2022– Балалар жылы: Рухани бағбан

Нұргүл Нәтиқызы «Кең болсаң, кем болмайсың» деген нақыл сөзді өмірлік ұстанымы санайды. 2003 жылы Алматы мемлекеттік университетін «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» бөлімі бойынша тәмамдап, еңбек жолын бастауыш сынып мұғалімі болып бастады. Содан бері шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытып келеді.
Ұстаздық жолында көптеген жетістікке жетіп, абырой биігінен көрінуде. Әр жылдары облыстық, аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен марапатталса, 2017 жылы «Ең үздік пән бірлестік жетекшісі» атанды. «Үздік сынып жетекші» атты республикалық сайыста ІІІ дәрежелі дипломын, сондай-ақ «Жазғы мектеп-2021» шарасына белсене қатысқаны үшін аудандық білім бөлімінің Алғыс хатын еншіледі. Өткен жылы республикалық білім сайтының ұйымдастыруымен өткен «Білім беру ісінің педагогі-2021» республикалық байқауында І дәрежелі дипломын иеленді және де басқа көптеген марапаттары жетерлік.
– Алғаш әліппенің бетін ашып әріп танытқан, өмірдің қыр-сырын білуге үйреткен, адамгершілік сынды асыл қасиеттерге баулыған алғашқы ұстазыма еліктеп, ұстаз болуды армандадым. Қашанда сол ойымнан айнымадым. Ұстаз болу көп еңбекті, шыдамдылықты, әділдікті талап етеді. Мен ұстаздықтың осындай ауыр жүгін арқалауды жүрек қалауыммен таңдадым. Ұлттық дәстүр мен салт-сананы берік сақтайтын, тіліміз бен ділімізді жалғастыратын саналы ұрпақ тәрбиелеу біздің, ұстаздардың міндеті деп ойлаймын, – деді апай ағынан жарыла.
«Ұстазы талантты болса, шәкірті талапты болады» деп халық даналығында айтылғандай, апайдың көптеген шәкірті облыстық, республикалық сайыстардың жеңімпазы атанды. 2019 -2020 оқу жылы мектеп бітірген үш шәкірті – Перизат Қырымтай, Ақнұр Әбжәми, Аяжан Кәрібаева «Алтын белгі» иегерлері атанып, апайға қажырлы еңбегі үшін «Біркөлік» шипажайына жолдама да табысталды.
«Егер мұғалім өн бойына, өз ісіне, шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жинақтаса, ол – нағыз ұстаз» деп орыс жазушысы Л.Н.Толстой айтқандай, мен апайдың әр өткізген сабағы мен сынып сағаттарынан өз шәкірттеріне деген үлкен сүйіспеншілікті көремін. Себебі апай әр сабағына үлкен дайындықпен, үлкен ізденіспен келеді. Ол кісінің ізденісін, әр сабаққа жасаған көрнекіліктерінен және сол көрнекіліктерді орынды қолдана алуынан көруге болады.
Мектеп өміріне қатысты әр жаңалыққа зер салып, үйреніп, сабақтарында қолданғанша тыным таппайды. Қазіргі заман талабына сай оқушыларымен жүргізілген бар жұмысын әлеуметтік желіге жүктеп, баспасөз беттеріне жариялап отырады. Былтырғы 2020-2021 онлайн оқу жылында да әлеуметтік желіге жүктелген апайдың әр сабағы мен сынып сағаттарынан үлкен ізденісті, өз ісіне деген үлкен жауапкершілікті көруге болады.
Апайдың тағы бір жақсы қасиеті, әріптестерінің қайсысына да болса көмектесіп, өзінен кейінгі жас ұстаздарға ақыл-кеңесін, ұтымды ойларын айтып, бағыт-бағдар көрсетіп отырады. Мен осындай әр ісінен үлгі алатын апаймен әріптес болғаныма қуанамын, мақтан етемін.
Жайнагүл АХМЕТОВА,
№231 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі,
Сексеуіл кенті