Заңдылық пен әділдіктің кепілі
Қазақстан Республикасында сот жүйесін жетілдіру бағытындағы реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соның маңызды бағыттарының бірі – кассациялық сатыны дамыту және оның қызметін жетілдіру. Бұл қадам құқық үстемдігін нығайтуға, азаматтардың сот арқылы қорғалу деңгейін арттыруға және сот тәжірибесінің бірізділігін қамтамасыз етуге бағытталған.2025 жылғы 1 шілдеден бастап Астана қаласында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш дербес кассациялық сот өз жұмысын бастады.
Жаңа заңнамалық тәртіпке сәйкес, сот төрелігін жүзеге асырумен бұдан былай жергілікті және кассациялық соттар ғана айналысады. Кассациялық сатыда алдын ала қарау кезеңі алынып тасталды. Енді азаматтар сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхат емес, тікелей кассациялық шағым береді.
Кассациялық соттар «жаппай кассация» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Енді барлық келіп түскен шағымдар іс жүргізуге қабылданып, мәні бойынша кемінде үш судьядан тұратын алқада қаралады. Істерді кассациялық тәртіпте қарау мерзімі алты айдан аспайды.
Жоғарғы Сот жоғары сот органы ретінде сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз етуге баса назар аударатын болады.
Көптеген дамыған мемлекеттерде кассациялық саты сот жүйесінің маңызды элементі болып табылады. Қазақстан да сот жүйесін жетілдіру барысында халықаралық тәжірибені ескеріп келеді. Кассациялық соттың тиімділігі – құқықтық мемлекеттің негізгі көрсеткіштерінің бірі.
Нақтырақ айтқанда, әділдікті қамтамасыз ету: кассациялық соттар сот шешімдерін қосымша тексеру арқылы заңдылық пен әділдікті орнатады. Бұл инстанция сот қателіктерін анықтап, дұрыс емес шешімдерді түзетуге мүмкіндік береді.
Жоғарғы Соттың жүктемесін азайту: бұрын кассациялық шағымдар тікелей жоғарғы сотқа берілсе, енді жаңа кассациялық соттар бұл міндетті өзіне алып, жоғарғы сот тек ең күрделі істерді қарастырады.
Сот шешімдерінің сапасын арттыру: кассациялық соттар сот шешімдерінің сапасын жақсартуға және заңдардың дұрыс әрі біркелкі қолданылуын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Кассациялық соттың дамуы тек заңгерлер үшін емес, бүкіл қоғам үшін маңызды. Себебі әрбір азамат өз құқығы бұзылған жағдайда әділ сот төрелігіне қол жеткізе алатынына сенімді болуы тиіс. Кассациялық саты – осы сенімді қамтамасыз ететін құқықтық кепілдіктердің бірі.
Арал аудандық сотының бас маманы
К.Утепбергенов










