Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Талго» Аралға тоқтады

«Талго» Аралға тоқтады

«Аралға «Тұлпар-Талго» пойызы тоқтайтын болыпты», - деген хабарды естігенімізге де көп бола қойған жоқ. Айтса айтқандай жақында ғана әлеуметтік желілерде аталған жүйрік пойыз үстіміздегі жылдың 15 наурызынан бастап Арал теңізі станциясына тоқтайды деген хабарды көзіміз шалды. Бұл ақпардың анық-қанығын Арал теңізі станциясы вокзалының басшысы А.Сәрсеновтен білдік.Айтуынша,  №29 Алматы - Атырау және №30 Атырау - Алматы бағытындағы «Талго» пойызы осы жылдың 15 наурызынан бастап Арал теңізі станциясына тоқтап жүр. Алматы - Атырау бағытындағы бұл пойыз Аралға қазіргі Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 17:01 де келеді, 17:04 те кетеді. Ал, керісінше Атырау – Алматы бағытындағы №30 пойыз Аралға Нұр-Сұлтан уақытымен 23:25 те келсе, 2 минут аялдап 23:27 де жүріп кетеді. Аталған пойызды Арал теңізі станциясына тоқтау жөніндегі №569 телеграмма үстіміздегі жылдың алғашқы айында жергілікті вокзал әкімшілігіне келген. Міне, сол телеграммаға сәйкес қазіргі уақытта «Талго» пойызы 40 мыңға жуық халқы бар Арал қаласына 2-3 минут аялдап жүр.
Осы кезге дейін еліміздің шойын жолында жүйткіп жүрген өзге пойыздардан бұл көліктің артықшылығы уақытты үнемдеуінде болып тұр. Оның үстіне жолаушыға барлық жағдай жасалған. Жазда салқын, қыста жылы әрі жайлы. Ал уақыт тиімділігіне келер болсақ әдеттегі пойыздардан 4-5 сағат және жолдың жақын-шалғайлығына байланысты 2-3 сағаттай тиімділігі бар. Мәселен, кәдімгі №41 пойыз Аралдан Атырауға 20 сағат 30 минутта барса, №29 «Талго» пойзы бұл аралықтағы жолды 13 сағат 49 минутта еңсереді екен. Осы бағыттағы «Талго» пойызының жол жүру құны екінің-бірінің қалтасына қонымсыз секілді. Айталық, купе вагондарға мінсеңіз Аралдан Атырауға 17 мың 785 теңге төлейсіз. Ал, Аралдан Алматыға барам десеңіз бұл пойызға міну үшін 20 мың 901 теңгеге билет сатып алуға тура келеді. Есесіне бұл аралықтағы уақытыңызды 7 сағаттай үнемдейсіз. Қызылордаға барам десеңіз 7 мың 396 теңгеңізді жол жүру билетіне бересіз. Мұндай бағаларға әзірше Арал халқы үйреніспей жатса керек, келушілер болмаса, мінушілер аз көрінеді.
Иә, қай жағынан алып қарасаң да бұл пойыздың Арал қаласына тоқтауы негізсіз емес. Халық жағынан, экономиуалық әлеуеті жағынан алсақ та Арал ауданы басқа аудандардан көш ілгері. Мәселен аталған пойыз тоқтайтын Шиелі кентінде 30 мыңнан аса адам тұрса, Арал қаласы бойынша халық саны 40 мыңға жуық. Ал, ауданға қарасты Сексеуіл кентіндегі халық саны 12 мыңдай. Арал қаласы тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан бұл жаққа келім-кетім жолаушылардың да саны еселеп артуда. Өндіріс ошақтары да баршылық. Міне, осындай айырмашылықтары арқылы ерекшеленетін Арал қаласына «Талго» пойызының тоқтауы орынды. Егер осы пойызға мінушілердің қатары көбеймесе әрбір мунитты тиімді жұмсауға күш салатын Қазақстан Темір Жолы бұл пойызды қайтадан бұрынғы қалпына түсіруі мүмкін. Олай болмайды деп үміттенейік.
А.Бисенов.
29 наурыз 2019 ж. 2 013 0