Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұлағатты ұстаз

Ұлағатты ұстаз

Бөген орта мектебінде көптеген ұстаздар білім беріп, еңбек етті. Солардың бірі–Тілеу­жан Жәнелов Бөген ауылында 1928 жылы дү­ниеге келген. Ол ауылда жетіжылдық білім алғаннан кейін, Қызылорда қаласындағы 1 Май атындағы мектеп-интернатында орта білімін жалғастырады. Ақтөбе қаласындағы мұғалімдер дайындайтын педагогикалық институтын бітірген соң, еңбек жолын 1950 жылы Көнебөген бас­тауыш мектебінде мұғалім болудан бастайды. Мұғалім мамандарының жетіспеушілігіне байланысты аудандық білім бөлімінің жолдамасымен 1955-1960 жылдары Жаңақұрылыс, Қасқақұлан елді мекеніндегі мектептерде ұстаздық қызмет етті. 1960 жылы туған жері Бөген орта мектебіне келіп, ұстаздық қызметін жалғастырады.1975 жылы Қызылорда педагогикалық институтының физика-математика факультетін сырттай оқып бітіріп, математика пәні бойынша жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруге атсалысады.
Тілеужан Жәнелов ағайымыз бейнелеу өне­рі, сызу және математика пәндерінен сабақ бере жүріп, мектептің көрнекі-үгіт құралдарын эсте­тикалық талғаммен безендіруге өзіндік үлесін қосты.
Көп жылдар бойы мектеп ұжымының кәсіп­одақ ұйымын басқарып, абыройлы қызмет атқарды.
Тілеужан Жәнелов өзінің міндетіне алған ісін тыңғылықты жүргізу арқылы өтірік, жағымпаз болу сияқты жағымсыз көріністерден қашық жүретін турашыл жан еді.
Білімді ұрпақ өздігінен қалыптаспайды. Мек­тепте осы бағытта жүргізіліп жатқан әдіс­те­мелік және пән үйірмелерін жүргізу арқылы оқушыларының білімін одан әрі жетілдіруге өз үлесін қосты.
Мектепте шәкірттерге нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке тәрбиелеген мұғалімдердің бей­несі барлық уақытта шәкірттердің есінде сақталады. Иә, сондай Тілеужан ағамызбен бірге қызметтес болған  Әлмұрат Нұрекешов, Ысқақ Есжанов, Өтенияз Аймағанбетов, Қарт­бай Қанатбаев, Жеткерген Қанатбаев, Жалғас Құрманов, Қожағазы Нұралиев, Сейділда Ысқа­қов, Айнадин Сейтекенов, Мәрия Төкешова, Бақыт Дәуренбекова, Әбдуәли Алмаханов, тағы басқа мұғалімдер әртүрлі пәндерден сабақ берді.
Тілеужан ағай өзінің әріптестерімен жақсы қарым-қатынаста болды. Ол өзінің білімі мен тәжірибесін жас ұстаздарға үйретуден жалық­паған үлкен жүректі педагог болатын.
1980 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін мектеп директорының бастауыш сыныптар жөнін­дегі орынбасары қызметін атқарды.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуге бала­ға» дегендей, оларды тәрбиелеп өсірген шәкірт­терінің бейнелерін фотосурет арқылы еске түсіруді жөн деп санаймын. Олар: Әмір Қожа­нов, Құдайберген Қалымбетов, Толыбай Тә­жімұратов, Байнияз Тілепов, Сатыбалды Жұба­тыров, Сәду Ұзақов, Сайлаубай Жұбатыров, Тілеген Нұриманов, Оңдабай Бармағанбетов, Сәр­сенкүл Мұратбекова, Ұлмекен Тойбазарова, Айбике Құтмағанбетова, Өткер Сайлаубаев, ортада отырған ұстаз, сынып жетекшісі болған Тілеужан Жәнелов ағайымыз.
Тілеужан Жәнелов өмірлік жолдасы Мейіз Әбішқызы екеуі 8 ұл мен қыз тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Қазақта «Әке көр­ген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, пер­зент­терінің бәрі де жоғары педагогикалық оқу орындарын бітірген. Қызы Марал–Арал қаласында, Марат–Бөген орта мектебінде, қызы Жанат, ұлы Болат Орал  қаласындағы орта мек­тептерінде ұстаздық қызмет жасады. Ал Ғасырбек, Бағдат, Кішібек есімді балалары да жо­ғары оқу орындарын бітірген мамандық иелері. «Ат тұяғын тай басар» дегендей, баласы Марат Тілеужанұлы да Бөген орта мектебі дирек­то­ры­ның орынбасары болып қызмет істеді.
Тілеужан Жәнелов ағайымызды ұлағатты ұстаз ретінде үнемі еске алып отыру шәкірттік парызым деп санаймын.
Байнияз Тілепов,
ҚР мәдениет қайраткері
05 маусым 2019 ж. 1 623 0