Жансүгіров оқуларының жүлдегері
Жыл сайын дәстүрге айналған республикалық Ілияс Жансүгіров оқуларының аудандық кезеңінен төрт бағам бойынша бірінші орынды иеленген №262 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Аружан Маскубаева облыстық кезеңде де аудан үмітін ақтап, жүлделі ІІІ орынға ие болды.
Аружан – ақындық қабілеті бар, білімде де, өнерде де болашағынан үлкен үміт күттіретін талапты шәкірт. Додалы сайыстардан үнемі жеңіспен оралатын талантты қыз биыл Тілдер мерекесі қарсаңында өткен жас ақындар мүшәйрасы мен «Нашақорлықпен күрес» күніне орай өткен жарыста бас бәйгені қанжығасына байлап, бағалы сыйлыққа ие болды. Бұл ретте, ұстазы Ш.Нұрымбетованың еңбегі зор. Шоқ көрсе үрлеп, от көрсе маздатуға ықпал етіп жүрген ұстазы талай ақынжанды шәкірттеріне жол сілтеп, биік белестерден көрінулеріне ықпал етіп келеді.Сонымен қатар, баланың жеңіске жетуіне ата-ана да себепші болады ғой. Сол секілді, Аружанның ата-анасы да үнемі мектеп ұжымымен тығыз байланыста бола отырып, ұдайы қыздарына қолдау көрсетіп отырады.
Біз де өлең-жырға әуес, ақындық қабілеті бар Аружанға шығармашылық табыс тілеп, қаламың ұштала берсін демекпіз.
С. Артықбай.