Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасындағы жылылыққа ештеңе жетпейді

Отбасындағы жылылыққа ештеңе жетпейді

Бүгінгі күні қоғамымызда отбасына қатысты дау-дамайлар жетерлік. Көп жағдайларда мұндай даудың өрбуі тұрмыстағы зорлық-зомбылық салдарынан орын алады. Осы саладағы заңдылықты нығайту бойынша кейінгі жылдар ішінде елімізде заңнамалық және практикалық шаралар қолға алынды. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заң қабылданды. Бұл заң зорлық-зомбылық құрбандарын қорғауды және отбасылық жанжалшыларға қатысты қылмыстық-процестік мәжбүрлеуді қамтамасыз ету мүмкіндіктерін едәуір кеңейтті.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңда, тұрмыстық зорлық-зомбылық - отбасытұрмыстық қатынастар аясында бiр адамның басқаға (басқаларға) қатысты дене зардабын және (немесе) психикалық зардап келтiретiн немесе келтiру қаупi бар құқыққа қарсы қасақана әрекетi (iс-әрекетi немесе әрекетсiздiгi) - деп көрсетілген. Қолданыстағы заңнама бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 10-тарауындағы 73-бапта, отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттерге байланысты, яғни, құқық бұзушымен отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға сыйламаушылық көрсетiлiп, былапыт сөйлеу, қорлап тиiсу, кемсiту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдiру және олардың тыныштығын бұзатын, жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге де тұрғынжайда жасалған басқа да әрекеттерге әкімшілік жауапкершілік көзделген.
ӘҚБтК-нің 73-бабымен аудандық сотта 2018 жылдың 12 айында 203 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралып, 60 адамға әкімшілік шара көрілген, 143 адамға қатысты іс құқық бұзушының жәбірленушімен татуласуына байланысты тоқтатылған. Ал, ағымдағы жылдың осы кезеңінде бұл бап бойынша 78 әкімшілік іс қаралып, 20 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Отбасындағы осындай келеңсіз жайттар шиеленісе келе ерлі-зайыптылардың ажырасуына алып келеді. Әрине, берекесі мен бірлігі жоқ, күндегі айқай-шудан шаршаған әйелдердің көбі ажырасуға мәжбүр болады.
Күнделікті сот тәжірибесінде түрлі тағдырға куә болып жатамыз. Мысалы, жеті жыл бұрын отау көтерген С-мен П-ның тағдырын алайық. Жастар бірін-бірі сүйіп қосылған, тату-тәтті тұрмыс кешкен. Жеті жылда үш перзент дүниеге келген. Алайда, отбасындағы зомбылық тауқыметінен әбден шаршаған әйелі некені бұзу туралы арызбен сотқа жүгініп, ақыр соңында сот шешімімен ажырасып тынды. Сондықтан отбасындағы жылылыққа ештеңе жетпейтінін ескеріп, отбасы берекесін кетірмеуді ойлаған абзал.
Зорлық-зомбылық өз алдына тек жәбірленушілердің құқықтарын бұзып қана қоймай, өскелең ұрпақ үшін теріс үлгі болып келеді. Балалар өз отбасында қандай тәрбие көрсе, әке-шешенің қандай қылықтарын көріп өссе, дәл сондай қалыппен кетеді. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген қанатты сөздердің мәнін ешбір уақытта әрбір ата-ана естен шығармауы керек.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының бастамасымен «Отбасылық сот» жобасы қолға алынып, облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда жүзеге асырылып келеді. Бұл бастаманың басты мақсатыажырасушылар санын азайтып, жанжалдасып жүрген ерлі-зайыптылардың татуласуына септігін тигізу.
Отбасылық сот күрделі тетік, өйткені, бүгінгі отбасылық құқық арнайы білім мен дағдыларды қажет етеді. Отбасы мүшелерімен жұмыс істейтіндіктен, бұл істі қарайтын судьялардың ерекше тәжірибесі болуы керек. Сонымен қатар, отбасылық дауларды қарау барысына психологтар, бітімге келтірушілер сынды мамандар тартылуы қажет.
Шетелде кәмелеттік жасқа толмағандар мен отбасына қатысты барлық мәселе отбасылық сот арқылы шешімін табады екен. Онда отбасы орталықтары құрылып, некенің бұзылар алдында тараптар бітімге шақырылып, лекциялар курсын тыңдайды, психологпен кездеседі. Жұбайлар ортақ нақты мәмілеге келмейінше, сот шешім шығармайды. Сондықтан да «Отбасылық сот» жобасының маңызы зор. Өйткені жоба отбасылық және неке қатынастары саласындағы дауларды қарауды түбегейлі өзгертіп қана қоймай, жанұялық жарасымдылықты сақтауға, дауларды болдырмауға үлесін қоспақ.
Қияш Мамбеталиева,
Арал аудандық сотының бас маманы - сот мәжілісінің хатшысы
10 маусым 2019 ж. 839 0