Облысқа жолдама алған отбасы

Отағасы Жұмабай – кітапты өмірлік серігіне, қаламды жан сырласына айналдырған асыл тұлға. Саналы ғұмырын әдебиетке арнап, талай мақалалар мәйегі мен әңігемелер әлемін, жүректен өрілген жыр жолдарын дүниеге әкелген ізгі жан. Оның әрбір туындысы – өмірдің өз шындығынан сыр шертіп, адамдықтың асыл қасиетін айшықтаған мәуелі мұра. Қаламы қарымды сөз зергерінің жазған жекелеген сөзі жаңа буынға жазылған ғибрат болмақ. Сондықтан болар ол тек шаңырақтың иесі ғана емес, ауданға аты мәлім, сөзі мен ісі қабысқан, көпке үлгі болған қайратты қаламгер, халық сүйіспеншілігіне бөленген ақын.
Ұрпағын жалғаған үш ұл мен екі қыздың анасы Мария 40 жылдық ғұмырын адам денсаулығына, соның ішінде тері ауруларын емдеу ісіне арнап, бүгінде зейнет демалысында немере сүйіп отырған бақытты әже. Өз ісіне адал болған ол талай науқастың дертіне шипа тауып, саулығын қайта сыйлап, ризашылығына бөленді. Білікті мамандық пен адамгершілікті қатар ұстаған Марияның еңбегі әріптестері тарапынан да жоғары бағаланды. Еліне қызмет етіп, ұрпақ тәрбиелеген ананың өмір жолы – кейінгі жас мамандарға өнеге, ал балалары мен немерелері үшін мақтаныш.
Жақып отбасының ұл-қыздары бүгінде әр салада ел игілігіне қызмет етіп жүр. Үлкені – Махмұд, халыққа демеу болып отырған отбасын қолдау орталығында абыройлы қызмет атқарады. Екінші ұлы Айнадин – адал еңбегімен өз кәсібін өркендеткен іскер азамат. Ал үшінші ұлы Мағжан – теміржол саласының жүгін арқалап, елдің қатынасын жалғап жүрген абзал жан. Қыздарының да жолы айшықты: Гүлфайруз – Арал аудандық жедел жәрдем бөлімінде талай жанға өмір сыйлап жүрген мейірімді маман, ал кенжесі Тоғжан – Қызылорданың Қорқыт ата университетінде білімін жетілдіріп жүрген ізденімпаз студент.
Жақып отбасының әрбір мүшесі – елге тірек, қоғамға пайдалы, ата-анаға қуаныш сыйлап жүрген ардақты жандар. Осындай ұрпағы жалғасқан, еңбегі еленген әулет – жас буынға тағылым, баршаға мақтаныш.
46 жылдық шаңырақ – тек отбасы ғана емес, айналасына үлгі, ұрпаққа тәрбие, елге ғибрат. Мұндай әулет – текті дәстүрдің, асыл құндылықтың жалғасы, ертеңгі жас буынға тағылым болар алтын қазына.
Нұрай ӘМІРХАНОВА