледі. Егер біз қазір табыстың бәрін алып тастайтын болсақ, онда АӘК үшін бөлінгелі отырған 330 млрд теңгеге қосымша 500 млрд теңге керек болады. Ең негізгісі - біз барлық баладан бастап үлкен кісіге дейін еңбек етуге үйретуіміз керек», - дейді Бердібек Сапарбаев.
Айта кетсек, Үкіметтің баспасөз орталығында 160 мың отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғанын мәлім еткен болатын. Оның айтуынша, ол шамамен - 806 мыңдай халық. Берілген талаптарға сай келмегендіктен, 10 мың отбасыға АӘК тағайындалмаған.
reactor.inform.kz
06 мамыр 2019 ж. 797 0