Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал ауданының әлеуметтік нысандары жаңа жылу қондырғыларымен жабдықталуда

Арал ауданының әлеуметтік нысандары жаңа жылу қондырғыларымен жабдықталуда

   Қызылорда облысындағы «Қамқор Менеджмент» компаниясының бас директоры Диас Сүлейменовтің тікелей бастамасымен Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында Сексеуіл кентіндегі мектеп, балабақша және балалар интернатына жаңа автономды қазандықтар тегін орнатылды.
   
 Орынбор-Ташкент шойын жолы салынған 1905 жылы Сескеуіл кентіндегі №87 мектептің де іргесі қаланды. Теміржолмен тамырлас, тағдырлас білім ошағында қазір 800-ден астам бала оқиды. Апатты жағдайдағы ауылдық орталықтандырылған жылу жүйесі жұмысын тоқтатуға жақын. Осы ретте «Қамқор Локомотив» мекемесінің демеуімен сексеуілдік балғындардың жылы әрі жайлы сыныпта сапалы білім алуына жағдай жасалып отыр.
   Сәкен Төрешов, Сексеуіл ауылдық №87 мектеп директоры:
   – Жеке жылу қондырғысы сұйық отынмен жағылады. Өз қарамағымызға берілгеннен кейін бізде әрі қарай қиындық тумайды деп ойлаймын. Қазір мектеп іші 25 градус болып тұр Мемлекеттік «Жауқазын» балабақшасының бүлдіршіндері де томпаң қағып, алаңсыз ойнап жүр. Себебі қос модульді және екі су жылыту қазандық бөбекжайға да орнатылды. Шетелдік құрылғылардың қуаты мен қызуы мол және жарамдылығы жоғары.     Мұхтар Қуанышұлы, Сексеуіл Локомотив жөндеу депосының директоры:
   – Біздің басшылық Елбасының Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес рухани жаңғыру, бизнестегі жауапкершілікке байланысты орта бағамен 31 млн теңге құрайтын пештің бәрі осы мекемелерге тегін сыйға беріліп отыр. Қазір сұйық отын пайдаланады, ертең ауылға газ келіп жатса, газға айналдыру оңай.
   10 мыңдай адам қызмет ететін «Қамқор Менеджмент» компаниясына қарасты 35 ұйымның бірі «Қамқор Локомотив» мекемесі Сексеуіл депосында 300-дей жан тер төгеді. Жылына 100-ден астам отарба жөндеп, ел дамуына елеулі үлес қосып жүрген теміржолшылар ағымдағы жылы ауылдық спорт мектебі мен аурухананы толық жылу қондырғысымен қамтуды жоспарлап отыр.

17 қаңтар 2018 ж. 1 201 0