Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қымбатты мектеп бітіруші түлектер! Қадірлі ұстаздар! Ардақты ата-аналар!

Қымбатты мектеп бітіруші түлектер! Қадірлі ұстаздар! Ардақты ата-аналар!

Баршаңызды оқу жылының сәтті аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Өздеріңізгі белгілі, биылғы оқу жылының соңғы үш айы ерекше болды. Барлығымыз қашықтықтан оқыту мәселелерімен бетпе-бет келдік. Осыған сәйкес биылғы соңғы қоңырау мен аттестат тапсыру салтанаты қатар өтуде. Қиындықтар болды, бірақ осы кезеңнен сәтті өттіңіздер.
Биылғы оқу жылын ауданымыз бойынша 784 оқушы бітірсе, оның 579-ы Ұлттық біріңғай тестілеуге қатысады. Түлектеріміздің арасынан 63 оқушы «Алтын белгі», 11оқушымыз «Үздік аттестат» иегері атанды. Бұл – түлектердің, олардың ата-аналары мен ұстаздарының қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Осы тұста, қоғам мен адамзат алдындағы ұстаздарымыздың өлшеусіз еңбектеріне алғысымды білдіремін. «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» - деп ұлы Абай айтпақшы, мұғалімдердің жас ұрпақтың санасына сыналай енгізетін тәлім-тәрбиесі, үлгі-өнегесі өлшеусіз.
Бүгін мектеп түлектері үшін де, ата-аналар мен ұстаздар үшін де толқынысты сәт. Себебі, бүгінгі күні – тарыдай болып мектеп табалдырығын аттап, білім нәрімен сусындаған түлектеріміздің таудай болып, он бір жыл білім алған алтын ұяларымен қоштасар күні. Ұстаздардың шәкірттерін үлкен өмірге қанаттандыратын салтанатты сәті.
Осы тұста барша түлектерімізді өмірлерінің жарқын белесі, бүгінгі ерекше қуаныштарымен шын жүректен құттықтаймын!
Құрметті жас түлектер!
Қимас мекен, алтын ұяға айналған мектептегі алаңсыз күндер аяқталып, азаматтық жауапкершілігі мол кезеңге аяқ басқалы тұрсыздар. Осы тұста он бір жыл бойы алған білімдеріңізді сарапқа салатын үлкен асу – Ұлттық Бірыңғай Тестілеу сынағы күтіп тұр. Сол сыннан сүрінбей өтіп, білімдеріңді жоғарғы деңгейден көрсетулеріңе тілектеспін!
Мектеп қабырғасында алған білімдеріңіз бұл жолда сенімді серік болады деп сенемін.
Біз Сіздерден жаңалыққа жаны құмар, әлемнің көшіне ілесетін, озық ойлы жастар ретінде үлкен үміт күтеміз.
Жоғары білім алып, Отанымыздың білікті маманы болып, еліміздің дамуына, облысымыздың, ауданымыздың өркендеуіне зор үлес қосады деп сенемін артамын.
Ендеше, қай кезде де терең білім алу жолында жалықпай, талмай ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуларыңа тілектеспін!
03 маусым 2020 ж. 2 199 0