Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сәт сапар, сүйікті жас түлек!

Сәт сапар, сүйікті жас түлек!

Ұстаз үшін шәкіртінің үлкен азамат болғанын көргеннен артық бақыт бар ма?! Бүгінгі күн мен үшін ерекше. Олай дейтінім, биылғы оқу жылы маған өз ісіме деген жауапкершілікті арттыра түсті. Себебі менің сүйікті оқушыларым өздерінің алтын ұя мектебімен, құрметті ұстаздарымен қоштаспақ. Сөз барысында бүгін-ертең қанатын қомдап, қияға қанат қаққалы тұрған ауыл түлектері жайында айта кетпекпін.
Мен 2009 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітіріп, қыркүйек айында №21 орта мектебіне информатика пәнінің мұғалімі ретінде алғашқы еңбек жолымды бастадым. Дәл осы жылы менің оқушыларым, биылғы түлектер тұлымшақтары желбіреген бүлдіршіндер де мектеп табалдырығын аттады. Бастауыш сынып мұғалімдерінің бірі, зейнеткер Қ.Медетова мен Н.Ақманбетова осы балаларға құшағын айқара ашып, 1 сыныпқа қабылдап алған еді. Арада зулап 4 жыл өткен соң, оқушылар бастауыш сыныппен қоштасып, 5 сыныпқа қадам басты.
Бастауыш сыныпты бітірген бір-бір үйдің еркелерін 5 сыныпқа аяқ басқанда қабылдап алған ұстаздардың бірі мен едім. Бұл маған ең алғаш тікелей бекітілген сыныбым болатын. Сыныбымның құрамы тамаша болды. Өздерінің өте өнерлі, білімді екендерін алғашқы жылдардың өзінде байқатып үлгерді. Олармен өткізген әр тәрбиелік шаралар, сынып сағаттары, ашық сабақтар менің әлі есімде. Менің қоржынымда сол сәтте түсірілген суреттер мен бейнетаспалар әлі де сақтаулы. Осы суреттерді қарап отырып, оқушыларымның балалық шақтарын сағына еске алып отырамын кейде.
Мен үшін әрбір оқушымның орны бір төбе. Арасында сөзге шешен, мәнерлеп оқудың шебері, әр сабаққа ұқыпты дайындалатын, мың бұрала билейтін, мереке, мектепішілік, аудандық сайыстарда алдына жан салмайтын оқушыларым көп болды. Өзіммен бірге сабақта жарыса есеп шығарып отыратын, әр сабаққа белсене араласып, бар сабақты санасына тоқып отыратын, «Алтын белгіге» үміткерлер де осы ортадан табылды. Оларға ұстаз деген ұлы мамандықтың иегері ретінде ақ жол тілеймін.
Мінезі биязы, әр іске сабыр мен шыдамдылық танытатын, өз ойын ашық айтып, әділдігімен әрдайым көзге түсетін, сыныбымның «бозторғайы», тамылжыта ән салатын жұлдыздарым мен үшін бір төбе. Олардың жетістіктерін мақтанышпен айта аламын.
Сыныбымның сырбаз жігіттері, арасында маған анасындай көріп еркелей кететін балалармен өткен әсерге толы алты жыл бүгінде маған ауыз толтырып айтып отыратын естелікке толы шақ болып қалды. Үнемі жанымнан табылатын, сыныптағы барлық іс-шараларға белсене араласып жүретін балалар да менің сыныбымда. Міне, мен қанаттандырғалы отырған 23 оқушымның бір-біріне ұқсамайтын осындай ерекшеліктері бар. Сонысымен де олар менің жүрегімде. Сол 23 оқушының ертеңіне алаңдап отыратын 23 ата-ана да менің осы оқушыларыммен нәтижелі жұмыс жасауымның себепшісіне айналды. Осындай әрқайсысының өз ерекшелігі бар оқушыларымды бүгін, міне, алтын ұя мектебінен үлкен өмірге шығарып салмақшымыз.
Иә, елімізде болып жатқан пандемея кезеңі сендер үшін естен кетпес оқиға ретінде сақталып қалары сөзсіз. Себебі мектеп бітіретін әр оқушы үшін ең ұмытылмас сәттердің бірі – «Соңғы қоңырау» салтанатты жиыны. Мұндағы әсер мен ерекше толқынысты сөзбен айтып жеткізу мүмкін еместігі белгілі. Алайда бұл мереке де кейінге шегерілуде.
Осыдан 11 жыл бұрын тарыдай болып мектеп табалдырығын аттаған оқушылар бүгін таудай болып үлкен өмірге қадам басқалы отыр. Баршасын алда үлкен сын күтіп тұр. Соның ең алғашқысы – 11 жыл бойы алған білімді таразыға тартатын Ұлттық бірыңғай тестілеуден абыроймен өту. Мен оқушыларыма сол сынақтан сүрінбей өтіп, еліміздің білікті маманы атануларын тілеймін. Сәт сапар, сүйікті түлектерім!

Р.Көптілеуова,
№21 орта мектебінің мұғалімі.
23 мамыр 2020 ж. 2 095 0