Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаламгер атындағы турнир

Қаламгер атындағы турнир

Қырдағы алақандай ауылда жарық дүние есігін ашып, шығармашылық ортаға құлаш сермеген Қази Данабаевтай перзентін туған елі мақтан тұтады. Бүгінде бала Қазидың балдәурен қызықты шақтарына куә болған ауылдағы көшелер мен сай-салалар әлі күнге танымы биік ақын, қаламы ұшқыр журналисін іздейді.Қази Соңғыбайұлы Данабаев 1951 жылы Арал ауданы Қарақұм ауылында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ, қалам мен қағазды жанына серік еткен бала ауыл өміріне араласа жүріп, өзінің тырнақалды туындыларын дүниеге әкелді. Ол алғаш еңбек жолын кіндік қаны тамған өңірде мұғалімдік қызмет атқарудан бастайды. Жылдар өте облыстық кәсіподақ шығармашылық ұйымының директоры, облыстық телерадио хабарларын тарату компаниясында аға редакторлық қызметтерін абыройлы атқарған. Мұнан кейін өмірінің соңына дейін облыстық «Сыр бойы» газетінде жұмыс жасап, сан түрлі тақырыптарға қалам тербеді. Ол «Жалын» баспасының екі мәрте жүлдесін иеленіп, «Гүлдәурен», «Қыран қия» секілді бірнеше кітаптарын жарыққа шығарған. Осындай артына өшпестей із қалдырған Қази Данабаев ағамыздың құрметіне Ерімбетжаға елді мекеніндегі №18 негізгі мектебінде ауыл жастарының қатысуымен «Ел перзентін ұлықтайды» атты волейболдан еске алу турнирі өткізілді. Турнирге «Ауыл жастары», «Студент жастар», «Мектеп ұжымы», «Мектеп жеткіншектері» атты ауыл тұрғындарынан құралған төрт команда қатысты. Турнирдің ашылу салтанатында мектеп директоры Ж.Махамбетов және ауыл ардагерлері А.Меңдіқұлов, А.Тұржановалар және ақынның бауыры Б.Кәдірбекова ақын өмірінен естелік сыр шертіп, турнир қатысушыларына сәттілік тіледі.
Осылайша, ауыл өміріндегі бейнетке толы қарбалас шақты бір сәтке болса да ұмыттырған турнир нәтижесінде «Ауыл жастары» І орынды иеленді. Ал, мұнан кейінгі жүлделі ІІ орынды «Мектеп ұжымы» иеленсе, «Студент жастар» командасы ІІІ орынды еншіледі. Жүлделі орыннан көрінген командалар марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды.
Е.Сейдалиев,
мектеп оқушысы.
13 ақпан 2018 ж. 1 794 0