Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Абайдан" Нұр-Сұлтанға дейін

"Абайдан" Нұр-Сұлтанға дейін

«Абайдан» Нұр-Сұлтанға  дейін«Пай-пай, бір тәулікте сонау Сарыарқадан тура келу деген ғажап екен-ау. Біз не көрмедік. Аудан орталығынан шалғай ауыл болғандықтан кезінде он екі орындық ұшақпен де қатынадық. Біресе жоғары, біресе төмен көтерілгенде зәреміз ұшып, жарты сағаты өтіп болмайтын. Қалаға бір емес, бірнеше автобус қатынағанымен, қыс мезгілінде қиын болатын. Ал, пойыздың жайлылығының өзі не тұрады. Ұл-қыздарым бірінің артынан бірі Астанаға жол тартқанда уайымдап едім. Алғашқы жылдары қатынаулары да қиындау болғандықтан, араға бірнеше жыл салып келетін еді. Қазір пойыз ауылдың үстінен өтетіндіктен, бәрі топталып жиі келуде. Міне, бірнеше күнге келген балаларым қайту қамында. Үйден шығып, пойызға міне қалу деген рақат қой» деген Бақтылы апаның сөзін бірі Нұр-Сұлтанда білім алып жатырған баласын, енді бірі Жезқазғаннан келген туысын шығарып салып тұрғандар қоштай түсті.
«Ел құлағы – елу» демекші, «Жезқазғаннан Бейнеуге қарай теміржол салынады. Жол Қарақұмның үстімен өтеді екен» дегенде, халықтың көпшілігі күдікпен қараған-ды. Ал, 2012 жылы Индустриалдық форум барысында Елбасы Н. Ә. Назарбаев телекөпір арқылы ерекше маңызы бар «Жезқазған-Бейнеу» теміржолының құрылысын бастауға рұқсат бергенде ел қуанышында шек болмады. Әсіресе, Қарақұм халқы сенерін де, сенбесін де білмей абдырап қалды. Себебі, құм басқан маң далаға тірлік бітіру мүмкін еместей көрінгені рас. Бұл жердің табиғаты да ерекше болатын. Әрине, жол құрылысын игеру де оңайға соқпады. Жол мәселесі қатты қиындық келтірді. Сыйымдылығы үлкен, жұмыс өнімділігі жоғары қытайлық «Шахман» автомашиналарының өзінің Қарақұмның құмында жүруі мүмкін болмай қалды. «Мұндай құмды көрген жоқпыз» деп бас шайқасқан құрылысшылар. Бірақ, бұл тығырықтан да шыға білді...
Қай жер мен жолдың болмасын өзіндік киесі бар екені белгілі. Сондықтан, теміржол құрылысына келгендер әуелі ауыл ақсақалдарының басын қосып, мал шалып, Құран оқытып, баталарын алды. Содан соң істі бастады. Қарақұмды қақ жарған шойын жол бойында қайнаған еңбек қызды. Аптап ыстық пен аңызақ жел өтіндегі құрылыс қарқыны бір сәт те бәсеңдемеді. Жол мен жолды, ел мен елді жалғастырып тұрар «Абай» станциясының құрылысы ғасырдан астам тарихы бар «Қазақстан теміржолының» жаңа беттеріне жазылды. Бір кездері талай батыр бабаларымыздың жүріп өткен іздері мен төгілген қандары, сансыз армандары қалған жолдарда теміржолды игерсек деп жанталасқан жандардың маңдай терлерінің тамшысы қалды. Пейілі кең Қарақұм халқы жұмысшылардан қолдан келген көмектерін де аямады. Мүмкін, жапан далаға жан бітірткен де халықтың осы пейілі шығар.
Иә, Тәуелсіз Қазақстанның ұлы жетістіктерінің бірі, еліміздің шығысы мен батысы, солтүстігі мен оңтүстік бағыттарындағы көлік дәліздері бағытын жеңілдететін «Жезқазған – Бейнеу» теміржолының өте қысқа мерзімде іске қосылуы да ел үшін елеулі оқиға болды. Барша қазақ жұрты қуанды. Теңізден алшақ орналасқан Еуразия жүрегіндегі Қазақстан үшін халықаралық теміржол бағытының жаңа керуені ашылды. Теміржол құрылысының жалпы құны 500 млрд теңгені құраған теміржол арқылы еліміздің шығысы мен батысына көлік дәлізі оңтайланып, жылына 21,3 млн тонна жүк тасымалданады деп күтілуде.
«Жезқазған-Бейнеу» теміржолының 547 шақырымы Жезқазған мен Сексеуіл арасын жалғайды. Жол бойындағы 7 станция мен 18 бекет облысымызға тиесілі. Сыр мен Сарыарқаның байланысы ширай түсті. 
Бұл жөнінде «Абай» станциясының бастығы Н.Шүренов:
– Станцияның қарақұмдықтар үшін маңызы ерекше. Станцияға 4 темір жол бекеті қарайды. Әрқайсысында он адам жұмыс істеуде. Яғни, елу адамның тең жартысы Қарақұм ауылының тұрғындары, қалғаны Арал қаласы мен Сексеуіл кентінің азаматтары. Олардың басым көпшілігі жастар. Сырттан келетін теміржолшылар вокзал маңындағы екі үйлік бір пәтерде тұрады. Жалақыларын уақытылы алатындықтан, жағдайлары жақсы. Ішкі әрлеу жұмыстарынан соң вокзал ғимараты да пайдалануға берілмек. Станциядан күніне 10-ға жуық жүк пойызы, ал күнара №617 «Қызылорда-Нұр-Сұлтан» жолаушылар пойызы өтеді. Сондай-ақ, аптасына бір рет «Сексеуіл-Қоскөл» арасында жұмысшылар пойызы жүреді. Жолаушылар пойызының станцияға келетін және өтетін уақыттары да халық үшін қолайлы. Қарақұмдықтар тура осы жерден бір тәулікте Нұр-Сұлтанға баратындықтан, жылдың төрт мезгілінде де пойызда адам қарасы көп. Әсіресе, студенттерге тиімді. Бұрынғыдай облыс орталығына немесе өзге өңір арқылы пойызға мініп әуре болмайды. Тағы бір тиімділігі, әсіресе қыс мезгілінде автобус қатынасы болмағанда ауыл тұрғындарының қауіпсіз әрі жайлы пойызбен аудан орталығына қатынауына қолайлы-ақ, – дей келе, алдағы уақытта «Абай» станциясынан бірнеше бағыт бойынша жолаушылар пойызы өтуі мүмкін деген жағымды жаңалықты да айтып өтті.
Осылайша, әлеуметтік маңызы зор «Жезқазған-Бейнеу» теміржолы халықтың игілігіне қызмет атқарып, ел экономикасына сүбелі үлес қосуда.
...Жыл сайын мектеп бітіруші түлектер жан-жақтан жиналып, туған жерлеріне, білім алған ұялары мен тай-құлындай бірге өскен достарымен сағына қауышады. Бұрын жердің шалғайлығынан келе алмай қалатын Нұр-Сұлтандағы туған жер түлектері бір-екі жылдан бері түгелге жуық жиналатын болды. Алысты жақындатқан «Жезқазған-Бейнеудің» берекеті бұл.
Лаура Иманбайқызы.
https://tolqyn.kz
30 сәуір 2019 ж. 891 0