Тәуелсіз кассациялық соттар құрылады
Еліміз егеменді ел болып, өз алдына мемлекет болғалы бері өз сот билігін қалыптастырып, осы уақыт ішінде атқарылған істер аз болмай, өз кезеңдерінде заман талабына сай оңды өзгерістер орын алды. Заң үстемдігінің берік орнығуына, сот төрелігінің әділ атқарылуына бағытталған көптеген іргелі реформалар жүргізіліп келеді.
Сондай жаңашылдықтың бірі – елімізде дербес Кассациялық соттарды құру болып табылады.
Бастама Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кассациялық сотты жасақтау жөніндегі тапсырмасынан соң жүзеге асуда. Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесу барысында азаматтардың құқықтарын сапалы қорғауды қамтамасыз ету үшін дербес кассациялық соттар құрудың маңыздылығын атап өткен болатын.
Жоғарғы Соттағы кассациялық сатының қазіргі үлгісі азаматтардың сұранысын толық қанағаттандырмайтындығы, азаматтық және қылмыстық істердің тек 5 пайызы ғана кассациялық қайта қарауға ұсынылатындығы айтылды.
Соған орай, Жоғарғы Соттың заңгерлермен, ғалымдармен, бизнес-қоғамдастық өкілдерімен және парламент палаталарының депутаттарымен бірлесе талқылау жұмыстарына, соның негізінде елордада үш кассациялық сот құру моделіне оң баға берілді.
2024 жылы 5 шілдеде Мемлекет басшысы тәуелсіз кассациялық соттар құруды көздейтін Конституциялық Заңға қол қойды. Осылайша, жаңа бастаманың заңдық тәртібі айқындалып, елордамызда қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш тәуелсіз кассациялық соттар құрылатын болды. Заңнамадағы жаңашылдық 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енбек.
Заңнамалық нормаларға сәйкес, сот төрелігін жүзеге асырумен тек жергілікті және кассациялық соттар ғана айналысады. Сонымен бірге істердің барлық санаттары бойынша арыздарды кассациялық сатыда алдын ала қарау сатысы алынып тасталуы да басты мәселе. Себебі, бүгінге дейін істерді бір судьяның қарап, пайымдауымен алқа қарауына жіберілмей келгені белгілі. Бұл азаматтар мен кәсіпкерлердің заңды ренішін туындатқан еді.
Бірыңғай кассациялық тәртіп заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарап, 6 ай мерзім ішінде істерді мәні бойынша үш судья құрамында қарауды қамтитын болады. Сот процесі тараптарды шақыра отырып, ауызша жүргізілмек. Осылайша, Жоғарғы Соттың рөлі өзгереді. Оның мақсаты сот практикасын түсіндіру және біркелкілікті қамтамасыз ету, ал актілерді қарау ерекше жағдайларда ғана болады. Яғни, егер оларды жергілікті және кассациялық соттар сот практикасына қайшы қабылдаса не құқықты дамыту мүддесі үшін.
Жаңашылдықтар мен оң өзгерістер азаматтардың құқықтары мен бостандығының, ұйымдар мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің сотта тиімді қорғалуын қамтамасыз етеді деп сенеміз.
Б.Керуенбаев,Арал аудандық сотының судьясы