Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Еңбегі ерен ұстаз

Еңбегі ерен ұстаз

Ұстаздық – қоғамдағы ең құрметті және абыройлы мамандық. Мемлекет те соңғы жылдары осы мамандыққа баса мән беріп, мәртебесін арттыруда. Бүгінде сүйікті мамандығына адал жандар аз емес. Оларға заманның аумалы-төкпелі болуы, болмаса қызмет барысындағы қиындықтардың өзі кедергі емес. Бұл өзі қалаған мамандыққа деген сүйіспеншіліктің арқасы. Ұстаздық қызметін өмірінің мәні деп білетіндердің бірі – Лиза Ермекбайқызы Досмамбетова. 40 жылдан астам уақыт ұстаздық жолда келе жатқан ол «Менің басты мақсатым – еліміздің  жарқын болашағына баланатын білімді жастарды тәрбиелеу» деп біледі.
Н.К.Крупская атындағы №14 орыс орта мектебінде білім алған Л.Досмамбетова: «Мен білімді де білікті, шәкірттеріне барлық жағынан үлгі бола білген Т.К.Ли, Е.С.Курбатова, Л.В.Сапожникова, Р.Ж.Айтжанова, В.Ф.Зуева, М.Е.Зыбин, С.А.Бочарова сынды ұстаздардан білім алдым. Олардың өз істеріне деген құрметі мен жауапкершілігі, талапшылдығы мен еңбекқорлығы  менің еңбек жолыма үлгі болды» деп еске алады.
Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтын (қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті) орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған ол еңбек жолын бір кездері асау толқынмен алысып, су маржанын сүзген балықшыларымен атағы шыққан Қаратерең елді мекеніндегі өзіндік дәстүрі қалыптасқан Т.Шевченко атындағы №82 Қаратерең орта мектебінде бастаған. Тәжірибелі ұстаз Кеңес Батаманов басшылық еткен ұжымда жас маман мол тәжірибе жинақтады. Қаратереңдегі орта мектеп ұзақ жылдар бойы Т.Г.Шевченконың атымен аталды. Сырдарияның теңізге құяр жеріне жақын орналасқан Қосаралды мекен еткен Тарас ақын өзінің өлеңдері мен суреттері арқылы Аралдың бүкіл болмысын көрсете алған. Сондықтан бұл ауылдың тұрғындары Кобзарьдың өмірбаяны мен шығармашылығы жөнінде жақсы хабардар. Оның үстіне ауыл шетінде «Тарас Шевченко 1848-1849 жылдарда Қосаралда болған кезінде отырғызған ағаш» деген жазуы бар тақтайша ілінген жиде ағашының өсіп тұруы елдің ақынға деген айрықша құрметінің белгісіндей еді. Лиза Ермекбайқызы осы жиде ағашына оқушыларды ертіп апарып, талай рет арнайы шаралар өткізгенін әрдайым сағынышпен еске алады. "Ұстаздық жолымның сәтті басталуына жол ашып, тәжірибелерін үйретуден жалықпаған, бауырларына тартып, қолдау-көмектерін аямаған Қаратерең мектебінің мұғалімдеріне алғысым шексіз. Бұл мектептен өмірлік сабақ алдым",– деді алғашқы еңбек жолынан сыр шерткен ұстаз.
Осындай ортада тәжірибе жинақтаған жас маман аудан орталығына келгеннен кейін №99 мектепте бір жыл еңбек етіп, аудандық білім бөлімінің ұсынысымен сол кезде жаңа ашылған №62 орта мектепке ауысты. Сондай-ақ аудан бойынша ең алғаш рет  орыс тілін тереңдетіп оқыту Лиза Ермекбайқызына тапсырылды. Ізденімпаз мұғалім ол жұмысты абыроймен атқара білді.
Жаңашылдық пен ізденіске құштар өз пәнінің білгір маманы қай кезде де уақыт талабына сай   Арал ауданындағы «Қамбаш» балаларды сауықтыру және қосымша білім және Жаңақорған ауданындағы «Талдысу» қосымша білім беру орталықтарында оқушыларды орыс тілі пәнінен Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындауда жауапкершілікпен еңбек етіп, аудан түлектерінің жоғары нәтижеге жетуіне өзіндік үлес қосты. Ал өз шәкірттері жыл сайын орыс тілі пәнінен аудандық, облыстық олимпиадаларда, «Русский медвежонок» және өзге де түрлі сайыстар мен байқауларда жүлделі орындарды иеленуде. Ауданның орыс тілі пәнінің мұғалімдері Лиза Ермекбайқызын өздеріне ұстаз санайды. Жас мамандарға мол тәжірибесін үйретуден жалықпайтын ұстаздың талабы да зор.
Бүгінде «Ұстаздардың ұстазы» атанған, бірнеше буын шәкіртке тәрбие мен білім беріп, сынып жетекшісі ретінде нәтижелі еңбек еткен педагог-зерттеушісі, тренер Л.Досмамбетова:
– Мен жетекшілік еткен сыныптан шыққан алғашқы «Алтын белгі» иегері Ж.Бимағанбетова қазір білікті дәрігер. Лариса Орынбасарова есімді шәкіртім Аманөткөл елді мекеніндегі  орта мектепте орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ал сыныбымда қоғамдық жұмыстарды белсене атқара білген шәкірттерім Ж.Аймағамбетова мен А.Жүсіпова – бүгінде өзім еңбек ететін Ж.Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицей директорының тәрбие және бейіндік істері жөніндегі орынбасарлары, – деп, шәкірттерімен мақтанады. 
         Ол мыңдаған шәкіртті тәрбиелеп, "Ұжымның үздік мұғалімі" бағамын иеленді, аудан әкімінің дипломымен марапатталды. Білім мен тәрбие берудегі елеулі еңбегі үшін өзі білім алған Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің "Үздік түлек" белгісіне ие болды. Бұл білім беру саласында өз мамандығына адал ұстазға көрсетілген құрмет мұғалімнің қоғамдағы орнын тағы бір айқындап бергендей. Себебі, қоғамда Лиза Ермекбайқызы сынды мұғалімнің орны да бөлек, еңбегі де ерен.
К. МАХСҰТҚЫЗЫ
02 қазан 2021 ж. 1 230 0