Құқық бұзушылық жасағандар жазасыз қалмайды

Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі заңдар келесі міндеттерді көздейді: шұғыл түрде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу; жәбірленушіге қауіпсіздік жағдайларын жасау; жәбірленушіге көмек түрлерін көрсету (ақпараттық, құқықтық, психологиялық және т.б.) және құқық бұзушыға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдану.
Қолданыстағы заңнама бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік көзделген. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 10- тарауындағы 73-бапта отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттерге байланысты құқық бұзушылықтар бойынша жеке адамдардың жауаптылықтары көрсетілген. Нақтырақ айтқанда, құқық бұзушымен отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға сыйламаушылық көрсетiлiп, былапыт сөйлеу, қорлап тиiсу, кемсiту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдiру және олардың тыныштығын бұзатын, жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге де тұрғынжайда жасалған басқа да әрекеттер, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса осы баппен жауапкершілікке тартылады. Осы баптың ескертпесіне сәйкес, отбасы-тұрмыстық қатынастар деп ерлi-зайыптылар, бұрынғы ерлi-зайыптылар, бiрге тұратын немесе бiрге тұрған адамдар, жақын туыстар, ортақ баласы (балалары) бар адамдар арасындағы қатынастар түсiнiледi.
Статистикалық мәлімет бойыша, ӘҚБтК-нің 73-бабымен яғни, отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттерге байланысты аудандық сотта 2018 жылдың 12 айында 203 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралып, 60 адамға әкімшілік шара көрілген, ал 143 адамға қатысты іс құқық бұзушының жәбірленушімен татуласуына байланысты тоқтатылған.
Мысал келтірсек, қала тұрғыны У.Н. деген азамат бұрын отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы іс-әрекеттері үшін әкімшілік жазаға тартылған адам бола тұра, өткен жылдың қараша айының 2 –сі күні масаң күйінде үйіне келіп, айқай-шу шығарып, анасына балағат сөздер айтып, сыйламаушылық көрсеткен. Аталған іс сотта қаралып, құқық бұзушының кінәсі толық дәлелденіп, Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 73-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Сол секілді, азаматша Б. үйіне алкогольдік ішімдік ішкен масаң күйінде келіп, әкесімен жанжалдасып, ар-намысына тиетін балағат сөздер айтқан. Жәбірленуші сотта қызының өзіне үнемі балағат сөздер айтатынын, сондықтан оған кешірім бермейтінін, тиісті шара қолдануды сұрайтынын көрсеткен. Сот қаулысымен құқық бұзушы ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 2 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалған.
Отбасы-мемлекеттің негізгі буыны. Отбасы болашақ ұрпақ бойына адамзаттық құндылықтарды және ұлттық рухани байлықты сіңіретін тәрбие ошағы. Сондықтан, әр адамзат адам баласының түп қазығы, алтын ұясы ол – отбасы екенін толық сезінуі қажет деп есептейміз.
Б.Икина,
Арал аудандық сотының
бас маманы-сот мәжілісінің хатшысы.