Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨҢІР ЛОГИСТИКАСЫНЫҢ МАҢЫЗЫ МОЛ

ӨҢІР ЛОГИСТИКАСЫНЫҢ МАҢЫЗЫ МОЛ

Ел экономикасына елеулі үлес қосатын өңірлік логистиканың маңызы ерекше. Бұл тұста қиян даланы ұштастырған темір жол мен тас жолдар басымдыққа ие.
«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» көлік жолы — халықаралық транзиттік автожолы 2008 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдауында бекітілді. Бұл жол–өткен ғасырлық Ұлы Жібек жолының қазіргі заманға лайықталған баламасы. Осы негізде 2008 жылы Ресей Федерациясымен және 2009 жылы ҚХР Коммуникация министрлігімен «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» автокөлік дәлізін құру жайлы меморандумға қол қойылды. Жолдың жалпы ұзындығы 8445 шақырым аумақты құрайды. Соның ішінде, республикалық маңыздағы М-32 «СамараШымкент» тас жолының 213 шақырымы Арал аумағына кіреді. Бұл жолмен Арал тұсынан күніне 2500 көлік өтетін болса, олардың жартысынан көбін жүк көліктері құрайды. Одан бөлек, халық қатынасын қамтамасыз етіп отырған Ұлы жолдың бойында 4 сервистік қызмет көрсету орындары ашылған. Бұл да аудан кәсіпкерлеріне өз кәсібін дамытуға мүмкіндік беріп отыр.
Бүгінде Сыр өңірі тоғыз жолдың торабына айналды. Оның ішінде Арал аймағы сан тарау тоғысатын торап десек артық айтқандық емес. Қазір Қазақстанның қай бағытымен де шойын жол байланыстырып жатыр.
Қазақ даласын жалғаған темір жол тарихына тоқталар болсақ, 1854 жылы генерал-губернатор А.В.Перовский Орта Азия мен алыс шаһарлардағы сауда қатынасын өркендету мақсатында «Орынбор-Ташкент» темір жолын салу қажеттігі туралы рапорт жазған болатын. Осылайша, Елек станциясынан Ташкент бағытына қарай темір жол құрылысшылары жұмыс жасауға кірісті. Жол үйінділері ХІХ ғасырдың соңғы 10 жылында үйіліп, Мұғаджар тауларының түстігін бөктерлеп өтіп, Арал теңізін жағалай, Сырдарияны бойлай жүріп отырды. Қазақ жерімен 1670 шақырым қашықтықты көктей өтіп, бірінші паровоз Ташкентке жетті. Сонан бері өз маңызын жоймай, экономиканың күретамырына айналған темір жол саласы ел ырысын еселей түсті. 2016 жылдың наурыз айынан бастап аудан үшін маңызды «Қызылорда-Жезқазған-Сексеуіл» темір жолы салынып, алысты жақындатты. Соның арқасында солтүстік өңірлермен байланысты жеңіл­ детіп, жолды қысқартты. Кешегі құлан жортқан құба белдігі 272 шақырымды құрайтын «СексеуілҚоскөл» бағытында 3 станция мен 10 бекет бар. «Жезқазған-Қоскөл» арасындағы 274 шақырым аралықты қоса есептегенде 546 шақырымды жүрдек және жүк пойыздар легі барыс-келісті қамтамасыз етуде. 2017 жылы жүк тасымалында контейнерлік пойыздардың құрамын Қызылорда жүк тасымалы бөлімшесінің «Сексеуіл-Қоскөл» жаңа телімімен 1587 контейнерлік пойыз өткен. Аралдан өндірілетін тұз да осы темір жол арқылы таратылады. 2017 жылдың өзінде 415 вагон тұздың 300 вагоны Ресейге тасымалданған. Ең қуантарлығы, соңғы 15 жылда Арал аумағынан өтетін темір жол станцияларында бұзылу, апатты жағдайлар орын алмаған.
Тоғыз жолдың торабы темір жол мен респуб­ ликалық маңызға ие тас жолдар халық қатынасын қамтамасыз етіп, ел мен жерді жалғастырып, барыс-келіс пен алыс-берісті дамытуда. Бұл өңірдегі инфрақұрылымның өсуі мен кәсіпкерліктің жан­ дануына септігін тигізеді.
Н. МАРАТҚЫЗЫ
30 наурыз 2018 ж. 1 180 0