Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасы құндылығы – татулық пен бірлікте

Отбасы құндылығы – татулық пен бірлікте

Отбасы – киелі ұғым, ол әрбір адам баласының кішігірім отаны. Отбасы – өмірдің мағынасы, мәні мен сәні. Сондықтан да, қазағымыз қашан да отбасы беріктігі мен шаңырақтың шайқалмауын жоғары қойған.

Бұрынырақта... деп алысқа көз жүгіртпей-ақ қоялық, біздің бала күнімізде ауылда бірлі-жарым ажырасу оқиғаларын көзбен көргеніміз рас, бірақ ол өте бір ұят нәрсе секілді болып көрінетін.
Ал бүгінде ажырасу–қалыпты дүние есебінде қарастырыла беретін болғандай. Соңғы жылдары Қазақстанда ажырасушылар саны едәуір өскен. Елімізде тіркелген әбір үшінші неке бұзылып жатырған көрінеді.
Арал аудандық сотының өзінде жыл басынан бері неке бұзу туралы 26 талап арыз қаралса, соның 18-і қанағаттандырылған, ал 8-і ерлі-зайыптылардың татуласуларына байланысты өндірістен тоқтатылған.
Тәжірибемнен байқағаным, некені бұзуға арызданатындардың көбісі жастар және 80-90 пайызының кәмелет жасқа толмаған бір немесе бірнеше балалары бар.  Ажырасушылардың әрқайсысы әрқалай себептерді алға тартады. Бірі күйеуін кінәләса, енді бірі әйелін кінәләйді. Жараса алмадық, мінезіміз үйлеспеді дейтіндер де бар. Енді бірі күйеуім ішеді, жұмыс істемейді дейді.
Соттасудың оңай болып кеткені соншалық, тіпті күйеуімнің көзін қорқытып алайын деп едім,-деп ажырасу арызын беретіндердер де кездеседі.
Некені бұзу туралы азаматтық істі қараған кезде судьяның алдында тұрған міндет ерлі-зайыптыларды ажырату емес, керісінше татуластыруға, бір сөзбен айтқанда заңды некені сақтап қалуға негізделеді. Ерлі-зайыптыларға ашу-үстінде асығыс шешім қабылдамасы үшін заң аясында ойлануға мерзім беріледі. Райынан қайтпауға бел буып келген кейбір жандарға судьяның шеберлігі мен парасаттылығының арқасында бейбіт шешімге келіп, табысып кеткендері де жоқ емес.
Осы орайда, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының бастамасымен «Отбасылық сот» жобасы қолға алынып, облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда жүзеге асырылып келеді.
Пилоттық жобаның мақсаты – отбасы құндылықтарын сақтау, отбасылық дауларды мейлінше татуластыру рәсімдерін қолдана отырып бітімгершілікпен шешу, балалардың толыққанды отбасында тәрбиеленуіне ықпал ету.
Шетелде кәмелеттік жасқа толмағандар мен отбасына қатысты барлық мәселе отбасылық сот арқылы шешімін табады екен. Онда отбасы орталықтары құрылып, некенің бұзылар алдында тараптар бітімге шақырылып, лекциялар курсын тыңдайды, психологпен кездеседі. Жұбайлар ортақ нақты мәмілеге келмейінше, сот шешім шығармайды екен.
Отбасын құру – ойланып жасайтын қадам. Дана халқымыздың «Үйлену оңай, үй болу қиын» дейтіні де сондықтан болар.

С. БЕРТАЙ,
Арал аудандық сотының судьясы
20 мамыр 2021 ж. 1 751 0