500 кітап оқыған отбасы
Біз ең алдымен жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазіргі ақпарат тасқыны заманы адамзатты жылдамдыққа үйретті. Қысқа бейне, қысқа мәтін, қысқа ой. Алайда ұлттың рухани тереңдігін сақтап қалатын ең сенімді құрал әлі де өзгерген жоқ – ол кітап. Әсіресе, кітап оқуды дәстүрге айналдырған отбасы – қоғамның ең берік тірегі, ұрпақ тәрбиесінің ең тиімді мектебі.
Отбасындағы кітап – тәрбиенің үнсіз ұстазы.
Бала ең алдымен көргенін қайталайды. Үйде ата-ана телефонға үңілсе, бала да экранға үйір болады. Ал ата-ана кітап ұстаса, бала да кітапқа жақындайды. Сондықтан кітап оқитын отбасы – тәрбие туралы ұзақ ақыл айтпай-ақ, үлгімен тәрбиелейтін шаңырақ екеніне көз жеткізіп келеміз. Себебі баланың ойлау қабілеті, сөздік қоры, эмоциялық интеллекті ең алдымен отбасындағы әңгімеден, кітап оқудан қалыптасатынын айтады.
Мұндай отбасы арамызда да бар. Бірақ өте сирек. Сондай шаңырақтың бірі – Ғабит Ерназаровтың отбасы.
Ғабит ағамыздың айтуынша кітап оқу мамандықты да, қажеттілікті де қажет етпейтін асыл қасиет.
Ғабит Абатұлымен бірге 4 бала тәрбиелеп отырған жары Нұргүл Айтпақова да дәл осы пікірге толықтай келіседі.
– Жолдасым «Қасқыр Sequrity» ЖШС-ның Арал аймағы бойынша аға күзетшісі. Өзім қаладағы №14 мектеп-лицейінде бағдарламашы болып қызмет атқарамын. Бірақ кітап оқу біздің дағдымызға айналған. Осы әдетті де балаларымыздың бойына сіңіріп келеміз. Алдымен ата-ана кітап оқуды өзінен бастау керек. Кітап оқыған әке-шешеден үйренген біз де, өз балаларымызға осылай қайталайық дедік. Басында тәттілер мен ақшалай сыйақы беріп оқыта бастадық. Ал қазір өздері қызығып оқиды. Әр баланың жасына сай кітап алып береміз. Біздің де үйімізде өзіндік кітапханамыз болғанын қалаймыз. Өйткені екеуміз де кітап жинап, оқып өскен отбасыданбыз. Қайын атам Абат Ерназаров үнемі кітап оқып отырушы еді. Сөйлей қалса тұнып тұрған – қазына. Қай тақырыпта да өзіндік айтар ойы бар. Тарих, география, биология,физика пәндерін де жақсы түсіндіретін.
Ал әкем Қайыролла Айтпақов та кітапты сүйген жан болды. ҚазССР энциклопедиясының барлық нөмерін жинаған. Одан бөлек көптеген көркем әдебиет те болды.
Тоқсаныншы жылдардағы қиын кезде шам жарығымен кітапқа үңіліп оқушы едік. Үйде өзіміздің үлкен кітап жинаған шкафымыз болды және әлі күнге дейін сақтаулы тұр. Ол ешқашан көнермейтін, бағасын жоймайтын мұра, – дейді.
Шынымен, жас пен кәрі түгелдей телефонға телмірген заманда кітаптан керегін тауып жүрген жаннан оқуға құштарлықты қалай оятуға болатынын қызыға сұрадық.
Нұргүл Қайыроллақызы:
– Инстаграмда Айнұр Бұлақбай есімді қолданушы бар. Енесіне келіндік қызмет жасап жүрген декреттегі мұғалім. Сондай-ақ 6 баланың анасы. Өзі Сырдың қызы. Жаңақорған ауданының тұрғыны. Сонымен қатар интернет желісі арқылы кітап сатып, оны оқып, қысқаша шолу жасап та жүр. Міне, осының барлығына қалай үлгереді? Неге біз де талаптанып көрмеске деген сауал ойға оралды. Осылайша соңғы 3 жылда жылына 50 кітап оқуым қажет деген мақсат қойдым. Адам баласы қолға алса, бағынбайтын белес жоқ екен. Екі күнде 1 кітап оқуға болатынына көзім жетті, – дейді.
Сонымен қатар «әркім өзіне ыңғайлы, жасына сай кітап оқыса, бара-бара романдар да оқуға дағдыланады» деген оның мектеп жасындағы балалары да білімге құштар. Қаладағы №292 орта мектептің 7 сыныбында оқитын Кәусар Абат 67 балалар кітабын оқып тауыса, 5 сынып оқушысы Сезім – 136, 3 сыныптағы Ақнұр – 160 кітапты оқып тауысқан. Кітап дүкендері мен №292 орта мектебі мен №14 мектеп-лицейі кітапханаларының тұрақты оқырмандары саналатын олар қазақ тіліне тәржімалаған әлем әдебиетінің үздік 100 бестселлерін де оқып жүр. Олар өздері ғана оқып қана қоймай, 14 ақпан – Кітап сыйлау мерекесіне орай достары мен сыныптастарына да сол кітаптарды тарту етіп жүр.
Мұнан бөлек 6 жылдан бері «Балдырған», 3 жыл бойы «Айгөлек» журналдарын үзбей оқып келе жатса, қазіргі уақытта жергілікті «Толқын», облыстық «Сыр бойы», республикалық «Халық» газеттерін де оқып, мерзімдік басылым беттерінде жарияланған жаңалықтармен де сусындап келеді.
Дулат Исабеков, Мұхтар Мағауин, Оралхан Бөкей, Бексұлтан Нұржекеев, Сайын Мұратбеков сынды авторлардың туындыларымен жақын таныс отбасы Жазушылар одағының мүшелері Толыбай Абылаев пен Жұмабай Жақыптың да кітаптарын жоғары бағалайды. Олар кітап арқылы авторлармен де жақын танысуға болады деп санайды.
Иә, байлық – уақытша, атақ – өткінші, ал оқыған ұрпақ – мәңгілік мұра. Кітап оқитын отбасы – жай ғана мәдениетті отбасы емес, ол ойлайтын қоғамның бастауы. Егер әр шаңырақта бір кеш кітапқа арналса, ертең елдің болашағы да бір саты жоғарылайды.
Оңталап ЖОЛДАСОВ










