Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » СТАЛКИНГ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

СТАЛКИНГ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

Мені біреу аңдып жүргендей... Бұл сөз жай үрей емес, күн сайын мыңдаған адам бастан кешіп жүрген қауіптің көрінісі. Адамды аңду, оның жеке өміріне қол сұғу сталкинг деп аталады. Ол – заманауи қоғамда тамырын тереңге жайған, бірақ көп жағдайда еленбей келе жатқан жасырын қылмыс. Бұл – адамның жеке кеңістігін бұзу, қауіп төндіру, психологиялық қысым көрсету. Еуропалық гендерлік институтының мәліметінде дүние жүзіндегі оныншы әйел сталкингке ұшырайды. Ал одан қалай қорғануға болады?
Аңду ма, қорқыту ма?
Сталкинг деген не? Атауы өзгергенімен, бұл ұғым бұрыннан бар. Біреу жүйелі түрде маза бермей телефон соқса, есік аңдып, әлеуметтік желіде ұдайы бақыласа сталкинг саналады. Мұның ішіне қорқытып-үркіту, қоқан-лоқы көрсету секілді психологиялық қысым да бар. Қысқасы, зәбір көрушінің зәресін алып, мазасын кетірудің бәрі осы санатқа жатады.
Байқасаңыз, мұндай оқиға қыз-жігіт болып араласқан жұптарда, ажырасқан отбасыларда көп кездеседі. Екіге кеткенде де бұрынғы әйелінің өмірін бақылағысы келетін азамат сталкинг көрсетеді. Бетін қайтарса да аяқ тартпайтын қаншама жігіт қызды қаратамын деп аңдумен болды. Қоғам мұндай істі «қалыпты қызғаныш», «жастықтың буы» дегенге салды. Кейін көзқарастың салқыны қайғылы оқиғаға ұласқанын көріп жүрміз.
Сталкингті тек ерге тән деп тану дұрыс болмас, дегенмен жәбір көргеннің көбі – әйел.
Сталкинг енді қылмыс саналады
Қазақстанда Қылмыстық кодекске сталкинг ұғымы енгізілді. Енді адамды аңдып, қорқытатындар қылмыстық жазаға тартылады. Адамды аңду, мазасын алу әрекеті үшін заңмен жауапкершілік қарастырылды.
Ендігі қылмыстық кодекске сталкингке қатысты әрекеттерді біріктіретін 115-1-бап енгізілді. Құқық тіліне мазмұндама берсем, мұндағы сталкинг түсінігі мына қадамдарды қамтиды: адамның еркінен тыс байланыс орнату, зорлық-зомбылықпен ұштаспайтын, алайда елеулі зиян келтірген әрекет, адамның ізіне түсу, адамды қудалау 115-1-баппен жазаланады.
Сонымен, кез келген адам өзгенің аңдып жүргенін сезсе, аталған баптар арқылы қауіптің алдын алуға қақысы бар. Құқық қорғаушылардың сөзінше, егер сталкинг жайлы күдік пайда болса, алдымен оны дәлелдейтін айғақ жинаған жөн. Оған екеуара сөйлескен әңгіме, әлеуметтік желідегі жазба, хат алмасу, бейнежазба секілді фактілер кіреді.
Бір дүниені түсінген жөн, мессенджелер арқылы хат алмасудың заңды күші бар. Дәлел ретінде әлеуметтік желідегі әңгіменің суретін (скриншот) ұсынуға болады. Ізіңізге түскен адамның тоқтаусыз қоңырау шалғанын видеоға түсірсеңіз, оны да дәлел ретінде ұсынуыңызға болады.
Қалай қорғанамыз?
Аңду көбіне бірден байқалмайды. Алғашында қызығушылық, көңіл бөлу, тіпті романтикалық қадам ретінде көрінуі мүмкін. Алайда, бір адам үнемі жазса, қайталап қоңырау шалса, әлеуметтік желіден бақылап отырса, сізді көшеден аңдыса – бұл қауіпті сигнал.
Мұндай әрекеттерден өзіңізді ыңғайсыз, қорқып немесе бақылауда жүргендей сезінсеңіз – бұл жай ғана мазасыздық емес, бұл – қысым.
Шекараңызды нақты белгілеңіз. Көп адам қысымды «жай әзіл» деп қабылдап, үндемей өте салады. Бірақ ең алғашқы қадам – бұл адаммен нақты әрі анық сөйлесу. «Мен сізбен байланысқым келмейді», «Хабарласпаңыз», «Кездесуге қарсымын» деп кері қайтаратын сөздер болуы қажет. Бұл сіздің жеке шекараңыз. Ал шекараны бұзу – заңбұзушылық.
Айғақ жинау артық етпейді. Егер сталкинг күшейе түссе, бұл әрекетті дәлелдеу үшін материал жинай бастаңыз: хаттар мен қоңыраулардың скриншоттары, бейнежазбалар (мәселен, сыртынан аңду сәттері), әлеуметтік желідегі жазбалар, куәгерлердің түсініктемесі болғаны дұрыс. Құқық қорғау органдары дәлеліңізге сүйеніп шешім қабылдайды.Сондықтан әрбір қадамды жазып, сақтау – өте маңызды.
Сталкинг – жай мазасыздық емес, бұл – адамның жеке еркіндігіне, қауіпсіздігіне жасалған қасақана қысым. Қазіргі заңнама мұндай әрекетті қылмыс деп танып отыр. Ендігі жерде әр азамат өз шекарасын қорғауға, заңмен бекітілген құқығын талап етуге қақылы. Ең бастысы – үнсіз қалмаңыз. Өзіңізді де, өзгелерді де қорғаудың жолы – әрекет ету.
Қоғам дамыған сайын адамның жеке кеңістігіне, құқығына деген құрмет те күшеюі тиіс. Сталкингтің заңмен танылуы – азаматтық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл – әрқайсымыздың жауапкершілігіміз.
Г. Есенжолова,
Арал АПб ҚҚб ОТЗЗҚКт-ның инспекторы полиция майоры
11 ақпан 2026 ж. 65 0