Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Зорлық-зомбылық қоғамға жат болуы керек

Зорлық-зомбылық қоғамға жат болуы керек

Ел өміріндегі өзекті мәселелердің бірі – отбасылық зорлық-зомбылық. Тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғам үшін өзекті мәселеге айналды. Біздің заманауи дамыған қоғамда тұратынымызға қарамастан, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары өте жиі кездеседі. Жасыратыны жоқ, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа нәзік жанжылар көбірек ұшырайды.
Отбасы құндылықтары қазіргі қоғамда әлеуметтік-тұрмыстық өмірдің көлеңкесінде қалып, адамдар руханияттан гөрі материалдық қажеттілікті қамтамасыз етуге күш салып жатыр. Бұдан біз кезінде айтылған «Сананы тұрмыс билейді» қағидаты әлі күнге өзектілігін жоймағанын байқаймыз. Қазіргі қоғамдағы отбасылық кикілжіңнің басым бөлігі тұрмыстық жетіспеушіліктің салдарынан туындауда.
Қазіргідей дамыған заманда тіршілік тірегі–әйел теңдігін,табиғатынан қамқорлықты қажет ететін нәзік жандылардың құқығын қорғау қай қоғамда болсын басты мәселе болып саналады. Соған қарамастан әйелдер қауымының 40-60 пайызы отбасында, сонымен қатар, кездейсоқ жағдайындағы озбырлыққа ұшырайды.Әйелдерге қарсы жасалатын қылмыстардың басты себептері: сезікті мен зәбір көрушінің бірігіп спирттік ішімдікті асыра ішуі, маскүнемдік әсерінен өзара ұрыс-керіс, жанжалдың шығуы, тұрмыс қиыншылықтарын дұрыс түсініп, бірігіп шешім табу жолын білмеу, ер мен әйел арасындағы бірін-бірі жек көрушілік сезімнің басым болуы, зәбір көрушінің сезіктіге заттай тәуелді болуы, әйелдердің өз құқығын дұрыс білмеуі, тұрмыс тіршілігінің төмен болуы.
Сарапшылардың айтуы бойынша, еліміздегі әрбір үшінші әйел психологиялық зорлық-зомбылыққа, әрбір жетіншісі-физикалық, әрбір тоғызыншысы–экономикалық және әрбір оныншысы-сексуалдық зорлық- зомбылыққа ұшырайды. Күйеуінен зорлық-зомбылық көрген әйелдер көбіне жұрттан ұялып, ол жайтты жасырып қалады. Шағым түсіруге күйеуім қысымды күшейтеді деп қорқады да, көп жайт отбасының айналасында қалып қояды.
Бүгінгі таңда қоғамда психологиялық ахуал тұрақсыз болғандықтан, үнемі күйзелістің үстінде жүретін әйелдер көп. Ал, олардың барлығының бірдей ақылы психологтың кеңесін алуға мүмкіндігі бола бермейді. Осындай салдармен күреспегеннен кейін әйелдер тарапынан қылмыстар орын алады. Отағасы күн сайын арақ ішіп келіп, әйелін ұрып, бала-шағасының берекесін қашыра берсе, біраз уақыт жаны ауырып, күйзелісте жүрген, отбасындағы күйеуі немесе басқа да жақындары тарапынан қысым көрген әйел қылмыс жасауы мүмкін. әйел не кетіп тынады, не қылмыс жасайды.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық пен балаларға қатысты зорлық-зомбылық арасында тығыз байланыс бар. Тұрмыстық зорлық-зомбылық мінез-құлықтың бір түрі болғандықтан, мұндай оқиғалардың ауырлығы мен жиілігі артуы мүмкін, бұл балалардың өздері құрбан болу ықтималдығын арттырады. Бейкүнә балаға қатыгездік жасау–тек психикалық ауруға ұшырағандардың ісі. Балаға зорлық-зомбылық таныту отбасылық жағдайларда жиі кездеседі. Бұған себеп – ата-ананың ұрыс-керісі, ішімдік, есірткінің зардаптары. Зорлық-зомбылық көрген баланың бойын үрей билейтіні анық. Бала–еліміздің жарқын болашағы. Мұндай қатыгездіктердің алдын алып, балалардың өмірін қорғауымыз керек.
Зорлық-зомбылық құқықта «Бір адамның екінші бір адамға, оның жеке басына тиіспеушілік құқығын бұзатын тәни және психикалық ықпал жасауы» делінген. Тән азабын шектірген зорлық – адамның ағзасына тікелей әсер ету, ұрып-соғу, денесіне зақым келтіру болса, жан азабын шектірген зорлық – жәбірленушінің қарсылық көрсетуіне, өз құқықтары мен мүдделерін қорғауына деген ерік жігерін жасыту үшін қорқыту, адамның психикасына әсер ету. Жан азабын шектірген зорлық жүйке ауруына немесе тіпті жан ауруына ұшыратуы мүмкін. Адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті әдіс қолданылып жасалған қылмыстар «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің» тиісті баптарына сәйкес жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар болып табылады.Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Көбінесе адамдар бұл туралы ашық айтпайды – онысы бекер. Қазақстан Республикасының Конституциясында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар деп анық жазылған.
Құқық қорғау органдарында оған қарсы күрес жүргізетін арнайы бөлімдер жұмыс істейді. Қалыпты өмір ырғағын бұзатын жағымсыз әрекеттерге заңмен тосқауыл қойылатынын әркімнің білуі маңызды.
Еразаматтарымызға: отбасының ұйытқысы, берекесі, қамқоршысы–әйел затын аялайық дегіміз келеді. Ал, әйел азаматшаларға айтарымыз, сіздер,бұдан да жақсы өмір сүруге, бақытты ана, сүйікті жар болуға лайықтысыздар. Егер, құқықтық психологиялық көмекті қажет етсеңіздер, қамығып, іштен тынбай, құқық қорғау органдарының көмегіне жүгініңіздер.
Г.СМАҒҰЛОВА,
Жақсықылыш кенті әкімі аппаратының жетекші маманы

Фото:  halyqline.kz
25 сәуір 2024 ж. 293 0