Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Атаулы әлеуметтік көмек 49 мыңдай отбасына тағайындалды

Атаулы әлеуметтік көмек 49 мыңдай отбасына тағайындалды

   2018 жылдың қаңтар айында Қазақстанда 49 мыңдай отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
  «100 нақты қадамда» көрсетілген жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асырыла бастады. Бұл жұмысты сапалы түрде жүзеге асыру үшін соңғы үш жыл бойы министрліктің басшылығы мен жергілікті жерлерде қажетті дайындық жұмыстары жүргізілді. 2017 жылдың төртінші тоқсанынан бастап атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарды уақтылы анықталып, олардың әлеуметтік келісім шарт жасау жұмыстары қолға алынды. Бүгінгі таңда 105 мыңнан астам отбасымен әлеуметтік келісім шарт жасалынды»,-дейді Тамара Дүйсенова.
  Министрдің айтуынша, аз қамтылған отбасылардың көпшілігі ақшалай көмекпен қоса, жұмыспен қамтамасыз етілетін болады.
  «Жергілікті атқарушы органдардың бекіткен кестесіне сәйкес, қаңтар айында 49 мыңдай отбасыға жәрдемақы тағайындалады. Атаулы әлеуметтік көмектің одан ары нәтижелі болуы жергілікті атқарушы органдардың тиімді жұмысына байланысты болмақ. Осыған орай, Бақытжан Әбдірұлы, облыс әкімдеріне белгіленген отбасыларды кестеге сәйкес, атаулы әлеуметтік көмекпен қамтуды, жасалған әлеуметтік келісім шарттарды, әсіресе, жұмысқа орналасуға мемлекеттік қолдау көрсету, несие беру, оқытуға жолдау міндеттемелерін қатаң орындауды, сонымен бірге републикалық бюджеттен 19 млрд теңгесін мақсатты түрде жұмсалуын тапсыруыңызды сұраймын. Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау мен әлеуметтік келісім шарттардың орындалу мониторингі автоматты түрде жүргізілетін болады»,-дейді министр.
17 қаңтар 2018 ж. 1 494 0