Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ТЕМІРЖОЛ ТАРЛАНДАРЫ ҚҰРМЕТ ТӨРІНДЕ

ТЕМІРЖОЛ ТАРЛАНДАРЫ ҚҰРМЕТ ТӨРІНДЕ

Ел экономикасының күретамырына айналған Қазақстан теміржолы – мемлекеттің маңызды саласының бірі. Еліміздегі көлік логистикасының көшін бастаған шойын жол қызметкерлерінің тынымсыз еңбегі әрқашан қоғам назарынан тыс қалған емес.Осы орайда, бүгін Сексеуіл кентінде тамыз айының алғашқы аптасында мерекеленетін теміржолшылар күніне арналған салтанатты шара өтті. Онда алдымен аудан әкімі М.Оразбаев сөз алып, сала қызметкерлерін құттықтап, лебізін жеткізді.
– Құрметті теміржолшылар, қадірменді сала ардагерлері! Ел мен елдi, қала мен даланы байланыстырып отырған теміржол қатынасының ел экономикасы үшiн маңызы зор. Бiр сөзбен айтқанда, темiржолдың дүрсiлi – ел экономикасының жүрек қағысын бiлдiредi. Демек еліміз үшін, теміржолшылар қауымы үшін бұл айтарлықтай үлкен мереке.
Сіздер бүгінгі күні теміржол саласында еңбек етіп, еліміздің дамуы жолында халық игілігі үшін елеулі қызмет атқарып келесіздер. Қоғамдық маңызы зор жауапты қызметтегі біліктіліктеріңіз бен көлік қатынасы саласындағы сүбелі үлестеріңізді біз әрдайым жоғары бағалаймыз. Қазіргі таңда кәсіби шеберліктеріңіздің нәтижесінде ауданға қарасты барлық теміржол бекеттерінде тәулік бойы жолаушылар мен жүк пойыздарының қозғалысы бір сәт тынбай, үзіліссіз жұмыс істеуде. Қоғам өмірін бұл саласыз елестету қиын. Осы орайда теміржолдың темірдей тәртібіне бағынып, өз міндетіне жоғары жауапкершілікпен қарайтын теміржол тарландарын біріктірген «Сексеуіл станциясының да» өзіндік үлесі бар.
Ардақты ағайын, құрметті жерлестер! Баршаңызды кәсіби мерекелеріңіз – теміржолшылар күнімен құттықтай отырып, Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбастарыңызға амандық тілеймін. Тәуелсіз еліміздің игілігін молайту мақсатындағы жасап жатқан ерен еңбектеріңіз жемісті болсын, – деді.
Мерекелік шара барысында Қазақстан теміржолында аянбай еңбек етіп, болат жолдың мызғымас тіршілігіне нәр беріп жүрген сала қызметкері облыс және аудан әкімінің мерекелік Алғыс хатымен марапатталды. Қуанышқа бөленген теміржолшылар қауымын аудандық мәслихаттың хатшысы Д.Мадинов те құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Сән-сәлтанаты келіскен шара соңы аудан өнерпаздарының концертіне ұласты.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
03 тамыз 2019 ж. 1 836 0