АРАЛ АУДАНЫНДА ТАҒЫ БІР СЕРВИСТІК КЕШЕН ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Арал ауданы аумағынан өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойындағы Сапақ елді мекенінде жаңа «С» санатты сервистік қызмет көрсету кешені ашылды.
Соңғы уақыттарда жол бойындағы сервистік қызмет көрсету жергілікті халықтың әлеуетін көтеруге зор септігін тигізуде. Осы тұрғыда аудан аумағынан өтетін күре жол бойынан барлығы 5 сервистік қызмет көрсету нысандарын салу жоспарланса, бүгінгі таңда үшінші нысан іске қосылып, жеке кәсіпкер Гүлзия Елешованың «444» сертистік кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты шараға Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев арнайы қатысып, көпшілікті құттықтап, «Өздеріңізге мәлім, Елбасымыз кәсіпкерлікті кушейтуге үнемі ерекше назар аударып, өткен жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» жасаған болатын. Міне осы орайда, Арал ауданы бұл игілікті жұмыстардан тыс қалмай, өңіріміз тағы бір сервистік нысанмен толығып жатыр. Бұл бір жағынан жол үстімен өтетін жолаушыларға қызмет көрсетуге, қолайлы жағдай жасауға септігін тигізетін игілікті іс болса, бір жағынан елдегі жұмыссыздықты жою және ауданның тайқазанын молайтудың бірден бір көзі деп санаймыз», - деп, кәсіп иесіне сәттілік тілеп, ізгі лебізін білдірді.
Одан әрі сөз тізгінін ауданның құрметті азаматы, дербес зейнеткер Шәкірат Дәрмағамбетов жалғастырып, Елешовтардың отбасылық кәсіптеріне батасын берді.
Айта кетеу керек, жеке кәсіпкер Г.Елешованың эскиздік жобасы 2016 жылдың қараша айында облыстық сәулет-қала құрылысы кеңесінде мақұлданып, кәсіп иесіне 2017 жылдың ақпан айында ауданға қарасты Сапақ ауылдық округі әкімдігі тарапынан тиісті жер учаскесі табысталып, мамыр айында «Сервистік қызмет көрсету нысанының» құрылыс монтаждау жұмыстары басталған болатын.
Жалпы жоба құны 60 млн теңгені құрайтын кешенді толығымен іске асыру мақсатында кәсіпкер 2017 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 10 млн теңге несие алған. Қазіргі таңда аталған бағдарлама аясында алынған несиенің пайыздық мөлшерлемелері субсидиялануда.
Бұл кешенде сыйымдылығы 50 адамға арналған қоғамдық тамақтау орны, азық-түлік дүкені, қонақ үйі, жүк және жеңіл автокөліктерге арналған автокөлік тұрағы қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, кәсіп аясында қазіргі таңда 9 адам тұрақты жұмыспен қамтылған болса, қосымша маусымдық кезеңдерде 25 адамға дейін жұмыс орындары ашылмақ.
Сая ЕРАЛИЕВА.