Билік пен халық бірлікте
Тәуелсіздік – тарихтың сыйы. Ал сол сыйды баянды ететін, мемлекеттің іргесін бекітетін ең басты құжат – Конституция. Қазақстан егемендік алған сәттен бастап өзінің құқықтық негізін қалыптастыру жолында күрделі де жауапты кезеңдерді бастан өткерді. Бүгінгі күні ел алдында тағы бір тарихи белес тұр. Конституциялық реформа мен жалпыхалықтық референдум – жай ғана саяси науқан емес, мемлекеттіліктің жаңа сапалық деңгейге көтерілуін айқындайтын тағдырлы шешім.1991 жылы Тәуелсіздік жарияланғаннан кейін Қазақстан үшін ең өзекті міндет – дербес мемлекеттің құқықтық тірегін жасау болды. 1993 жылғы алғашқы Конституция өтпелі кезеңнің тынысын сездірген құжат еді. Алайда уақыт талабына сай 1995 жылы бүкілхалықтық референдум арқылы қазіргі қолданыстағы Конституция қабылданды. Бұл – ел тарихындағы маңызды бетбұрыс болды. Халық өз еркін білдіріп, мемлекеттің даму бағытын айқындады. Дәл осы Негізгі заң Қазақстанды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды.
Содан бері Конституция бірнеше рет толықтырылып, заман талабына икемделіп отырды. 1998, 2007, 2017, 2022 жылдардағы өзгерістер билік тармақтарының арақатынасын қайта қарауға, Парламенттің рөлін арттыруға, азаматтардың құқықтарын кеңейтуге бағытталды. Әсіресе 2022 жылғы конституциялық реформа елдің саяси жүйесін жаңғыртуда айрықша мәнге ие болды. Бұл кезеңде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы алға шығып, саяси модернизацияның жаңа парағы ашылды.
Ал жаңа конституцияның басты ерекшелігі ретінде жобаға 77 баптағы өзгерістер енгізіліп, Конституция мәтінінің шамамен 84 % қайта қаралады деп күтілуде. Конституция жаңа кіріспемен толықтырылады, 11 бөлімге бөлінеді, 104 баптан тұрады. Бұл бұрынғы нұсқадан түбегейлі ерекшеленеді.
Біріншіден, Конституцияға «Халық кеңесі» бөлімі қосылды. Бұл азаматтық қоғамның мүдделерін тікелей білдіретін консультативтік орган болып, заң шығаруға бастама жасау құқығына ие болады. Екіншіден, «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» бөлімі заңды әрі ашық жолмен жаңартудың құқықтық тетігін айқындайды.
Мемлекеттік басқару жүйесі де жаңартылады. Парламент құрылымы реформаланып, екі палаталы жүйеден бір палаталы жүйеге көшеді. Бұл заң шығарушы органның тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Президенттің, Үкіметтің және Парламенттің өкілеттіктері қайта қаралып, қазіргі заманғы басқару талаптарына сәйкестендіріледі.
Сонымен бірге жаңа Конституция жобасы азаматтық құқықтарды нақтылайды. Азаматтық мәселесі бойынша қос азаматтыққа жол жоқ деген норма ұсынылды. «Негізгі құқықтар, бостандықтар және міндеттер» бөлімі халықаралық стандарттарға сай қайта жазылып, адам құқықтарын қорғау күшейтіледі.
Мемлекеттік идеология мен ұлттық мүдде айқындалады. Жаңа Конституцияда Қазақстанның унитарлы мемлекет ретінде тұтастығы, аумақтық тұтастық және ұлттық мүдде ерекше қорғалатыны айқын көрінеді.
Бүгінгі бастама – Конституцияны түбегейлі қайта қарау және оны бүкілхалықтық референдум арқылы қабылдау – тарихи сабақтастықтың заңды жалғасы. Мемлекет басшысы жариялаған референдум – ел болашағын айқындайтын маңызды демократиялық қадам. Жаңа Конституция жобасында мемлекеттік басқару құрылымы, билік тармақтарының өкілеттігі, азаматтардың құқықтары мен міндеттері кең ауқымда қайта қарастырылып отыр.
Конституция – саяси құжат болуымен қатар экономикалық дамудың да іргетасы. Негізгі заңда бекітілген меншік құқығы, кәсіпкерлік еркіндік, әлеуметтік кепілдіктер – инвестициялық ахуалдың тұрақтылығын айқындайтын басты факторлар. Сондықтан Конституциялық реформа экономикадан бөлек қарастырылмайды. Жаңа кезеңде мемлекеттің экономикалық саясаты құқықтық тұрғыдан нақтыланып, әлеуметтік әділеттілік қағидаты күшейтіледі деп күтілуде.
Үкімет өкілдері жаңа реформалар елдің ұзақмерзімді тұрақтылығына қызмет ететінін атап көрсетіп келеді. Экономист-сарапшылар да Негізгі заңдағы өзгерістер инвестициялық сенімді арттыруға, кәсіпкерлікті қорғауға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейтуге мүмкіндік беретінін алға тартады. Себебі айқын әрі әділ құқықтық орта – экономикалық өсімнің басты кепілі.
Ал қоғам пікірі – бұл реформалардың басты өлшемі. Бірқатар азаматтар Конституцияны жаңарту – уақыт талабы, жаһандық өзгерістерге бейімделудің жолы деп есептейді. Олар саяси жүйені жетілдіру экономикалық реформаларға серпін береді деген сенімде. Екінші тарап қоғамдық талқылаудың тереңдігін арттыру қажет екенін, әр баптың мазмұны халыққа толық түсіндірілгені жөн екенін айтады. Бұл да – демократиялық көзқарастың көрінісі. Өйткені референдум – ұлттық диалог алаңы.
Қазақстан тарихында референдум ерекше орын алады. 1995 жылғы бүкілхалықтық дауыс беру мемлекеттің болашақ бағытын айқындаса, бүгінгі референдум сол бағытты жаңа мазмұнмен толықтыруға бағытталған. Барлық шешім елдің саяси мәдениетінің өскенін, азаматтық жауапкершіліктің артқанын білдіреді. Халық тікелей шешім қабылдау арқылы мемлекет дамуына ықпал етеді.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан экономикалық тұрғыдан да, институционалдық тұрғыдан да қалыптасу кезеңінен өтті. Нарықтық экономикаға көшу, шетелдік инвестиция тарту, ұлттық қор құру, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру – барлығы да құқықтық негіздің беріктігіне сүйенді. Конституция осы үдерістердің тұрақтылығын қамтамасыз етті. Ендігі міндет – сол негізді жаңа жаһандық талаптарға сәйкестендіру.
Бүгінгі әлемде экономикалық бәсекелестік күшейіп, геосаяси ахуал құбылмалы сипат алды. Мұндай жағдайда мемлекеттің ішкі тұрақтылығы мен құқықтық айқындығы ерекше маңызға ие. Конституциялық жаңғыру – халықаралық қауымдастыққа да берілетін сигнал. Ол Қазақстанның институционалдық дамуға, құқық үстемдігіне және әділетті қоғам құруға бейілділігін көрсетеді.
Жаңа Конституция қабылданса, елдің саяси құрылымы мен экономикалық саясаты жаңа сапалық деңгейге көтеріледі деген үміт бар. Бірақ кез келген реформа халықтың қолдауымен ғана өміршең. Сондықтан алдағы референдум – әр азаматтың тарихи жауапкершілігі сыналатын сәт.
Тәуелсіздік жылдарындағы Конституция эволюциясы – Қазақстанның кемелдену жолының айғағы. Бүгінгі Конституциялық реформа – сол жолдың жаңа кезеңі. Мемлекет болашағын уақыт талабына бейімдеу, экономикалық өсім мен әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету үшін жасалған маңызды қадам.
15 наурыздағы референдум – елдің болашағына жасалатын ортақ тарихи қадам. Әр азаматтың таңдауы – Конституцияның өміршеңдігі мен мемлекеттің тұрақтылығының кепілі. Жаңа Ата Заң – ел бірлігі мен азаматтардың сенімін нығайтып, Қазақстанның жаңа белеске көтерілуін қамтамасыз ететін басты негіз.
Г.ӘЛНИЯЗИНА










