Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмайық

Тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмайық

Өмір болған соң, шыны-аяқ сылдырламайтын отбасы жоққа тән. Мұндайды қазақы менталитет жұртқа дабыра қылмай, отбасы-ошақ қасындағыны сыртқа шығармайтын.
Қазір отбасындағы кикілжіңнің құқық қорғау қызметкерлерінің көмегінсіз шешілетіні кемде-кем.Тұрмыстағы зорлық-зомбылықты болдырмау мақсатында 2009 жылы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заң қолданысқа енді.
Аталған заң мемлекеттiк органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, ұйымдардың және Қазақстан Республикасы азаматтарының тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы жөнiндегi қызметiнiң құқықтық, экономикалық, әлеуметтiк және ұйымдастырушылық негiздерiн айқындайды.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңда, тұрмыстық зорлық-зомбылық - отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында бiр адамның басқаға (басқаларға) қатысты дене зардабын және (немесе) психикалық зардап келтiретiн немесе келтiру қаупi бар құқыққа қарсы қасақана әрекетi (iс-әрекетi немесе әрекетсiздiгi) - деп көрсетілген.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 10 тарауындағы 73 бапта Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттерге байланысты құқық бұзушылықтар бойынша жеке адамдардың жауаптылықтары көрсетілген.
Жыл басынан аудандық сотта 382 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралса, соның ішінде 53 әкімшілік істі отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттерге байланысты әкімшілік құқық бұзушылықтар құрайды.
Мысалыға айтар болсақ, аудан тұрғыны М. деген азамат бұрын отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы іс-әрекеттері үшін әкімшілік жазаға тартылған адам бола тұра, 2023 жылдың мамыр айының 2-сі күні өз үйінде масаң күйінде отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға себепсізден-себепсіз тиісіп, әйелінің мазасын алып, балағат сөздер айтып, сыйламаушылық көрсеткен.
Аталған іс сотта қаралып, құқық бұзушының кінәсі толық дәлелденіп, Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 73 бабының 2 бөлігімен кінәлі деп танылып, 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Осындай отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлардың салдарынан шаңырақ шайқалып, некенің бұзылуына түрткі болатыны анық. «Әйел — ана, еркек — пана» деген нақыл текке айтылмаса керек.
Сондықтан осыны ескеріп, отбасы берекесін кетірмеуді ойлаған абзал.
М. ЖИЕНБАЕВ,
Арал аудандық сотының жетекші маманы,

15 маусым 2023 ж. 291 0