Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Неке және отбасы: берік отбасының сыры неде?

Неке және отбасы: берік отбасының сыры неде?

Заман дамып, адамның санасы өзгерген сайын, қоғамдағы көзқарастар да, оларға қойылатын критерийлер де көбейеді. Адами құндылықтар, олардың бағалары, жеке жанның психологиясы өзгеріске ұшырайды. Бұл – факт, бұлтартпас шындық. «Адам өзгермейді дегеннің тілін кесем» деген жоқ па еді, хакім Абай?!
Жақында ғана ғаламтор желісінен қызықты статистиканы көрдім. Әлем бойынша әр 13 секунд сайын бір отбасы ажырасады екен. Ал республика бойынша күніне орта есеппен 150 неке бұзылады. UNSTAT мәліметтеріне қарағанда неке коэффициенті бойынша Қазақстан БҰҰ елдері арасында 16 орында тұр. Иран, Ресей, Албания, Тәжікстан мен Мысыр елдерінен кейін орналасқан. Ажырасу коэффициенті бойынша 24 орынға тұрақталыпты. Еуропа елдері ішінде бірінші қатарға Бельгия, Португалия, Венгрия елдері орналасқан. Бұндай статистиканың мәні неде? Неліктен жас отбасылар арасында ажырасу көп? Олардың қалай алдын алуға болады?
Жалпы біздің менталитетімізде отбасы құндылықтарын бірінші орынға қою, оларды сақтау өте маңызды. Ата-баба дәстүрі мен салты бойынша «ажырасу» ұғымы – табу. Яғни, осыдан біраз бұрын ол үлкен күнә, ұят нәрсе ретінде саналған. Гендерлік құқық негізінде ер адам бірінші орында тұрды. Уақыт өте келе әйел адамдар өздерін қамтамасыз ете алды және феминизм қалыптасып, ажырасу саны белең алды.
Ажырасу – қазіргі таңда әлеуметтік мәселеге айналып, тіпті, қалыпты жағдай ретінде қабылдана бастады. Кез келген оқиғаның ушығуы қоғамдағы орта көзқарастың тууына әкелетіні сияқты ажырасу да сондай қалыпқа жетті.
Ажырасу күйзеліс, қайғы, психологиялық ауытқу кезегінде адам өлімінен кейінгі екінші орында тұр. Бұл ауыр әрі қиын, кейде өмірді қысқартатын өмірлік тәжірибе ретінде қарастыруға болатын жағдай.
Ажырасу санының өсуіне әсер ететін бірнеше факторларды атауға болады. Олардың бірі ретінде елдің экономикалық дамуы мен қоғамның әл-ауқатын көрсете аламыз. Екі жастың үлкен өмірге дайындықсыз қадам басуы – ел арасында тараған ең көп пікір. Заманауи ортада әйел адамның құқықтары, жеке көзқарастары әлдеқайда жақсы қалыптасқан. Жылдар бойы күйеуінің айтқанына көніп, оқуды, мансап жолын ұмытқан әйел адамдар үшін қазіргі таңда көп мүмкіндік бар. Олардың эгоцентристік көзқарастары басым түсуде. Жалпы әйел адамның ғана емес, барлық жанның да эго көзқарасы биік. Бұл дұрыс емес деп те ешкім айта алмайды. Себебі басқаша жағынан қарасақ, бір-біріне мінездері, жеке ойлары, өмірлік құндылықтары сәйкес келмейтін екі жанды бірге ұстау мүмкін емес. Көптеген ажырасқан жұптардың сөздеріне сүйенсек ажырасқан соң олар ашу, ыза, айғай-шу, реніш дегендерді мүлдем ұмытқан.
Бұл мәселеде тек қана бір факторды кінәләуға болмайды. Шын мәнінде себеп өте көп. Әр адамның басында жеке қиындықтары болады. Сол себепті елімізде жалпы сауалнама болып, нәтижесінде ажырасудың басты себептері мыналар болған: тұрмыстық зорлық-зомбылық; ер немесе әйел адамның ішімдікке немесе есірткіге салынуы; күйеуінің немесе әйелінің жұмыссыздығы; жұбайлардың өмірге деген жеке көзқарастарының әртүрлілігі; некенің есеппен болуы және сәйкесінше екі жастың бірін-бірі жақсы көрмеуі; көзге шөп салу; материалдық қиындықтар және соңғысы бедеулік.
Бұл ең басты себептер. Бұнымен қатар ата-енемен сыйыспау, туысқандармен жақын араласпау секілді себептерді де айтуға болады. Күйеуінің анасының айтқанынан шықпауы, жеке көзқарасын білдіре алмауы көп жағдайда әйел адамның ашуын туғызады. «Екі жастың арасына есі кеткен түседі» демекші, арадағы жастар мәселесіне араласатын ата-аналар да ажырасудың кеңінен таралған себебі.
Алып қашу салты да ажырасудың бөлек мәселесі. Көп жағдайда таныс емес екі жанның бас қосуы сәтсіз аяқталады. Жігіттің қызды жақын танымай тұрып, сырттай жақсы көріп ұнатуынан алып қашуы – қылмыс есебіне жатқызылғаны дұрыс. Себебі ол өзінің ғана емес, өрімдей жас қыздың, кейде араларындағы балаларының обалына қалуы мүмкін. Бір-бірін танымай, тек бет әлпетінің әдемілігіне қарап тұрмыс құру – әйел адамның мойнына артылған жүк. Ажырасқан күнде көп ер адам отбасын тастап кететіні өтірік емес. Ол тек қана алып қашқан отбасында ғана емес, сонымен қатар ерекше балалы отбасыларда да көп кездеседі. Баланың ерекше болып туылуы, оның еміне қаражаттың табылмауы анасының мойнында болады. Ер адам тез қажып, ана жүректің мейірімділігі ғана балаға қолдау болатыны рас. Соның салдарынан қазіргі таңда балаларын алиментсіз, жалғыз өзі асырап жүрген аналар көп.
Қарым-қатынасты әу бастан дұрыс құрмау да тағы бір себеп. Өзінің жаман қасиеттерін жасырып, барынша сырт көзді алдап, отбасын құрған жандар уақыт өте келе бір-бірінен мезі бола бастайды. Немесе арада мінездің қарама-қайшылығы да орын алады. Психологтардың айтуынша, қазіргі уақытта «отбасы» ұғымына қарағанда «ерлі зайыптылардың одағы» сөзі басым болып бара жатыр. 25 жасқа дейінгі жастар қарым-қатынастың дұрыс жолдарын білмейді. Олардың материалдық қиындықтарға, өзара дұрыс шешім қабылдауға деген сабырлылықтары аз. Сондықтан 25 жастан кейін отбасы құруға кеңес береді.
Отбасының жалпы құндылықтары сақталмаған жерде ол ұзаққа бармайды. Олардың артынан ата-ана махаббатын, жылулықты сезінбеген балалары қалады. Ондай балалар психологиялық, жүйке ауруларына көп ұшырайтын, өмір қиындықтарын екі есе ауыр өткеретін болып келеді. Болашақта олардың да отбасы сондай жағдайға қалуы қаупі бары да рас.
Статистикаға сүйенсек, ажырасқан ер адамдардың қайта некеге тұру мүмкіндігі өте жоғары. Алайда 50% ер адам екінші рет отбасын құрғысы келмейді. Ал әйел адамдар екінші рет қарым-қатынасқа дайын болуы үшін шамамен 10-15 жылдай уақыт керек. Оның өзінде екінші некенің сәтті болатынына нақты кепіл жоқ.
Психологтар осы орайда ерлі-зайыптылардың бұл жағдайдың алдын алуы үшін бірнеше кеңес ұсынады:Біріншіден, қандай жағдай болса да бір-біріңізге ауыр сөздер айтудан аулақ болыңыздар. Ондай сөздер, қылықтар кешірілгенімен ешқашан ұмытылмайды.Барлық мәселелеріңізді ортақ шешімге келіп шешуге тырысыңыз. Бір-біріңізге жүктеп, жауапкершіліктен қашушы болмаңыз. Адам күнделікті жылап-сықтаудың, арыз-шағымның құрбаны болып жатырмын деп ойлаудан тез жалығады, шаршайды.Екі жақты компромиске келуге тырысыңыз.
Отбасы – ортақ шаңырақ. Кейде түсіністік танытатын, жағдайға кіретін, барлығын ой елегінен өткізетін жағдайлар болуы мүмкін. Олардың барлығы отбасыңыз үшін, жақындарыңыз бен балаларыңыз үшін жасалатынын ұмытпаңыз.Егер жұбыңызға деген өкпеңіз болса, үндемей жүре бермей, білдіртіп айтыңыз. Ішіңіздегі ойларыңызды, жартыңыздың бойындағы ұнамайын қасиеттерді, отбасылық ойларыңызды айту – жұбайлық өмірдің мәні. Әңгімесіз болған неке – иллюзия. Себебі некенің өзі ұзақ әңгімелесуден тұрады.
Жалпы ажырасуды мүлдем болдыртпау, оған заң жүзінде тоқтату дұрыс емес әрі мүмкін де емес. Алайда оған саналы түрде тоқтам қою өзіміздің қолымызда. Шын мәнінде ажырасу – сүйікті жандарыңыз үшін өзгеруден бас тарту екенін ұмытпаңыз. Барлық әдеттен арылып, мінезді өзгертуге болады. Ол үшін тек жігеріңіз мықты болсын демекпіз.
ӘЛНИЯЗИНА

11 мамыр 2023 ж. 468 0