Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кассациялық соттар өз жұмысын бастады

Кассациялық соттар өз жұмысын бастады

Мемлекет басшысы Судьялардың IX съезінде сот төрелігіне қолжетімділікті кеңейтуге, инвестициялар мен бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақ әділеттілік және заң үстемдігі қағидаттарын жүзеге асыруға бағытталған сот реформасының маңыздылығын ерекше атап өткен болатын. Бұл реформаның негізгі элементі кассациялық соттарды енгізу болды.
Жоғарғы Соттағы кассациялық сатының үлгісі азаматтардың сұранысын толық қанағаттандырмады. Азаматтық және қылмыстық істердің тек 5 пайызы ғана кассациялық қайта қарауға жетеді екен.
Осы реформаның аясында елордамызда қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш тәуелсіз кассациялық соттар құрылып, 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап өз жұмысын бастады.
Кассациялық сот - сот істері мен материалдарын кассациялық сатыдағы сот ретінде қарайды, сот практикасын зерделейді және оны жинақтау қорытындылары бойынша төмен тұрған сот сатыларының сот төрелігін іске асыруы кезінде заңдылықтың сақталу мәселелерін қарайды.
Бұл маңызды оқиға сот жүйесінің дамуындағы жаңа кезеңді білдіреді және мемлекеттің сот төрелігін жүзеге асырудың жоғары стандарттарын қамтамасыз етуге ұмтылысын көрсетеді.
Нақтырақ айтқанда, әділдікті қамтамасыз ету: кассациялық соттар сот шешімдерін қосымша тексеру арқылы заңдылық пен әділдікті орнатады. Бұл инстанция сот қателіктерін анықтап, дұрыс емес шешімдерді түзетуге мүмкіндік береді.
Жоғарғы Соттың жүктемесін азайту: бұрын кассациялық шағымдар тікелей жоғарғы сотқа берілсе, енді жаңа кассациялық соттар бұл міндетті өзіне алып, жоғарғы сот тек ең күрделі істерді қарастырады.
Сот шешімдерінің сапасын арттыру: кассациялық соттар сот шешімдерінің сапасын жақсартуға және заңдардың дұрыс әрі біркелкі қолданылуын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Жаңа бастаманың заңдық тәртібіне сәйкес сот төрелігін жүзеге асырумен бұдан былай жергілікті және кассациялық соттар ғана айналысады. Кассациялық соттарда алдын ала қарау сатысы болмайды, азаматтардың кассациялық тәртіпке тікелей қол жеткізу мүмкіндігі болады. Барлық шағымдар сот отырысында шақырылған тараптармен алқалы түрде қаралатын болады.
Осылайша кассациялық соттар еліміздегі «Заң мен тәртіп» іргелі қағидатын бекіте отырып, заң үстемдігін қамтамасыз етудің тиімді буынына айналатынына сеніміміз мол.
Арал аудандық сотының
судьясы Б.Керуенбаев.

Фото: Нұрболат Нұржаубай
18 шілде 2025 ж. 102 0