Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кассациялық соттың ерекшелігі

Кассациялық соттың ерекшелігі

Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап Астанада қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш кассациялық сот өз жұмысын бастады.Бұл қадам сот төрелігін одан әрі жетілдіру, құқық қолдану тәжірибесін біріздендіру және азаматтардың әділ сотқа қол жеткізу мүмкіндігін кеңейту мақсатында жүзеге асырылды.Жаңа бастаманың заңдық тәртібіне сәйкес сот төрелігін жүзеге асырумен бұдан былай жергілікті және кассациялық соттар ғана айналысады. Кассациялық сатыда алдын ала қарау кезеңі алынып тасталады. Азаматтар сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхат емес, кассациялық шағым береді.
Кассациялық соттар «жаппай кассация» принципі бойынша жұмыс істей бастады. «Жаппай» кассация, ең алдымен, істі іс жүргізуге қабылдау сатысымен ерекшеленеді.
Енді барлық келіп түскен шағымдар іс жүргізуге қабылданып, мәні бойынша кемінде үш судьядан тұратын алқада қаралады. Істерді кассациялық тәртіпте қарау мерзімі алты айдан аспайды.
Жоғарғы Сот жоғары сот органы ретінде сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз етуге баса назар аударатын болады.
Бұл маңызды оқиға сот жүйесінің дамуындағы жаңа кезеңді білдіреді және мемлекеттің сот төрелігін жүзеге асырудың жоғары стандарттарын қамтамасыз етуге ұмтылысын көрсетеді.
Нақтырақ айтқанда, әділдікті қамтамасыз ету: кассациялық соттар сот шешімдерін қосымша тексеру арқылы заңдылық пен әділдікті орнатады. Бұл инстанция сот қателіктерін анықтап, дұрыс емес шешімдерді түзетуге мүмкіндік береді.
Жоғарғы Соттың жүктемесін азайту: бұрын кассациялық шағымдар тікелей жоғарғы сотқа берілсе, енді жаңа кассациялық соттар бұл міндетті өзіне алып, жоғарғы сот тек ең күрделі істерді қарастырады.
Сот шешімдерінің сапасын арттыру: кассациялық соттар сот шешімдерінің сапасын жақсартуға және заңдардың дұрыс әрі біркелкі қолданылуын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Бұл өзгеріс әділдікті қамтамасыз ету, құқықтық мәдениетті көтеру және азаматтардың қорғалу деңгейін арттыруға бағытталған. Кассациялық соттардың қызметі қоғамның сот билігіне деген сенімін арттыра түсетіні анық.

Г.Нұрымбетова,
Арал аудандық сотының
судьясы
 
08 желтоқсан 2025 ж. 212 0