Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тату отбасы- жетістіктің кепілі

Тату отбасы- жетістіктің кепілі

Халқымыз ежелден «Отан-отбасынан басталады» деп шаңырақтағы шаттыққа, жарымен жарасым табуға, жасыл құрақтай жайқалған ұл-қызына тәлім-тәрбие беруге, ағайын-туғанның арасында сыйластық орнауына айрықша мән беріп, отбасы құндылықтарын сақтап келген. Жалпы, қазағымыз қашан да отбасы беріктігі мен шаңырақтың шайқалмауын жоғары қойған. Босағаның берік, керегенің кең, шаңырақтың биік болуын іргелі елдіктің негізі деп ұққан. Ата-бабаларымыз отау құрса, өле-өлгенше бір шаңырақта өмір сүрген. Тіпті ол кездері, болашақ жарын бұрын соңды көрмей, ата-анасы құда түсіп үйлендіретін де болған.
Ал енді, әркім өз қалауымен, сүйген адамына қосылуға толық еркіндік берілген қазіргі қоғамда ажырасушылар қатары жыл өткен сайын көбейген үстіне көбейіп барады.
Шындығында, соңғы жылдары Қазақстанда ажырасушылар саны едәуір өскен.
Статистикалық мәліметке сәйкес, Арал аудандық сотында 2019 жылы неке бұзу туралы 169 талап арыз қаралса, соның 105-і қанағаттандырылған, ал 44-і ерлі-зайыптылардың татуласуларына байланысты өндірістен тоқтатылған.
Тәжірибемнен байқағаным, некені бұзуға арызданатындардың көбісі жастар және 80-90 пайызының кәмелет жасқа толмаған бір немесе бірнеше балалары бар.  Ажырасушылардың әрқайсысы әрқалай себептерді алға тартады. Бірі күйеуін кінәлі деп санаса, енді бірі әйелін кінәлі деп есептейді. Жараса алмадық, мінезіміз үйлеспеді дейтіндер де бар. Енді бірі күйеуім ішеді, жұмыс істемейді дейді.
Некені бұзу туралы азаматтық істі қараған кезде судьяның алдында тұрған міндет ерлі-зайыптыларды ажырату емес, керісінше татуластыруға, бір сөзбен айтқанда заңды некені сақтап қалуға негізделеді. Істі қараған судьямен жұбайларды татуластыру үшін оларға дауды Азаматтық процестік кодексінде көзделген татуластыру рәсімдері арқылы шешу құқықтары мен оның салдары түсіндіріледі, райларынан қайтпаса ерлі-зайыптыларға ашу-үстінде асығыс шешім қабылдамас үшін заң аясында ойлануға мерзім беріледі. Осы уақыттарда татуласып кеткендер де жоқ емес. Ал, мүлдем райынан қайтпауға бел буып келгендердің некесін бұзудан басқа амалы қалмайды.
Бұрын қазақта ажырасамыз деушілерді ел-жұрт болып бұл мәселені салмақтап, кем-кетікті түзеп отырған. Тәжірибесі аз жастарға ақыл қосып, жас шаңырақты сақтап қалған.
Осы бағытта елімізде қоғамдағы даукестіктің деңгейін төмендетіп және дауларды келісім арқылы тиімді шешу шараларын жолға қою бағытында түрлі шаралар жүргізіліп келеді. Арнайы медиация туралы Заң қабылданды. Азаматтық процестік кодексіне татуластыру рәсімдері туралы арнайы тарау енгізілді. Өңірлерден Билер кеңестері құрылды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының бастамасымен «Татуласу: сотқа дейін, сотта», «Отбасылық сот» сынды пилоттық жобалар іске асырылды.  
Бұл бағыттағы жұмыстар нәтижесіз емес, әйтсе де соған қарамастан отбасылық даулардың әулет үлкендерімен емес, сот арқылы шешілетіні өкінішті-ақ.
Арал аудандық сотының
судьясы Г.Нұрымбетова
25 ақпан 2020 ж. 837 0