Елімізде дербес кассациялық соттар жұмысын бастайды

Сот әділдігін жүзеге асыруда сот ісін сатылы жүргізу мәселесі – ең өткір, күрделі әрі өзекті мәселе. Сот төрелігін жүзеге асыру сапасы мен азаматтардың соттарға деген сенім деңгейі әр саты жұмысының тиімділігіне тікелей байланысты.
Осыған орай Мемлекет басшысы 2023 жылы 12 қыркүйекте отандық бизнес өкілдерімен кездесуде дербес кассациялық саты құру мәселесі бойынша заңгерлер және кәсіпкерлер қауымымен консультациялар өткізу қажеттілігін атап өткен болатын. Жоғарғы Соттағы кассациялық сатының үлгісі азаматтардың сұранысын толық қанағаттандырмайтын көрінеді. Азаматтық және қылмыстық істердің тек 5 пайызы ғана кассациялық қайта қарауға жетеді екен.
Жоғарғы Соттың заңгерлермен, ғалымдармен, бизнес-қоғамдастық өкілдерімен және парламент палаталарының депутаттарымен бірлесе талқылау жұмыстарына, соның негізінде елордада (қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша) үш кассациялық сот құру моделіне оң баға берілді.
Кассациялық сот - сот істері мен материалдарын кассациялық сатыдағы сот ретінде қарайды, сот практикасын зерделейді және оны жинақтау қорытындылары бойынша төмен тұрған сот сатыларының сот төрелігін іске асыруы кезінде заңдылықтың сақталу мәселелерін қарайды.
Жаңа бастаманың заңдық тәртібіне сәйкес сот төрелігін жүзеге асырумен бұдан былай жергілікті және кассациялық соттар ғана айналысады. Кассациялық сатыда алдын ала қарау кезеңі алынып тасталады. Азаматтар сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхат емес, кассациялық шағым береді. Сот ісін жүргізудің барлық түрлеріне кассациялық қадағалаудың бірыңғай ережелері енгізілуде.
Әкімшілік істерге ұқсас, қылмыстық және азаматтық істерді кассациялық сатыда қарау мерзімі қисынды мерзімде, бірақ 6 айдан аспайтын мерзімде жүзеге асырылады.
Дербес кассациялық соттардың құрылуына байланысты Жоғарғы Соттың рөлі өзгереді. Оның негізгі мақсаты сот практикасын және сот төрелігін жүзеге асыруда заңдылықты сақтау мәселелерін зерделеу әрі қорыту болмақ.
Жаңашылдықтар мен оң өзгерістеразаматтардың құқықтары мен бостандығының, ұйымдар мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің сотта тиімді қорғалуын қамтамасыз етеді деп сенеміз.
Г.Нұрымбетова,
Арал аудандық сотының
судьясы.