Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарихы толағай мәртебелі мектеп

Тарихы толағай мәртебелі мектеп

Қазіргі таңдағы білім мен ғылымның қарыштап дамуы көз ілестірмей келе жатқан аса ауқымды  процесс болып отыр. Білім дамуының өзгерістері болашақ ұрпақтың жеке тұлға болып қалыптасуына  бағытталған. Өзге елдермен иық тіресе алатын, бәсекеге қабілетті бола алатын мемлекет болу үшін  білімнің іргесін берік қалау керек. Бұл ретте өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде  өзіндік қолтаңбасын қалдырып келе жатқан білімнің қасиетті қара шаңырағы №20 З.Шүкіров атындағы Бөген орта мектебі екенін айта кету керек. Тарихы әріден бас­тау алатын білім ордасы – халықтың сан ғасырлар бойы жинаған мәдениетін келешек ұрпаққа  жеткізетін ұлттық тәлім-тәрбие ошағы.Аталған мектеп 1919 жылы Бөгенде бас­тауыш мектеп болып ашылды. Мектепті татар байы Темірхан Ярлыгаев өз қаржысымен ашты. Мектепке және алғашқы оқушыларға да керек құрал-жабдықтарды Темірхан әке­ліп берді. Оның оқыған, сауатты баласы Атағұла(Атауолла) алғашқы  оқу жылындағы жалғыз мұғалім болды. 
Бірақ 1920-1921оқу жылында мектепте 3 мұғалім болса, 1921-1928 оқу жылдарында Атауолла Ярлыгаев, Патиха және Патима Ярлыгаевтар мен Р.Рамазандар ұстаздық етті. Алғашында небары оннан аса шәкіртпен ғана жұмысын бастаған сол 1927-1928 оқу жылынан бастап 7 жылдық қазақ-орыс мектебі мәртебесіне жетті. Араб тілінде білім беретін мектеп 1928 жылдың 10 желтоқсанынан бас­тап латын әліпбиіне көшті. Ал 1940 жылы орта мектеп болып бекітілді.
Бұл ғасырлық тарихы бар мектептің тарихының бір бөлігі ғана. Ал шәкірттердің саны артып, олардың ауқымы кеңейген тұс соғыс жылдары мен соғыстан кейінгі уақытқа тұспа-тұс келеді. Осы кезеңдерде Бөген орта мектебінде жергілікті қазақ балаларымен қатар орыс, кәріс, қалмақ, татар ұлты өкілдерінің балалары да оқыды. Осылайша 1949 жылы алғаш рет Бөген орта мектебінің оныншы сыныбын бітірген түлектер қолда­рына аттестат алған болатын. Олардың саны бар болғаны бес оқушы еді.
Осылайша тез арада бірнеше ұлт балала­рының білім ұясына айналған мектепке 1947-1950 оқу жылында «БЛКЖО ХХХ жылдығы» атағы берілді.
Мүберек Рысқұлов мектепке директор болып келген тұста оқушы саны 446-ға, класс  комплектісі 22-ге жеткен. Десе де, мектепте жоғары білімді мұғалім болмады. Төлебике Әуесбаева 1947-1948 жылы мектептегі алғашқы жоғары білімді мұғалім болды. Сонымен қатар 1957 жылдан бастап кешкі жұмыс­шы жастар орта мектебі де ашылған.
Бірақ, кейіннен бүкіл Одаққа, Қазақстанға танымал ұстаздардың ордасына айналды. Ма­риям­күл Сағынтаева мен  Қапи Сәңкібаевтар «Қазақ  ССР Халық ағарту ісінің озық  қыз­меткері» атағын алса, Садық Жұмағұлов «Қазақ  ССР  Халыққа білім беру ісінің  үз­дігі», Әділхан Әбдікәрімов «Қазақстан Республи­касы білім беру  ісінің  үздігі», Күләйім Сүлей­менова Қазақ ССР Оқу Министрінің «Аға мұғалімі», «Еңбек ардагері» медалімен ма­рапат­талған.
«Мұғалім бола салу оңай, ал жақсы  мұғалім болу мыңның  біріне ғана бұйырады» деген емес пе?! Талай тұлғаларды дүниеге әкелген Бөген топырағы өз шәкірттерінің биікке шық­қанын  мақтанышпен айтып жүреді. Мектеп ұжымы өздерінен оқу бітірген, еліне қадірлі болған Қ.Кеулімжаевты, ғылым кандидаты Т.Құттымұратовты, Социалистік Еңбек Ері Т.Әлімбетовті, ақын З.Шүкіровті, жазушы С.Жұбатыровты, Қазақстан Журналис­тер одағы сыйлығының екі  мәрте   лауреаты Ш.Дәрмағамбетұлын, ғылым докторы Н.Құдайбергенованы, КСРО спорт шебері  К.Омаровты, ғылым кандидаты М.Қожановты, жазушы-журналист Қ.Жиенбаевты, атақты конструктор О.Қазыбаев, айтыскер ақын әрі ұстаз Е.Әбдиев пен басқа да аудан, облыс көлемінде танымал азаматтарға ұстаздық еткен жандарға қандай атақ берсе де артық болмас еді.
Мектеп тарихындағы тағы бір алтын әріп­пен жазылатын елеулі жылдардың бірі 1954-1955 оқу жылы еді. Ұжым мен ауыл тұрғын­дарының қуанышына екі қабатты ғимарат пайдалануға  берілді. Бұл үшін Қазақ ССР Ба­лық өнеркәсібі министрлігі миллион сом бөлген екен.
1989 жылы мектептің жетпіс жылдығы қар­саңында ресми түрде мұражай ашылды. Содан бері мектебімізде «Өлкетану» мұражайы жұмыс жасап келеді. Мұражай жетекшісі Ұ.Нұрекешова өткен жылдардың  жәдігерлерін өскелең ұрпаққа насихаттауда белсенді жұ­мыс жасайды.
Мектеп алғаш ашылғаннан бастап-ақ жанынан арнайы интернат іске қосылған еді. Міне, сол интернат үйі көнеріп, 2006-2007 оқу жылында  пайдалануға жаңадан  интернат  бе­рілді.
Міне, осылайша мектеп тарихы қуанышты жаңалықтарға толы болды. Бірақ, мұның бар­лығынан да жағымды жаңалық басқа еді. 1991 жылы 28 маусым Халық депутаттары аудандық кеңесі атқару комитетінің ше­ші­мімен ауыл тұрғындарының қуанышы көк­ке жетті. БЛКЖО  30 жылдығы  атындағы  Бө­ген  орта  мектебіне ауылдың тумасы, бүкіл Арал­дың ардақтысы, ақиық ақын Зейнолла  Шү­кіровтің  есімі   берілді.
Елбасының кемел саясатының арқасында 2014 жылы мектеп ғимараты заманауи үлгіде қайта жаңғырды. Қазіргі заман талабына сай жабдықталған биология, информатика ка­бинеттері бар 200 орындық зәулім мектеп қабырғасында  бүгінде 225 оқушы білім алады.
Сапалы білім мен тәрбиені мақсат еткен мектеп басшысы Клара Мадиярова 2004 жылдан бастап  бүкіл бір мекеменің жауап­кершілігін өз қолына алып келеді. Клара Уәйісқызы тәуелсіздігіміздің 26 жылдығына орай Білім министрлігінің Құрмет грамотасына ие болса, бірнеше рет облыстық білім басқармасынын, аудандық білім бөлімінін Құрмет грамоталарымен, Алғыс  хаттарымен марапатталған.
Жүз жылдық тарихы бар мектепте айта берсек ауыз талатын жетістіктер жетіп артылады. Басшы да, ғалым да, кәсіпкер де, спортшы да, ақын мен жазушы да қанаттанып шық­қан білім ордасы–З.Шүкіров атындағы №20 орта мектебіне биыл тура 100 жыл толып отыр. Тарихы бай білім ордасының жетістігі алдағы уақытта да толағай болсын дейміз.
Шаттық  Батаманова,
З. Шүкіров атындағы №20 орта мектебінің қосымша білім беру педагогы
21 мамыр 2019 ж. 2 286 0