Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіз елдің болашағы – білімді ұрпақ

Тәуелсіз елдің болашағы – білімді ұрпақ

Тәуелсіз еліміздің басты ұстанымы – болашақта еліміз дамыған алдыңғы қатарлы елдердің қатарынан көріну. Бұл мақсатқа жету үшін әрбір азаматты мектеп қабырғасынан білім берумен қатар, шынайы өмірге бейімдеп, кәсіби біліктілікке баулу қажет. Тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, егемендік еншілеген ұрпақ. Олардың болашақта ұлттық дәстүр мен салт-сананы берік сақтайтын, тіліміз бен ділімізді жалғастыратын, саналы да парасатты болып өсуінің бір кілті – ұстазда. Соның ішінде бастауыш сынып мұғалімі үшін кішкентей ғана әрбір үйдің ерке баласының жүздерінен не нәрсені білуге құштар, не нәрсеге бейімді екенін аңғару оңайға соқпайды. Себебі ұстаз – адам бағдарын жасаушы. Енді ғана мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіндердің сүйкімді де байсалды, ақылды жүздерін көрген кезде өзің де жаңа әлемге бет бұрғандай сезімде боласың. Себебі болашаққа сеніммен қарайтын шәкірттердің бізден күтері көп. Иә, қоғам отбасыдан құралады. Ал отбасы ата-ана мен баладан тұрады. Ата-ана үшін өмірдегі ең үлкен қуаныш бала болса, ұстаз үшін де сол шәкіртінен қымбат ешкім жоқ. Себебі баланың алдағы өміріне ұстаз да баланың болашағына бағыт беруші. Бастауыш мектеп – баланы оқуға үйрету мен тәрбиелеу, оның тұлға ретінде өзін-өзі ашуға, жалпы дамуының қалыптасуына жағдай жасайтын негізгі саты. Жалпы, адамның мектептегі білім алу кезеңі және тұтас педагогикалық үрдіс сапалы нәтижеге жету үшін бастауыш сыныптардағы оқу-тәрбие үрдісі казіргі заман талаптарына сай құрылуы шарт. Мектептегі кез келген жаңарулар бастауыш мектептен бастау алады. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді дана халқымыз. Мектептегі білім мен тәрбие беру негізі бастауыш сыныптардан басталады. Сондықтан бастауыш мұғаліміне қойылар талап пен жауапкершілік те салмақты.
Сол себепті оқушыға заман талабына сай білім беруде білім мен біліктілік талап етіледі. Барлық білімнің негізі бастауышта қаланатын болғандықтан, балаға жаңа инновациялық технологияларды тәсілдерді пайдалана отырып, білім берудің маңызы зор.
«Жас бала жаңа өркен жайған жасыл ағаш тәрізді» дейді халқымыз. Жалпы, шығармашылық туынды өмірге келгенге дейін ұстаз шәкірттің өнеге тұтар ақылшысы, пікірлес бапкері болуға тиіс. Қазіргі кезде ерекше білімді қажет ететін оқушылар мен қашықтықтан болсын түрлі сайыстар, жұмыстар жүргізіліп оқушыларымыз жетістік шыңдарынан көрінуде. Бұл да болса әрбір мұғалімнің ерен еңбегі деуге болады. Мектепте әрбір баланың қабылдауына қарай жұмыс жасап, кішкене болса да сабаққа деген ынталарын ашу мақсатында мектеп дефектологымен қоса психолог мамандар да бірлесіп қосымша сабақтар жүргізіп отырады.
Оқушы шығармашылығы үнемі ұстаз, сынып ұжымы тарапынан қолдау тауып отыру керек. Қазақта «Тамыздығын тапсаң, тас та жанады» деген сөз бар. Себебі біздер өмірдің жай ғана адамын емес, тәуелсіз еліміздің сәулетті болашағын тәрбиелеудеміз. Бүгінгі білім мен білік бәсекелес заманда ұландарымыздың биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткізе аламыз.
Әйгерім МҰРАТОВА,
№220 орта мектеп мұғалімі
28 наурыз 2021 ж. 3 299 0