Атқарушы билік халық алдында(Райым ауылдық округі)

Райым. Райым ауылдық округінде де есептік кездесу жалғасын тапты. Өткен жыл Райым ауылдық округі үшін нәтижелі жұмыстарға толы болды деуге толық негіз бар. Қолға алынған бастамалар жөнінде айтар болсақ, округте «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша 3 жоба ұсынылып, 2 жоба қаржыландырылды. Атап айтқанда, жылқы өсіру бағытында жеке кәсіпкер О. Смағұлова 6 млн теңге қаржы алып, өз кәсібі негізінде отбасын толықтай жұмыспен қамтуда. Мал бордақылау үшін жеке кәсіпкер Б. Бисенбаева 800 мың теңге қаржы алып, өз кәсібін жүргізуде. Және де жеке кәсіпкер А.Сағатовтың мүйізді ірі қара өсіру бағытында ұсынылған жобасы қаржыланады деп күтілуде.
Өзгеде де жағымды жаңалықтардың жаршысы болған ауылдық округ әкімі Р. Қарауымбетовтың баяндамасы мен тәртіпке жауапты ауылдық участкелік полиция қызметкері Қ. Қаражановтың баяндамасы тыңдалып өткеннен соң, аудан әкімі М. Оразбаев ауданымыздың абыройын асқақтатар ауқымды жұмыстардың қорытындысын айтып, алдағы уақытта атқарылуға тиісті бастамалды елге таныстырды.
Райым ауылдық округінің тұрғындары өткен жылдың жұмыс қорытындысына жоғарғы баға беріп, алдағы уақытта да ауданымыз сол тұғырдан түспесін деген тілек білдірді.
Оңталап Жолдасов.