Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кассациялық сот құру – қоғам талабы

Кассациялық сот құру – қоғам талабы

Сот жүйесін жетілдіру, бұл бағыттағы шараларды сапалы жүзеге асыру – заң үстемдігін қамтамасыз етудегі басты басымдықтың бірі. Осыған орай қазіргі кезде Қазақстанда заң үстемдігінің берік орнығуына, сот төрелігінің әділ атқарылуына ерекше маңыз берілуде.
Сот әділдігін жүзеге асыруда сот ісін сатылы жүргізу мәселесі – ең өткір, күрделі әрі өзекті мәселе. Сот төрелігін жүзеге асыру сапасы мен азаматтардың соттарға деген сенім деңгейі әр саты жұмысының тиімділігіне тікелей байланысты.
Осыған орай Мемлекет басшысы 2023 жылы 12 қыркүйекте отандық бизнес өкілдерімен кездесуде дербес кассациялық саты құру мәселесі бойынша заңгерлер және кәсіпкерлер қауымымен консультациялар өткізу қажеттілігін атап өткен болатын. Жоғарғы Соттағы кассациялық сатының үлгісі азаматтардың сұранысын толық қанағаттандырмайтын көрінеді. Азаматтық және қылмыстық істердің тек 5 пайызы ғана кассациялық қайта қарауға жетеді екен.
Жоғарғы Соттың заңгерлермен, ғалымдармен, бизнес-қоғамдастық өкілдерімен және парламент палаталарының депутаттарымен бірлесе талқылау жұмыстарына, соның негізінде елордада (қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша) үш кассациялық сот құру моделіне оң баға берілді.
Жаңа бастаманың заңдық тәртібі айқындалып, елордамызда қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш тәуелсіз кассациялық сот құрылатын болды. Заңнамалық нормаларға сәйкес, сот төрелігін жүзеге асырумен тек жергілікті және кассациялық соттар ғана айналысады. Алдын ала қарау процесі алынып тасталады. Кассациялық сотта істерді қарау мерзімі 6 айдан аспайды. Сот процесі тараптарды шақыра отырып, ауызша жүргізілетін болады Осылайша, Жоғарғы Соттың рөлі өзгереді. Оның мақсаты сот практикасын түсіндіру және біркелкілікті қамтамасыз ету, ал актілерді қарау ерекше жағдайларда ғана болады. Яғни, егер оларды жергілікті және кассациялық соттар сот практикасына қайшы қабылдаса не құқықты дамыту мүддесі үшін.
Бұл өзгеріс "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңда көрініс тауып, кассациялық соттың құрылымы мен құрамы, кассациялық соттың өкілеттіктері, кассациялық сот төрағасы мен судьяларына қойылатын талаптар жайымен толықтырылған. Жаңашылдықтар 2025 жылдың шілдесінен бастап тәжірибеге енгізілетін болады.
Бұл жаңашылдықтар мен оң өзгерістер қоғамның мызғымас тұғырын қамтамасыз етіп, заң мен тәртіптің салтанат құруына сеп болады деп сенеміз.
Камшат Садуақасова,
Арал аудандық сотының төрағасы.
16 қыркүйек 2024 ж. 92 0