Мектеп – білім тірегі, ұстаз – оның жүрегі

Бақыт оқушыларға дәріс беріп қана қоймай, шәкірттерін адамгершілікке, мейірімділік пен имандылыққа тәрбиелеуді парызы санайды. Өйткені алдындағы тарыдай боп отырған балақай елдің ертеңгі болашағы екенін таниды.
– Мұғалім -бала жанының бағбаны» деген ұлағатты сөзді биік ұстаған ұстаз әр баланың жан дүниесін ұғынып, қиялы мен қабілетін дөп баса біледі. «Ұстаз болу табандылық пен төзімділікті талап етеді. Тіпті оқушыларымды көрмесем сағынып қалатын деңгейге жеттім. Бір сөзбен айтқанда, балалармен жұмыс істеуге үйреніп кеттім, - дейді Бақыт.
Ұқыптылық пен тазалықты басты қасиетіне балайтын Бақыт тәлім-тәжірибесін оқушыларына арнайды. Әр істі тыңғылықты атқаратын ол ата-аналармен де тығыз байланыста жұмыс істейді. Бала тәрбиесі жолында қолдан келер көмегін аямайды. Мұғалім өзінің ішкі жан дүниесін, оның байлығын оқушы алдында ашық та, анық көрсете біледі. Ол баланың адамгершілік қасиеттерін өсіретін, Отанға деген рухани сүйіспеншіліктерін арттыратын мәліметтерді жиі беріп отырады. Мұғалімнің сабақтары, түрлі шараларды үлкен ізденіспен, әзірлікпен, қазіргі заманға сай технологияларды пайдалана отырып бала жүрегіне әсер ететіндей етіп өткізеді. Осындай ұстаздар қатары көбейе берсе, білім алып жатқан балаларымыздың оқуға деген ынта-қызығушылықтары артады деп ойлаймыз.Оның шәкірттері, тілімізді, әдет-ғұрпымызды берік ұстанатын азаматтар боларына кәміл сенеміз. Болашақта да көптеген жақсы жұмыстарының куәсі болып жүруімізге жазсын дейміз.
Бақыттың еңбегі зор, адамгершілігі мол. Жақында ғана Республикалық «Үздік мұғалім еңбегі» атты жарыста өзінің шебер мақалаларымен сабақтарымен көзге түсіп «Өрлеу» ұйымының қолдауымен төс белгіге ие болды.Оның алға қойған мақсаттары орындалатынына , зор шығармашылық табыстарға жетеріне тілекшіміз!
Ф.Әбілова