Топ-баннер
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өшпес өнеге

Өшпес өнеге

Білім беру саласында қызмет еткенім бар, өмірден көрген-түйгенім бар, жас ұрпақ, елдің болашағы туралы әркез ойланамыз. Қазіргі таңда баса назар аударылып отырған тәрбиенің тетігі – адалдық пен еңбекқорлық. Құндылыққа да, қағидаға да сыятын ұғым. Бірақ оны қалыптастырудың тиімді жолы қайсы? Күнделікті үйреткен тиімді ме, ұзақ мерзімді жоспарлау әсерлі ме? Телефонға телмірген баланың жүзін еңбек шуағымен көркем етпектің жолы қайсы?
Жас үйреткеннен гөрі, үлгі еткенге елігеді емес пе? Естігенін емес, көргенін жасайды деген пікір тағы бар. Өнегесін үлгі етуге көз алдына да, көңіл сахнасына да көп тұлға, көп ғұмыр оралатыны анық. Насихат етіп те келеміз.
Арамыздан кеткеніне көп болмаған Әбішев Жұмахан ағамыз туралы ой бөліспекпін. Раббысына қайтқан күні осы кісіні адал, әділ, қарапайым, сабырлы, шыншыл деген сөздермен сипаттамаған адам кемде-кем болды. Жауапкершілігі ауыр ұғымдар.
Еңбекке адалдық
Еңбекқорлық және халыққа қызмет етудің жарқын үлгісіне айналған әкесі Мәнеп Әбішев Арал өңіріне есімі етене таныс, саналы ғұмырын ел басқаруға арнаған жан еді. Анасы Әбішева Ақсары Ханалықызы перзенттерін сол әке жолымен жүруге тәрбиеледі. Осындай ұлағатты ұяда тәрбиеленген Жұмекең №15 қазақ орта мектебін бітірген соң Қазалыдағы ауыл шаруашылық техникумын аяқтайды. Білім жолын Алматыдағы ауыл шаруашылық институтында жалғастырып, 1966 жылы «инженер-механик» дипломымен елге оралады.
1967 жылы Шижаға машина жөндеу шеберханасының меңгерушісі болып келген. Бірақ шеберхананың атауы ғана бар сол кезеңде ауылда осы шеберхананың, алып гараждың салынуына тікелей атсалысқан. Ауылдың сыртында орналасқан мал бордақылау алаңының көп жыл бойы мақсатты жұмыс жасауына өз үлесін қосқан. Ауыл шаруашылығы техникаларының үздіксіз жұмыс жасауын толық қамтамасыз еткен жанар-жағар май станциясы ол уақытта басқа кеңшарларға үлгі болған бастама еді. Кеңшардың алдыңғы қатарлы қызметкері ретінде Германияға барып тәжірибе алмасқан сапары да бар еді.
Жылдың төрт мезгілінде маусымдық, науқандық шаруадан босамайтын Жұмекеңнің отбасынан әке тәрбиесі босаңсығанын байқамаппын. Қайта ол тәрбие еңбек ету бақытын сезінумен өрілгендігі көрініп тұратын. Еңбекқор жастарды көп жұмсап, жанына жинайтынына қызыға қарайтынбыз, қонақ үзілмейтін берекелі отбасының тіршілігіне куә болатынбыз.
Отбасы тірегі
Жұмахан ағаның аталарынан туған он перзенттен тірі қалған бір ұл, бір қыздан тараған ыстық ұяда бала кезден құрмет көріп өскенінен хабардармын. Үлкендері әр баланың келешегі үшін ізгілік дарытқан ерекше сыйластықты орта қалыптастырған. Ал әкеге арнаған құрметті сөзбен емес, іспен үлгі етті, оны көзбен көрдік.
Ел ағасы болған, облыс көлемінде жауапты қызметтер атқарған ағасы Әбдіжәлел Мәнепұлына, оның отбасына сыйластығы көпке үлгі болатындай еді. Қазіргі күні көптің талқысында жүрген әке тәрбиесі, бауырмалдық сезімнің шапағын жастар білсе ғой деген ойға қаламын. Құрмет көріп те, қадірлеп те білуді өз үлгісімен үндемей үйрететін Жөкеңнің қос бірдей анасын тең сыйлағаны – адамгершілігінің айнасы деп таныдық.
Өмірлік жары Толманова Бағымкүл Жарасқызымен отыз жылдан астам білім беру ұйымында бірге жұмыс жасадық. Екеуі аналары Ақсарыны аялап бақты, сол еңбектерінің жемісін өз балалары Еркіннің шаңырағында тең отырып көрген бақытты жандар. Барлық балалары өз мамандықтарының мықты иелері, оң көзқарасты, қоғамның алдыңғы қатарындағы азаматтар.
Қағида құндылығы
Адам алға басқан сайын тәжірибе жинайды, өмір бойы жасаған әрекеті оның ғұмырнамасын сипаттайды. Адамзат тарихындағы сабақтастықтан ешкім асып түсе алмас. Әркім-ақ ұмтылатын адами қасиеттердің көбін бойынан кездестірген тұлғалардан не үйрендік, не үйреттік деген сұрақ мазалайтын уақытқа жетіппіз.
Балаларын кішірейтуге емес, кішіпейілділікке; кемітуге емес, кең болуға; есіруге емес, еркін болуға баулыды. Білімге құштарлық пен еңбекке ұмтылыс, қарапайымдылық пен қайраттылық және қайсарлықтан тұратын мінездің қоспасын мұраға қалдырды.
Сабырлылықтың қаншасы керек – оны қалай қабылдау мен жарату әр перзенттің өз еншісінде. Ең ғажабы – мұның барлығының бір адамның бойында өмірінің соңына дейін тұрақты сақталуы еді. Тұрақтылық әке қанымен, ана сүтімен, өмір қалыптастырған парасаттылық қағидасына адал адамның бойынан сәулеленіп тұрады екен.
Базарбай ТӨРЕАХМЕТОВ,
Арал аудандық мәслихат төрағасы
21 ақпан 2026 ж. 74 0