Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстазға алғысым шексіз

Ұстазға алғысым шексіз

Әрбір адамзат баласы дүние есігін ашқаннан бастап ғұмырының соңына дейін өзінің дара жолымен жүреді. Нәресте болып дүниеге келгеннен кейін әуелгі алты жыл бала ата-ананың тәрбиесінде өсіп, сонан соң барып мектеп атты қасиетті орданың табалдырығын аттайды. Оны білім ұясының алдынан жылы шыраймен алғашқы ұстазы күтіп алады. Міне, содан бастап шәкірт атанып, ұстаз берген білім нәрімен сусындайды.Ақырын жүріп анық бас,Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға, – деп қазақтың бас ақыны Абай атамыз тілге тиек еткендей, ұстаздық – ұлы іс. Алғаш қолыңа қалам ұстатып, әріп танытқан, оқу-жазудың қыр-сырын меңгертіп, қыңыр да қисық мінезіңе төзген ұстаздың еңбегі ешқашан ескерусіз қалмауы керек.  Әр оқушының жүрегінде алғашқы ұстазына деген құрметі айрықша қалыптасары анық. Сол секілді мен де алғашқы ұстазым Өтегенова Ғалия Шәденқызы жайлы ерекше ықыласпен айтқым келеді.
Ғалия Шәденқызы 1974 жылы Арал ауданындағы №177 мектепті тәмамдап, сол жылы Ақтөбе қаласындағы А.Жұбанов атындағы институтқа математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түседі. Институтты үздік дипломмен аяқтайды. 1978 жылы өзі түлеп ұшқан №177 мектепте ең алғаш ұстаздық жолын бастайды. Төрт жыл ішінде шәкірттерге есеп-қисаптың сан-алуан түрін үйретіп, білім нәрімен сусындатады. 1982 жылдары Құмбазар елді мекеніндегі №200 орта мектепте ұстаздық жолын әрі қарай жалғастырды. Осы білім ұясында 28 жыл қызмет атқарғаннан кейін, әр үйдің еркесі болып өскен, мектеп ұғымын алғаш сезінген бізді 2009 жылы 1-сыныпқа қабылдап алды.
  Ұстаз да бір анаң ғой! Аялы алақанымен маңдайымыздан сипап, көрсеткен еркелігімізге сабырлық танытып, жаңылыс кеткен жерлеріміз болса байыппен түсіндіріп, өзгелерден көш ілгері тұратын сауатты білімін бойымызға дарытып, жеті жыл тәлім-тәрбие берді. 37 жылын шәкірт тәрбиелеу саласына арнаған Ғалия апайымыз 2015 жылы 58 жасында адал еңбек,  маңдай терімен зейнетке шықты. 37 жыл өз өмірін, тұрмыс-тіршілігін, бүкіл болмысын мектеп өміріне арнау кез келген ұстаздың қолынан келе бермейтін іс. Қолына түскен бір бөлік алма болса да, бізге теңдей етіп бөліп беріп: «Осының өзі ауызбіршілікке үйретеді», – деп жымиятын апайымды ойлағанда, біздің болашағымызға бейжай қарамайтын осындай өнегелі ұстаздың шәкірті болғанымды мақтан тұтамын. Сондықтан білекке емес, білімге сенер заманда арманы асқақ, талабы таудай шәкірт тәрбиелеген ұстазымызға деген алғысымыз шексіз!
Асылзат ЖОЛДАСОВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 1 курс студенті
27 маусым 2021 ж. 1 547 0