Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ШАХМАТ ШЕБЕРІ САҒЫНЫШ

ШАХМАТ ШЕБЕРІ САҒЫНЫШ

Әрбір мемлекеттің болашағы мектебінде шыңдалады. Болашақта ел тізгінін ұстар азаматтар–бүгінгі мектеп оқушылары. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт болашағы білімді ұрпақ қолында» деген сөзі бізге жарқын болашаққа апарар жолды меңзеп тұрғандай. Шын мәнінде, бүгінгі жас–ертеңгі елдің мызғымас тірегі, келешек келбеті. Сол себепті, олардың білімді, бәсекеге қабілетті, жан-жақты әлеуметтенуі ел дамуындағы аса маңызды фактор болып табылатыны анық. Осындай болашағынан үлкен үміт күттіретін жастарымыздың бірі–Сағыныш Бармағанбетов. Биылғы жылы ол көптің ішінен суырылып шығып, ауданымыз бойынша мектеп бітіруші түлектер арасында 130 балл жинап, өзінің білімділігін көпке дәлелдеді.
Жастайынан шахматқа үйір Сағыныш, сыныбының оқу озаты әрі үлгілі оқушысы болды. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ, республикалық, облыстық шахмат ойыны сайыстарынан бас жүлдені қанжығасына байлап, туған жердің мерейін үстем етіп жүрді. Талапты жас жайлы айтар болсақ, Сағыныш 2000 жылы Арал қаласында дүниеге келді. 2006 жылы қаламыздағы №62 орта мектебінің 1 сыныбына қабылданып, әкесі Мейірханның жетекшілігімен шахматты үйрене бастады. Сағыныш үздік білім жетістіктерімен қатар, шахматтан «Үздік ойыншы» атағына ие болып, «Спорт шеберлігіне үміткер» атанды. Облыстық шахматтан оқушылар арасындағы спартакиада І орынды иеленіп, «Үздік ойыншы»номинациясымен марапатталды. Пәндік олимпиадалардан да жеткен жетістіктері көп-ақ. Мәселен,  2016 жылы 8-10 сынып оқушылары арасында өткізілген аудандық А.Жұмаділдаев атындағы математика пәні олимпиадасында  І орынды жеңіп алса, келесі жылы математика, физика, биология, химия пәндері бойынша 11 сынып оқушылары арасында өткізілген  ІХ Президенттік олимпиаданың аудандық кезеңінде І орынға ие болды. Сондай-ақ, 11 сынып оқып жүргенінде математика, физика, биология, химия пәндері бойынша   жоғарысынып оқушылары арасында өткізілген ІХ Президенттік  олимпиаданың облыстық кезеңінде І орынды қанжығасына байлады. Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің математика факультетінде оқып жатыр. Ұстазы Баянсұлу Әділова Сағыныштың  мектептегі ең үздік, талапшыл, намысшыл оқушылардың бірі екенін айта келе, Ұлттық бірыңғай тестілеу кезеңінде өзінің жан-жақты білім иесі екенін дәлелдеу үшін, талмай еңбектеніп, ізденгенін айтты.  Сын сағаты жақындаған сәтте қандай жаңа сұрақ болса бүкіл сайттардан қарап, оқулықтар арқылы тесттер құрастырып әкелетінін және тек қана дайын кітаппен жаттамай, барлық оқулықтарды, барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, бір сұрақтың жан-жақты жауаптарымен дайындалып, жоғары жетістікке қол жеткізгенін жеткізіп, онымен әркез мақтанатынын айтты.
Иә, биылғы «Алтын белгі» иегері С.Бармағанбетов бізбен әңгімесінде:
–Халқымызда «Жас кезінде білім берсең қалайда, Өсе келе қолы жетер талайға» – деген даналық сөз бар. Бала болашағы –  бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның, халықтың, тұтас  бір ұлттың бүгінін ертеңімен  жалғайтын алтын көпір, асыл мұраты. Сондықтан, ұстаз алдындағы  әр шәкірт  ата-ананың ғана емес, туған  елінің ертеңгі арқасүйер  азаматы,  төл ұлтының туын көтерер перзенті. Мен де осы бір жақсы атқа лайықты болуым үшін, білімімді тереңдетіп, елімнің дамуына өзіндік үлесімді қоссам деген жолда оқып жатырмын. Сол секілді, заман өзгерісіне қарай өзге де оқушылардыңбасты мақсаты–мектеп табалдырығында жүріп терең білім алуы болуы қажет. Және де тек сабақта алған біліммен шектеліп қалмай, көп ізденіп, таңдаған пәндері негізінде шығармашылықпен жұмыс жасап, дамыған елдердің азаматтарымен бәсекеге қабілетті болатындай етіп білімдерінің көкжиегін кеңейтулері керек деп ойлаймын. Осы мақсатқа жету үшін әрбір оқушы білімнің қажет екенін жіті түсінсе, оны тереңірек меңгеріп кету еш қиындыққа соқпайды. Мен өзім математика пәнін жақсы көремін. Әсіресе, математикадан, физикадан есептерді шешкенді жаным сүйеді. Кез келген жерде математикаға ықыласы бар жеткіншектерді көрсем, ылғи да есептеулер жүргізіп, көп таңбалы сандарды оқуды үйретемін және сандар тарихын зерттеуге баулимын. Болашақта осы жоғары оқу орнын Қызыл дипломмен тәмамдап, ғылыми жобалармен айналыссам деген мақсатым бар-деді.
Иә, тағы бір айта кетерлік жайт, Бармағанбетовтер әулеті ауданымыздағы шахматшылар отбасы болып саналады. Олай дейтініміз, отағасы Мейірхан өзінің бес баласын бірдей бүгінгі күні аудандық, облыстық, республикалық шахмсат ойыны  сайыстарынақатыстырып жүр. Талай додалы жарыстардан жүлделі орындармен оралып жүрген оларда спорт шеберлігіне үміткер.
         Света Үсенқұлова.
25 мамыр 2018 ж. 1 697 0