Бағыты айқын Бақыт

Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, олардың бойына жақсы қасиеттерді дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар нұсқауда ұстаздың еңбегі орасан. Әсіресе бастауыш сынып мұғалімдеріне артылар жүк ауыр. Сондай жауапкершілікті сезіне біліп, еліміздің білім беру саласында өзін жақсы қырынан көрсете білетін жандардың бірі – жас, жаңашыл ұстаз Бақыт Өтемұратова. Ол бүгінде қаладағы №83 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі. Бақыт оқушыларға дәріс беріп қана қоймай, шәкірттерін адамгершілікке, мейірімділік пен имандылыққа тәрбиелеуді өзіне парыз санайды. Өйткені алдындағы тарыдай боп отырған балақай елдің ертеңгі болашағы екенін таниды.
– «Мұғалім – бала жанының бағбаны» деген ұлағатты сөзді биік ұстаған ұстаз әр баланың жан-дүниесін ұғынып, қиялы мен қабілетін дөп баса біледі. Ұстаз болу табандылық пен төзімділікті талап етеді. Осы бір мерейлі қызмет мен үшін осынысымен қызық. Тіпті оқушыларымды көрмесем сағынып қалатын деңгейге жеттім. Бір сөзбен айтқанда, балалар мен жұмыс істеу менің жан қалауым, – дейді Бақыт.
Ұқыптылық пен тазалықты басты қасиетіне балайтын Бақыт тәлім-тәжірибесін оқушыларына арнайды. Әр істі тыңғылықты атқаратын ол ата-аналармен де тығыз байланыста жұмыс істейді. Бала тәрбиесі жолында қолдан келер көмегін аямайды. Өзінің ішкі жан-дүниесін, оның байлығын оқушы алдында ашық та, анық көрсете біледі. Ол баланың адамгершілік қасиеттерін өсіретін, Отанға де ген рухани сүйіспеншіліктерін арттыратын мәліметтерді жиі беріп отырады. Дәріс пен түрлі шараларды үлкен ізденіспен, әзірлікпен, қазіргі заманға сай технологияларды пайдала на отырып бала жүрегіне әсер ететіндей етіп өткізеді. Осындай ұстаздар қатары көбейе берсе, білім алып жатқан балаларымыздың оқуға деген ынта-қызығушылығы артады деп ойлаймын.
Бақыттың еңбегі зор, адамгершілігі мол. Жақында ғана республикалық «Үздік мұғалім еңбегі» атты жары ста өзінің шебер мақалаларымен, сабақтарымен көзге түсіп, «Өрлеу» ұйымының қолдауымен төс белгіге ие болды. Одан бөлек Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Л.Төрешованың Алғыс хатын иеленді. Оның алға қойған мақсаттары орындалатынына, зор шығармашылық табыстарға жетеуіне тілекшіміз.
Ф. ӘБІЛОВА,
Арал қаласы