Дербес кассациялық сот құру – заман талабы

Халқымыздың біртуар ұлы Әлихан Бөкейханның «Би түзу, билік әділ болсын» деген сөзі осы заңдылықты одан әрі айшықтап тұр. Баба өсиетінің үдесінен шығу жолында тәуелсіз еліміздің сот жүйесінде жаңа бастамалар үздіксіз қолға алынуда.
Сондай жаңашылдықтың бірі – елімізде дербес кассациялық соттарды құру болып табылады.
Бүгінде «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңы 2-1-тараумен толықтырылып, кассациялық сот туралы жаңашыл нормалар енгізілді. Осылайша, жаңа бастаманың заңдық тәртібі айқындалып, елордамызда қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш тәуелсіз кассациялық соттар құрылатын болды. Бұл жаңашылдық 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енбек.
Өзгерістерге байланысты сот төрелігін жүзеге асырумен бұдан былай жергілікті және кассациялық соттар ғана айналысады. Онда істі алдын ала қарау процесі алынып тасталады.
Кассациялық сот - сот істері мен материалдарын кассациялық сатыдағы сот ретінде қарайды, сот практикасын зерделейді және оны жинақтау қорытындылары бойынша төмен тұрған сот сатыларының сот төрелігін іске асыруы кезінде заңдылықтың сақталу мәселелерін қарайды.
Бастама Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кассациялық сотты жасақтау жөніндегі тапсырмасынан соң жүзеге асуда. Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесу барысында азаматтардың құқықтарын сапалы қорғауды қамтамасыз ету үшін дербес кассациялық соттар құрудың маңыздылығын атап өткен болатын.
Жоғарғы Соттағы кассациялық сатының қазіргі үлгісі азаматтардың сұранысын толық қанағаттандырмайтындығы, азаматтық және қылмыстық істердің тек 5 пайызы ғана кассациялық қайта қарауға ұсынылатындығы айтылды.
Расымен де, бүгінге дейін істерді бір судьяның қарап, пайымдауымен алқа қарауына жіберілмей келгені белгілі. Ал заңнамадағы жаңашылдықтар, жұмысын бастағалы отырған үш кассациялық соттың сапалы қызмет етуіне жол ашпақ.
Бірыңғай кассациялық тәртіп заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарап, 6 ай мерзім ішінде істерді мәні бойынша үш судья құрамында қарауды қамтитын болады. Сот процесі тараптарды шақыра отырып, ауызша жүргізілмек.
Дербес кассациялық соттардың құрылуына байланысты Жоғарғы Соттың рөлі өзгереді. Оның негізгі мақсаты сот практикасын және сот төрелігін жүзеге асыруда заңдылықты сақтау мәселелерін зерделеу әрі қорыту болмақ.
Бұл жаңашылдықтар мен оң өзгерістер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың тиімділігін арттырады деп сенеміз.
Руслан Алдамбергенов,
Арал аудандық сотының төрағасы.
Фото: Нұрболат Нұржаубай