Шәкірт жүрегіне жол тапқан
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, ел ертеңі болып табылатын ұландардың бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, туралық пен шыншылдықты сіңіріп, оларды тұлғалы азамат етіп қалыптастыруда ұстаздың еңбегі өлшеусіз. Сондай ұстаздың бірі – тамырын тереңге жайған, тоғыз жолдың торабында орналасқан Сексеуіл кентіндегі №231 орта мектебінде 38 жылдық өтілі бар, еңбегі ерен Бақытжан Дүзбайқызы Мыңбаева дер едім. Апайымыздың бейнетінің зейнетін көруіне де аз ғана уақыт қалды.
Бақытжан Мыңбаева 1962 жылы 24 қазан күні Құланды ауылында Социалистік еңбек ері Дүзбай атаның шаңырағында дүниеге келген. Өзінің туған ауылында 10 жылдық білім алып, оқуды тәмамдаған. Арман қуған бойжеткен мұғалім боламын деген ойынан танбай, 1981 жылы Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педагогикалық колледжге «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша түсіп,1984 жылы аяқтаған. Осы уақытқа дейін апайым оқушының білім алуына, өсіп жетілуіне, саналы азамат болуына өз үлесін қосып келеді. Ұстаздық еткен әр күніне қуанады, мақтанады. Осы уақытқа дейін алған марапаттары да жеткілікті. Әр жыл сайын Құрмет грамотасымен марапатталса, оқушылары аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Әр түрлі республикалық сайыстарға қатысып, дипломдармен марапатталды. Өз әріптестеріне әдістемелік көмек көрсетті. Республикалық ғылыми-танымдық журналдарына сабақ жоспарлары мен мақаласы жарияланды.
Бақытын еңбектен таба білген ұстаз отбасылық өмірде де бақытты, адал жар, ардақты ана. Апайымыздың қыздары Гүлсара, Қуандық, Гүлданасы анасының жолын қуып жоғары білім алып, ұстаз мамандығын игерген. Қазіргі таңда қыздары ұстаздық қызмет атқаруда.
«Шәкіртсіз ұстаз тұл» деп айтқандай, ұстаздың өткеніне қарап қуанары бар. Апайымыздың тәлім-тәрбиесін бойларына сіңіріп өскен шәкірттері де баршылық. Қазіргі таңда алдыңғы буын шәкірттері әр салада қызмет атқарып жатса, соңғы буыны мектеп табалдырығында білім алуда. Ол әр кезде өнерлі де өрелі шәкірттерін мақтан етіп отырады. Мұғалім білімді болса, оның шәкірттері де білімді болып шығады. Соның бір айғағы Жаңабаев Медет, Баймағанбетова Әсел, Мыңбаева Әсем «Алтын белгі» иегерлері атанды. Кешегі мектеп оқушылары қазіргі таңда әр салада абыройлы қызмет атқаруда. Атап айтатын болсам, Жаңабаев Медет Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы университеттің оқытушысы болса, Сүлейменова Анаргүл Нұр-Сұлтан қаласындағы №3 ауруханада аға мейірбике қызметін атқарады. Кенжеғараев Махамбет Ақтөбе қаласындағы «Пойыз диспетчері» болса, ал Мыңбаева Әсем Қызылорда облысы бойынша медициналық, фармацевтиканың экономисі. Әсел Баймағанбетова Нұр-Сұлтан қаласында бухгалтерлік менеджер қызметінде. Ал Тілеуов Нұрбек Сексеуіл кентіндегі «Қалует» ЖШС директоры қызметін атқарып келеді. Байжігітова Мөлдір білім нәрімен сусындаған алтын ұя мектебінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып қызмет жасауда. Орынбасов Таңнұр осы мектепте информатика саласында жұмыс атқаруда. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірттері өмір майданында мойымай, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық. Олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген.
Ең алғаш білім ошағының табалдырығын мұғалім болып аттағанымда, құдды бір бірінші сыныптың баласындай, қобалжыған күйде, ешқандай әдіс-тәсілді білмейтін, тәжірибесі жоқ жас маман едім. Міне, осы сәтте маған өзінің өмірлік тәжірибесімен бөліскен, бағыт-бағдар берген, ұстаздық жолда тапжылмай еңбек етіп келе жатқан ұлағатты ұстаз Бақытжан апай болды. Маған "Нағыз шебер болу үшін уақыт пен ыждағатты еңбек, балаға деген сүйіспеншілік керек" деп ақыл айтатын. Апайымның ақыл-кеңесінің бәрін әрдайым жадымда ұстап, саналы ұрпаққа сапалы білім беру жолында еңбек етіп келемін.
Бүгінде Бақытжан апай мектебіміздегі сыйлы, ұлағатты ұстаз. Жан дүниесіне үңіле қарасаңыз, өте байсалды, білімді, терең ойлы. Өзімді осындай тәжірибелі де білікті мұғалімнен тәлім-тәрбие алған ең бақытты ұстазбын деп есептеймін.
Тұрсынай РЫСОВА,
№231 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі,
Сексеуіл кенті