Менің кәсіби дамуым
«Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» дейді қайсар батыр Бауыржан Момышұлы. Расымен де, шәкірт алдында бар білгеніңді сарп етіп, солар үшін еңбек ету, іздену – ұлы іс. Баланың екінші ата-анасына айналып, солардың қылығына тоймай жүрген үлкен бақыт қой.
Менің мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Өмірлік жолды таңдауыма бірден-бір себепші – менің анам. Шәкіртінің жүрегіне мейірімділік пен адамгершіліктің шамын жағушы, қазақ тілімен сусындатып, қазақ әдебиетінен сыр шерткен кемеңгер ұстаз. Кішкентайымнан оның жұмысқа бара жатқанына, жұмыстан келе жатқанына қызығып, қолына қалам ұстағанына, сабақ жазудағы әдемі жазуына, кітапқа деген құрметіне, оны үлкен сүйіспеншілікпен оқығанына қарап еліктейтінмін. Көзімді тырнап ашқалы осы мамандықтың иісімен қоректеніп келемін. Менің анам – менің Ұлы ұстазым. Жылуы мол берекелі қызмет менің де жүрегіме от жақты.
Ұстаздық деген ұлы шыңға шығу үшін көп оқып, біраз іздену керек. Оның міндеті өз пәнін шәкірттеріне жақсы үйретуден де тереңірек жатыр. Мектеп бітірген соң, білім жолына бет бұрып, Ақтөбе қаласындағы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түстім. Өзіме сабақ берген оқытушылардан көптеген тәлім-тәрбие ала білдім. Оқуды бітіріп, өмірлік баспалдақтың бірінші сатысына аяқ бастым. Осылайша білім деп аталатын шексіз де үлкен теңізге шықтым. Оқушы – ғажайып әлем, зерттелмеген таза құпия. Алдыңда отырған баланың басқаға ұқсамайтын ерекше қасиеттерін танып, оның жүрегіне, жан дүниесіне жол таба білу керек.
Мен өз кәсібімді, өз пәнімді қалай сүйсем, барлық шәкірттерімді де солай шексіз сүйемін. Себебі олардың ерке қылығы мен жанарларындағы қызығушылық менің мамандық таңдауда адаспағанымды көрсетеді. Бірде әдебиет сабағында «Ер Төстік» ертегісін өткен болатынбыз. Ертегінің мазмұнымен таныстырдым. Келесі күні сабақ айтуға бір оқушым шықты. Ертегінің барысын түгел мазмұндап, жүйелі айтып берді. Қалған отырған оқушыларға сұрақ қоюды тапсырып ем, бір оқушы орнынан тұрып, әлгі сабақ айтқан оқушыдан «Ертегідегі айдаһардың көзі нешеу?» деп сұрады. Әлгі оқушы бірден «жетеу»,- деп жауап берді. Сұрақ қойған оқушы күлімсіреп: – Жоқ, дұрыс емес. Мен сенен айдаһардың басының санын емес, көзінің қанша екенін сұрағанмын» – деді. Сынып оқушылары ду күліп, сабақтың көңілді өтуі әрі қарай жалғасын тапқан болатын. Мен сондағы оқушымның тапқырлығына риза болдым. Ойламаған жерден осындай қарапайым сұрақ қою арқылы ол өзінің ой ұшқырлығын көрсете алды. Шәкірттерімнің осындай алғыр болып өсіп келе жатқанына толық көзім жетті. Себебі бұл – ұстаздық еңбегімнің жемісі. Олар – менің алғашқы шәкірттерім. Жас маман болсам да, оларға жақсы тәрбие беріп, шапшаң ойлай алу қабілетін арттырғаныма, сапалы білім бере алғаныма қуаныштымын.
Оқушылардың ынтасын арттыру, пәнге қызығушылығын дамыту, білімді берік те саналы жеткізу жолында мұғалімдер жаңаша әдіс-тәсілдерді ізденіп қолданады. Мемлекеттің күшеюі мен ұлттық гүлденуі дарындыларға, таланттыларға тәуелді екені белгілі. Ал дарындылар тәлім-тәрбиенің алдыңғы шегінде жүрген мұғалімдер алдынан шығатыны сөзсіз. Қазіргі таңда оқытудың жаңа тәсілдері қарастырылуда. Солардың бірі – сабақ барысында оқытудың жаңа технологияларын қолдану. Ондағы мақсат – оқушының өзінше ойлау қабілетін арттыру және қазіргі заманғы компьютерлік құралдармен жұмыс істеуге үйрету. Инновациялық технологиялар ең алдымен оқушының шығармашылық қабілетін, яғни жаңалық ойлап табуға бағытталған қабілеттер деңгейін дамытады. Осы орайда барлық мұғалімдер біліктілік арттыру курсынан өтіп жатыр. Мен үшін кәсіби даму деген осы. Себебі заман талабына сай шәкірттердің білім деңгейін әрі қарай жетілдіру, біздің, мұғалімдердің қолында. Шәкірт сүйген барлық оқытушы білім жолында көп еңбек етуі керек. Заман талабына сай білімді азамат шығару – елімізді өзге мемлекеттерге паш ету.
Абай атамыздың «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген қасиетті қағидасы әрдайым жүрегімнің түкпірінде ұстайтын ұстанымым. Шәкірттерімнің білім шыңын бағындырып, биіктен көрінуі – менің кәсіби дамуым.
Ақбота ЕШНАЗАРОВА,
№220 орта мектебінің мұғалімі