Ұлағатты ұстаз бейнесі

Еңбек жолын 1984 жылдан бері осы мектепте бастаған ұстаз өзінің біліктілігімен, іскерлігімен, қай нәрсенің болсын шешімін елгезектігімен, қай мәселенің болсын тұйықтан шығар жолын бірден табар көрегендігімен көріне біліп, шеберлік қырынан танылып келеді. Ол өзінің еңбек жолында біршама жетістіктерге жетіп, мектепішілік, аудандық сайыстарға қатысып, мектептің абыройын көтеріп жүрген ізденімпаз ұстаз. Мәриямкүл Сағиданқызы білім беру саласындағы айрықша еңбегі үшін «Шығармашыл ұстаз» төсбелгісімен, «Қазақстан тәуелсіздігіне – 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталып, өзінен кейінгі жастарға үлгі болуда.
Осылайша жылдар жемісін беріп, ұстаздан тәлім алған шәкірттер білім ұясының абыройын асқақтатып, ұстаздың мерейін көтеріп келеді. Қазірдің өзінде Мәриямкүл Сағиданқызының шәкірттері әр салада маман иесі болып қызметтер атқаруда. Ол жай ғана ұстаз емес, өзінің зиялы ғұмырын бастауыш мектеп үшін, шәкірттері үшін еңбек етуге арнаған ұстаздардың ұстазы екенін толық айтуға болады.
Ұстаздық тәжірибесінде мыңдаған шәкіртті білім баспалдағымен шыңға өрлеткен парасатты педагог өзінің алтын ұясында аяулы жар, ардақты ана, асыл әже. Отбасының көркі мен ажары, анасы болып, берекесі мен бірлігін жарастыра білген жаны таза, кең пейілді еңбекқор жан. Педагогикалық ғұмырын бала тәрбиелеу ісіне арнаған, оқу мен тәрбиені ұштастырған, ақылшы да қамқоршы Мәриямкүл Сағиданқызына көңіліңіз қартаймасын, әйелдік нәзік қасиетіңізбен жасай беріңіз демекпін.
Адами қасиеті бөлек жанымызда жүрген жандарды құрметтеу, қадірлеу, еңбегін танытудың өзі бүгінгі күннің сыйы екенін ұмытпағанымыз абзал.
Л. ӘМІРЕЕВА,
№177 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі