Бүгін елімізде алғаш рет "Кітап күні" аталып өтеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кітап күні туралы 2023 жылғы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзінде кітап оқудың маңызын ерекше атап өтті.
«Кітапқұмарлық – өте жақсы қасиет. Көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Біз де осы тәжірибені қолдануымыз керек. Ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз қажет. Сонда ғана жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің бұл бастамасы халық тарапынан кең қолдау тапты және елдің мәдени-рухани дамуы үшін маңызды қадам ретінде бағаланды.
Мемлекет басшысы айтқан ұсыныстың негізінде Үкімет 23 сәуірді Ұлттық кітап күні ретінде бекітті. Мереке 2024 жылғы 16 шілдеден бастап ресми түрде қолданысқа енгізілді. Бұл күн ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күнімен сәйкес келеді.
Ұлттық кітап күні – Қазақстанда оқу мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды қадам. Бұл мереке кітап оқуға деген қызығушылықты арттырып, ұлттың зияткерлік әлеуетін нығайтуға септігін тигізеді.
Айта кетейік, 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, Қазақстанда 3 920 көпшілікке қолжетімді кітапхана жұмыс істейді . Бұл мекемелер халықтың білімін арттыру, мәдени мұраны сақтау және тарату бағытында үлкен рөл атқарады.
Кітапханалардың көпшілігі Түркістан облысы (390), Батыс Қазақстан облысы (370), Ақмола облысы (365), Қостанай облысы (350) мен Солтүстік Қазақстан облысы (323), Қарағанды облысы (317), Шығыс Қазақстанда (305) орналасқан. Алматы қаласында 31 кітапхана, Шымкентте 41 кітапхана, Астана қаласында 24 кітапхана орналасқан.
Фото: Нұрболат Нұржаубай