Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Темірден түйін түйген

Темірден түйін түйген

Арал ауданы, Сексеуіл кентінде тұратын Қайсар Алдабергенұлы «электр және газбен дәнекерлеу» мамандығын меңгергелі өзі қызыққан саланың сұранысқа ие маманына айналған. Ол қазіргі таңда «Қамқор Локомотив» серіктестігінің Сексеуіл локомотив жөндеу депосында жұмыс істейді. Ел экономикасының күретамырына айналған темір жол саласын таңдап, пойыздарға сервистік қызмет көрсететін мекемеде өзінің шеберлігінің арқасында абыройлы қызмет атқарып жүрген 25 жастағы жас маман бұған дейін республикалық «Еңбек жолы» байқауына қатысып, «Өндірістің үздік жас қызметкері» номинациясы бойынша бағын сынаған. Енді, міне, биылғы жылдың қорытындысымен облыс бойынша темір жол саласында еңбек ететін жас дәнекерлеуші маман ретінде «Сыр үміті» сыйлығына ие болды.
А. Қарасай

– Бұл жұмыс кейбіреулер үшін елеусіздеу көрінетін шығар. Шын мәнінде, оған да ептілік пен шыдамдылық қажет. Өйткені бір темір мен екінші темірді дәнекерлеп, одан әдемі бұйым шығаруды үлкен өнер деп білемін. Мен бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Себебі әкем де осы жолда еңбек етіп, зейнетке шықты. Мен де осы салада еңбек етіп, өзім қарайлас жастарға қарапайым еңбек адамы ретінде үлгі болсам деймін, – дейді жас маман. Электр және газбен дәнекерлеуші сынды мамандықтар кез келген өндірісте сұранысқа ие. Сыр өңірінің үмітіне айналған Қайсар да осы мамандықтың қыр-сырына қанығу арқылы өзін қарапайым саланың қадірлісіне айналдырғысы келеді. Әке тәлімінен қуат алып, ізін жалғауды көздеген жас дәнекерлеушінің бүгінде ізбасарға айналуы да өз ісіне деген сүйіспеншілігінен. Баласының мұндай деңгейге жетіп, тіпті өзінен асып түскеніне әке көңілі шаттанды. Баласы өзінің жолын қуғанына дән риза Алдаберген ағамыз: – Өзім ұзақ жыл дәнекерлеуші болып қызмет еттім. Қазақта «Әке көрген оқ жонар» деген керемет сөз бар емес пе? Кішкентайынан менің жұмысымды көріп өскен бала қайда барсын?! Міне, жемісін көріп жатырмыз. Бұл – үлкен мақтаныш. Мен осындай перзентімнің болғаны үшін қуанамын. Қазіргі таңда ол темірден түйін түйіп, кез келген дүниені жасай береді. Қолы босап жатса, тапсырыс та қабылдайды. Менің әкем Тұралы да ұста болған еді. Тұқымнан дарыған бұл өнер бүгінде атадан балаға мирас болды, – дейді. Қарапайым жұмыспен де биікке шығуға болатындығын дәлелдеуді өзіне мақсат еткен Қайсардың бойында дәнекерлеушіден бөлек, ән шырқап, бас қосқан көңілді жиындардың көркін қыздыратын өнері де бар. – Мен үшін жұмыстың жаманы жоқ. Тек әр істің берекесін берсін. Бұл жұмысым маған қайырлы әрі берекелі. Әкем осы салаға өмірін арнаған адам. Сондықтан болар, менде өз ісіме деген қызығушылық басым. Ол «дәнекерлеу аппаратын» қолына алып, жарқылдатып жатқанда, қызығып қарап тұратынмын. Кейін Аралдағы №16 кәсіптіктехникалық лицейіндегі алты айлық оқу курсына қатысып, дәнекерлеуші мамандығын игердім. Осылайша 2016 жылдан бастап Сексеуіл локомотив жөндеу депосының газ электр дәнекерлеуші маманы атандым, – дейді Қайсар.
03 желтоқсан 2019 ж. 866 0