Ұрпағымен марқайған, еңбегімен еленген ұстаз
Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие, адамгершілік, адалдық тәрізді ізгі қасиеттерді бойына дарытып, дұрыс бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі өлшеусіз. Сондықтан да ұстаз әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Шындығында мұғалім мамандығы сырттай қарапайым болғанымен, ұлағатты ұстаз мәртебесі кез келген жанның маңдайына бұйыра бермейтін бақ. Осындай білім берудің барлық сатысынан өткен, ұстаздардың ұстазы атанған білікті педагог – Зәмзәм Бұлхайырқызы Айхынова.
Ол педагогтер отбасында дүниеге келді. Мұғалім мамандығын таңдауына әкесі Бұлхайырдың ықпалы зор болған екен. Бұлхайыр аға саналы ғұмырын халыққа білім беру ісіне арнап, бір кездері мектеп директоры қызметін атқарған адал азамат. Анасы Қазмағамбетова Қалампыр апай да химия пәнінің мұғалімі болып абыройлы еңбек еткен. Міне, осындай ата-ана тәлімінен өнеге алған Зәмзәм Бұлхайырқызы 1984 жылы Ақтөбе педагогикалық институтын ойдағыдай тәмамдаған. Содан бері Сексеуіл кентіндегі №177 орта мектебінде шәкірттерге орыс тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беріп келеді.
Шығыс ойшылы Жүсіп Баласағұн: «Адамның мәңгі болмағы оның ары мен елі үшін еткен еңбегінде» дегендей, Зәмзәм апай шәкірттерді тәрбиелеуде бар білім-білігін, қажыр-қайратын аянып қалған емес. Осындай жауапкершілікті мойымай көтеріп, 38 жыл бойы ұлы жолда еңбегімен дараланып келе жатқан ұлағатты мамандық иесі еңбек өтілінің 16 жылында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін де абыройлы атқарды. Жүзінен шуақ, сөздерінен жылылық төгіліп тұратын тәжірибелі мұғалімнің білім саласын жандандыруға қосқан өлшеусіз еңбегі облыс және аудан әкімінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталған. Қаншама шәкірті аудандық, облыстық, республикалық білім сайыстары мен олимпиадаларда топ жарып, ұстаз мерейін асқақтатты. Қаншама түлектерді өмір жолына бағыт-бағдар беріп, баптап ұшырды. Бүгінде олар еліміздің түкпір-түкпірінде әртүрлі салада еңбек етуде.
Тағы бір айта кетерлігі, Зәмзәм апайдың келін болып түскен жері де ұстаздар отбасы. Атасы Сахи Байниязов мектеп директоры болып, халқына қалаулы жан болған.
Әйел адам үшін қызметтік мансаптан басқа дүниеге ұрпақ әкелу, оны тәрбиелеп жеткізу міндет. Міне, осындай жауапты қызметпен қатар аналық парызын өтей білген жан жолдасы Санатбек Байниязов екеуі бес баланы дүниеге әкеліп, өсіріп тәрбиеледі. Санатбек аға Алматы қаласындағы Қазақ қатынас жолдары университетінде білім алған. Еңбек жолын сол Сексеуіл кентіндегі «Пионерлер үйінде» бес жыл директор лауазымын атқарумен бастаған, кейін өз мамандығы бойынша Сексеуіл кентіндегі темір жол станциясында жұмыс жасаған. Өкініштісі, 2002 жылы 41 жасында дүниеден озған. Байниязовтар отбасының отанасы, ақ жаулықты Зәмзәм апай жан жарынан ерте айырылса да, саналы ғұмырын бар байлығы – Мөлдір, Назерке, Ақтілек, Сәулет есімді қыздары мен Нұрперзент есімді ұлын жеткізуге арнады. Қыздары жоғары білім алды, мамандықтары бойынша қызмет жасауда. Жалғыз ұлы Нұрперзент Сексеуіл кентіндегі №177 орта мектептен 11 жыл білім алып, жақсы көрсеткішпен Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы медициналық академияны тәмамдады. Қазіргі таңда "Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының "Жалағаш аудандық ауруханасында" ШЖҚКМК-да терапевт бөлімінің бас дәрігері қызметін атқаруда. Бақытын еңбектен таба білген ұстаз отбасылық өмірде де бақытты.
«Бақытым – мамандығым, байлығым – балаларым, бала тәрбиесі» деп білген білікті педагог, ардақты ана, ақ жаулықты әже Зәмзәм апай ойы биік, жаны таза, кішілік пен кісіліктен жаралған, періште пейілді, тұғыры биік жан. Бүгінде балаларының қызығын көріп, немерелер сүйіп отырған Зәмзәм апайдың ендігі арманы – зейнетке шығып, тәрбиелеп отырған өскелең ұрпағының жақсы өмір сүргенін көру.
Ол білім беру саласында қарапайым мұғалімнен бастап, лауазымды қызмет атқара жүріп, мамандығына деген сүйіспеншілігі, ерекше құрметі бойына қуат, жанына жігер берді. «Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы» дегенді ұстанымына айналдырған ұстаз әрбір оқушының тәртібіне айрықша көңіл бөле білді.
Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин: «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» десе, хакім Абай: «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға, ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген қанатты сөздерді Зәмзәм апай жиі айтады. Себебі өскелең жас буын ұстазға деген құрметті біліп өссе екен дейді ол. Ауыртпалыққа мойымайтын қайсарлығы мен табандылығының арқасында қиындықты жеңе білді, биік белестерді бағындырды. Шәкірттерінің сүйіспеншілігіне бөленген, олардың бойына білім нәрін құйып, өзі де бақытты, өзгелерді де бақытқа жеткізген Зәмзәм апайға ұзақ ғұмыр тілейміз.
«Отан – отбасынан басталады» дегенді ұстаным еткен жанұяда атадан балаға беріліп келе жатқан ұлттық салт-дәстүрлер сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Әсіресе қазақи салт-дәстүр бүгінгі таңда бала тәрбиесінде елеулі орын алатын тәрбие құралы екені белгілі. Зәмзәм апайдың отбасы да осындай өнегелі мұралары арқылы ұрпағын адамгершілікке, отбасы алдындағы жауапкершілікке, рухани байлыққа, өз Отанына деген сүйіспеншілікке баулуда. Шаңырағында береке-бірліктің нышаны, саналы, салиқалы ұрпағы бар, дініміз бен дәстүрімізді әспеттейтін бұл отбасы – мерейлі отбасы.
Венера Аймолдаева,
№177 орта мектебінің
орыс тілі мен әдебиеті пән бірлестік жетекшісі,
Сексеуіл кенті