Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі М.Оразбаевтың Ұстаздар күні мерекесімен құттықтауы

Аудан әкімі М.Оразбаевтың Ұстаздар күні мерекесімен құттықтауы

Құрметті ұстаздар қауымы!
Ардақты білім саласының ардагерлері!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытатын ұстазға деген халқымыздың құрметі қашан да ерекше. Өйткені, қоғамның басты байлығы - адам болса, сол «адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» дейді дана Абай.

«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» – демекші, ұстаздық – мәртебелі мамандық. Себебі ұстаз болашақ азаматтарды ғана емес, бүкіл болашақ қоғамды қалыптастыратын ардақты тұлға.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы. Мен 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабылдадым. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлінеді» деп ілім мен ізгілікті алға қоятын аяулы ұстаздардың еңбегі қашанда бағалы екендігін атап өтті.

Қазіргі заманда білім деңгейі жоғары ұлт қана жаһандану талаптарына жауап бере алады. Сондықтан білім саласы - елдің ертеңін айқындайтын, оның бәсекелестік қабілетіне ықпал ететін аса маңызды сала.
Осы ретте, елімізде орын алған санитарлық - эпидемиологиялық ахуалға қарамастан ұстаздарымыз шәкірттеріне кенен ғылым мен кемел білімнің дәнін себуде. Соның ішінде, білім беру ісіне инновациялық технологияларды ендіріп, үнемі кәсіби шеберлік деңгейін көтеруде ізденіс жолында жүрген ұстаздарымыз жетерлік. Атап айтқанда, аудандағы 2425 мұғалімнің 40 пайызы жоғары және І, ІІ санаттарға ие болса, жаңа үлгідегі кәсіби біліктілік санатын алған ұстаздар 48 пайызды құрап отыр. Бірі облыстық, республикалық деңгейдегі кәсіби сайыстардан жүлделі орындардан көрінсе, енді бірінің шәкірттері түрлі байқау-жоба жарыстарынан жоғары көрсеткішке жетіп отыр.
Мұнымен бірге мектеп ұжымдары әрқашан да қоғамдық іс-шараларға да аянбай ат салысып, барлық салада белсенділік танытуда.
Қадірлі ұлағатты ұстаздар!
Білім жүйесінің жаны да, жүрегі де, тірегі де - ұстаз. Сондықтан еліміздің ертеңгі келешегі сіздердің қолдарыңызда! Тәуелсіз қазақ елінің дамуына қосып келе жатқан еңбектеріңіз үшін баршаңызға шексіз алғысымды білдіремін!
Еліміздің атын әлемге танытатын білімді де, талантты шәкірттеріңіз көбейе берсін!
Сіздерге зор денсаулық, ұзақ өмір, қиын да қастерлі ұстаздық қызметте табыс тілеймін!
Ізгі тілекпен,   аудан әкімі М.Оразбаев
04 қазан 2020 ж. 7 564 0