Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сәтбаевтан жеңіспен оралды

Сәтбаевтан жеңіспен оралды

Ауданымызда жастайынан жерлестерін жеңістерімен қуантып, Аралдың абыройын асырып жүрген жігерлі спортшыларымыз жетерлік. Бұл сөзімізге жақында ғана Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласында сәтті өнер көрсеткен балғын боксшыларымыз айқын дәлел бола алады. Төрт күн бойы тегеурінді қарсыластарынан басым түсіп, №19 Арал аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің спортшылары тағы бір мәрте мерейімізді үстем етті. Бокс ардагері Есіркен Түсіповтің құрметіне арналған 2004-2005 жылдары туылған жасөспірімдер арасындағы республикалық жарыста былғары қолғап киген өрендеріміз үш бірдей медаль еншілеп қайтты. Атап айтар болсақ, 34 килограмм салмақ дәрежесінде Сұлтанәлі Жарылқасынов пен 42 килограмм салмақта өнер көрсеткен Ринат Азизов алтыннан алқа тақса, 48 килограмдағы Мұратбек Үргенішбаев күміс медальды қанжығасына байлады. Жеңімпаздардың бапкері Мұрат Еділбаев шәкірттерінен әлі де үлкен үміт күтетіндігін мақтанышпен айтты. Тауық жылын жеңіспен түйіндеген жас спортшыларымыздан алдағы уақытта біз де тек қана жеңіс күтеміз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ.
26 желтоқсан 2017 ж. 1 637 0